Астанада Жайдарман жоғары лигасының финалы өтеді

822

«Жайдарман» ойындарының республикалық Жоғары лигасы  «Жарасым» маусымындағы соңғы сайысына келіп жетті. Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігінің қолдауымен Қазақстан КВН Одағы ұйымдастырған  финал 14 желтоқсан күні «Қазақстан» орталық концерт залында өтеді, — деп хабарлайды kazgazeta.kz ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап. 

«Жайдарман» ойындары жастардың шығармашылық алаңы ғана емес, қоғамдағы түйткілді мәселелерді әзілмен астарлай жеткізетін өнер додасына айналған және қазақстандықтар сүйіп көретін телевизиялық жоба ретінде қалыптасты.

«Жайдарман» алаңының мектеп жасындағы жеткіншектермен қатар студенттерді, жұмысшы жастарды топтастырғаны көңіл қуантады.

«Маусымашар-2018» фестивалінен республикалық жоғары лигаға іріктелген 20 команда арасынан маусым бойы үздік өнер көрсеткен 5 топ чемпиондық кубок үшін бақ сынасады. Атап айтсақ, Шымкент қаласынан былтырғы маусымның вице-чемпиондары «Байдың балалары» және биыл тәжірибелі жайдарманшылардан құрылған «ОҚМПУ құрамасы», алғаш рет жоғары лига финалына жолдама алған  маңғыстаулық «Боранқұл», оралдық «Грант» және 2015 жылғы премьер лига чемпионы ұлттық Дельфий комитетінің ақтөбелік «Фемида» құрамасы.

Ойын «Сәлемдесу», «командалық жамбы ату» және «танымал тұлғамен үй тапсырмасы» сайыстары бойынша «Өзге емес өзім айтам өз жайымды» жалпы тақырында өтеді.

Қазылар алқасында белгілі сатирик Көпен Әмірбек, тележүргізуші Дана Нұржігіт,  Берік Уәли, «Жас Отан» жастар қанатының атқарушы хатшысы Дәулет Кәрібек, продюсер-актер Нұрдәулет Шертім бар.




ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Сіздің электронды пошта жарияланбайды. Қатарды міндетті түрде толтырыңыз *