«Қазақстан Тәуелсіздігі және Елбасы» конкурсына қатысқан журналистерді марапаттау рәсімі өтті

893

2018 жылғы 11 желтоқсанда бұқаралық ақпарат құралдары қызметкерлерінің арасында жыл сайын жарияланатын «Қазақстан Тәуелсіздігі және Елбасы» атты ашық шығармашылық конкурстың қатысушыларын марапаттау салтанаты өтті, деп хабарлайды kazgazeta.kz«Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті — Елбасының кітапханасы» ММ баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Тәуелсіздік жылдарында еліміздің қол жеткізген жетістіктері мен «Назарбаев моделін», Елбасының идеялары мен бастамаларын кеңінен таратуға негізделген байқауды Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президенті – Елбасының кітапханасы мен Қоры ағымдағы жылдың мамыр айында жариялаған болатын. Өтінімдер 1 маусым мен 10 қазан аралығында қабылданды.

Марапаттау рәсіміне Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президенті – Елбасы қорының директоры, Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының депутаты, Халықаралық қатынастар, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің төрағасы Дариға Назарбаева, Қазақстан Республикасы Президенті Кеңсесінің бастығы – Елбасы кітапханасы директорының міндетін атқарушы Махмұд Қасымбеков, сондай-ақ конкурс комиссиясының мүшелері – белгілі саясат және қоғам қайраткерлері, түрлі БАҚ салаларының мамандары қатысты.

Биыл еліміздің түкпір-түкпірінен байқауға 564 жұмыс қабылданып, бұқаралық ақпарат құралдарының 120-дан астам өкілі қатысты. Олардың арасында елімізде аккредиттелген өзге мемлекеттің журналистері де бар. Осы тұста шетелдік ақпарат құралдары өкілдерінің байқауға қызығушылығы бізді қуантпай қоймайды. Сондықтан, комиссия мүшелері байқауға халықаралық деңгей беруді бірауыздан қолдап отыр. Енді шетелдік журналистер «Шетелдік БАҚ-тағы үздік жарияланым» атты халықаралық номинацияға қатыса алады. Сондай-ақ, байқауға келіп түскен жұмыстардың сапасы мен тереңдігін атап өткім келеді. Көркем тілмен жазылған мазмұны терең бұл жарияланымдар тәуелсіздік жылдарында еліміздің қол жеткізген жетістіктерінен сыр шертеді, – деп Дариға Нұрсұлтанқызы қатысушыларды келе жатқан Тәуелсіздік күні мерекесімен құттықтады.

«Қазақстан Тәуелсіздігі және Елбасы» конкурсының ұйымдастырылып жатқанына биыл үшінші жыл. Оған келіп түсіп жатқан өтінімдердің саны жыл

сайын өсіп келеді. Алғашқы екі жылда байқауға 365 және 447 жұмыс қабылданды. 2018 жылғы жұмыстардың саны 564-ке дейін өсті. Сондай-ақ, «Үздік телевизиялық материал», «Үздік радиоматериал», «Газеттер мен журналдардағы үздік мақала», «Ғаламтор-БАҚ- тағы үздік жарияланым» номинацияларына биыл елорданың 20 жылдығына арналған «Ел жүрегі – Астана» номинациясы қосылды.

«Газеттер мен журналдардағы үздік мақала» номинациясы бойынша келесідей қатысушылар жеңімпаз атанды:

І орын – Анастасия Прилепская («Казахстанская правда» газеті, Астана);

ІІ орын – Динара Желдібаева («Түркістан» газеті, Алматы);

ІІІ орын – Жолдыбай Базаров («Егемен Қазақстан» газеті, Астана).

Шыны керек, қуанышымда шек жоқ. Қуанышыма себепкер болған Елбасының Кітапханасы мен Қорына айтар алғысым мол. Байқауға қатысқан жұмыстарым Мемлекет басшысының егемен еліміз бен бас қаламыздың қалыптасуындағы рөлін, Елбасымыздың жүргізіп жатқан реформалары мен ел ертеңіне байланысты оң шешімдерін сипаттайды. Олардың мойындалып, жоғары деңгейдегі байқаудың жеңімпазы атануыма түрткі болуы мен үшін үлкен абырой, — деді Анастасия Прилепская.

«Үздік телевизиялық материал» номинациясының жеңімпазы болып Ержан Қалымбайұлы («Қазақстан» РҚТР, Астана) атанды. ІІ, ІІ орынды Сәния Көпжасарова («Қазақстан» РҚТР, Көкшетау) мен Александр Дрёмов («Далгер» ЖШС телеагенттігі, Өскемен) қанжығасына байлады.

«Үздік радиоматериал» номинациясында келесі қатысушылар топ жарды:

І орын – Жанат Жанұзақов («Qazaq radiosy», Астана);

ІІ орын – Бақытжан Жармұхамбетов ( «Qazaq radiosy», Алматы);

ІІІ орын – Ольга Асхожина ( «Астана» радиосы, Астана).

«Ғаламтор-БАҚ-тағы үздік жарияланым» номинациясының І орын жеңімпазы болып Айнур Шошаева («Elorda Aqparat» порталы, Астана) атанды. ІІ, ІІІ орын Арман Сүлейменов («Қазақстан тарихы» порталы, Астана) пен Ирина Плотниковаға ( «YK-news.kz» порталы, Өскемен) бұйырды.

Ризашылығымды сөзбен айтып жеткізе алмаспын. Келе жатқан мерекелер қарсаңында бұл жеңісім тағдырдың сыйындай болды. 500-ден астам жұмыс қатысқан байқау қатысушыларының үздігі атану – үлкен марапат. Мұндай жеңіс қуаныш сыйлап қана қоймай, жоғары мақсаттарға жетелейді, — деді Айнұр Шошаева.

«Ел жүрегі – Астана» номинациясы бойынша І орынды Берік Әбішев (Президент ТРК, Астана) алды. ІІ, ІІ орынды Азамат Тілепов («Qazaq radiosy», Астана) мен Айгүл Альжаксина («Вечерняя Астана» газеті, Астана) иеленді.

Топ жарған жеңімпаздар бірінші орын үшін 1 миллион теңге, екінші және үшінші орынға – 500 мың, 200 мың теңге көлемінде сыйақы алды. Олардың барлығы төсбелгі мен дипломдармен марапатталды.

Іс-шараны «Астана Опера» мемлекеттік опера және балет театрының әртістері әуезді әндермен әрледі.

Комиссия мүшесі ретінде байқау жұмыстарына қатысу көп дүниені бақылауға көмектеседі. Ұйымдастырушылар қатысушылардың талғамы мен ұстанымдарын қалыптастыра түседі. Мұның арқасында байқауға келіп түсіп жатқан жұмыстардың сапасы, мазмұны, стилі жылдан-жылға жақсарып келеді. Бұрын жұмыстардың басым көпшілігі белгілі бір оқиғаға арналған ақпараттық материалдардан тұратын болса, олардың бүгінгі мазмұны тарихи, саяси, сарапшылық талдауға ие. Осы тұста елорданың 20 жылдығына арналған номинацияны атап өткен абзал. Кез келген мемлекет үшін астанасының тарихы маңызды әрі құнды болуы тиіс. Бас қаланы қысқа уақыттың ішінде тұрғызып үлгерген қандай ел бар? Бүгінде қалалар мен мемлекеттердің, түрлі өркениеттердің күйреп жатуы өкінішті. Осы тұрғыда Қазақстан әлем үшін жасампаздықтың, бірлік пен бейбітшіл өмірдің үлгісіне айналып отыр. Бұл ақиқаттың байқау жұмыстарынан көрініс тапқаны бізді қуантады, — деді Артур Платонов.




ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Сіздің электронды пошта жарияланбайды. Қатарды міндетті түрде толтырыңыз *