КӨЗГЕ КӨРІНБЕЙТІН АЛЫПТАР

343

Дөңгеленген дүние қызығы мен шыжығы араласып жұмыр басты пендені өзіне баурайды, кейде күйбең тіршілігімен күйзелтеді.Тентектерді тезге салып,тентірегендерді жөнге салар өмір керуені ешкімді күтпек емес.Жаратқанның жазмышымен  маң-маң басып кетіп барады. Қолда барда алтынның қадірі болмағаны секілді , кейде жаныңдай жақын адамдар қасыңда кезде олардың қадіріне жетпейсің.Келместің кемесіне мініп, өмір жағалауынан алыстағанда барып қана олардың қаншалықты маңызды болғанын   кеш түсінетініміз өкінішті. Дегенмен оны өзгерту, барымызды барында бағалау, жылы сөзің мен ақ пейіліңді уақытында жеткізу , мерейін асырып, абыройын асқақтату өз қолымыздағы шаруа . Ол  үшін көретін көз және қызғанбайтын жүрек керек. Оның үстіне  сол азаматтар ұрпақ тәрбиесінде қызмет атқарып келе жатса – қанша еселеп айтып, құрметтесек те артық емес. Себебі  өскелең ұрпақ –ол кез-келген мемлекеттің болашағы,тірегі.

Осы орайда  саналы әрі сапалы ұрпақ тәрбиелеу үдерісінде аянбай еңбек етіп келе жатқан әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық Университетінің ұстазы Сүлейменова Гүлсім Сейілханқызы сөз қозғағалы отырмын. Бұл кісі туралы жазуымыз жайдан-жай емес. Қарашаңырақта 50 жыл бойы қызмет атқарып келе жатқан ұстаз әлі шаршамақ емес , жүрісі тың, әрекеті шапшаң. Ұстаздық еткен жалықпас,үйретуден балаға деген мақал осы кісілерге арналғандай. Гүлсім Сейілханқызын осынша уақыт бойы қиын да ,жауапкершілігі мол жұмыста ұстап тұрған нәрсе —  өз ісіне деген махаббат болса керек. Себебі мектепте ағылшын тілін оқып, оны жақсы көріп, ҚазҰУ-ға  филология факультетіне түсіп, оны үздік тәмамдаған болашақ оқытушы 1968 жылдан бері ҚазҰУ-да  қызмет етіп келеді. Өмір –керемет, ол бір рет қана беріледі, сондықтан оны барынша тамаша етіп сүру керек деп білетін ұлағатты ұстаз елбасымыздың қыздарына  дәріс оқығанын айтпаған күннің өзінде , әлемнің түкпір-түкпірінде қызмет етіп жүрген шәкірттері оның студенттеріне деген еңбегін ұмытпай әрқашан хәл ахуалын сұрап тұратын көрінеді. Еліміз тәуелсіздік алған кезде президенттің шетел журналистерімен өткізген алғашқы сұхбатын аударған да осы кісі.1990  жылы өткен халықаралық  екі антиядролық конгрессте елбасы мен Олжас Сүлейменовты, 1993 ОБҚ(ЦРУ) қызметкерлері мен ФТБ(ФБР) өкілдерін Қазақстандық партия өкілдерімен кездесуін, ЮНИСЕФ және т.б. халықаралық ұйымдарды, Хилори Клинтон,Уильям Кортни сияқты саяси қайраткерлерді  ілеспе аудармамен аудару қызметі Гүлсім Сейілханқызына сеніп тапсырылған болатын. Бұдан байқағанымыз  ұстаздық қызметпен қатар  тілмаштық қызметті қатар алып жүрген   университет оқытушысы өзіне артылған жұмысты үлкен жауапкершілікпен атқарған.

БҰҰ-ның Қазақстандағы елшілігі ашылып жатқанда да Гүлсім Сейілханқызы сонда қызметке шақырылған болатын, елшіліктер де өз шақыруларын тоқтатпаған , дегенмен студенттеріне деген қимастық, ынтықтық оны университетте қалдырды. Міне биыл оқытушылық мансабына жарты ғасыр уақыт болыпты, 50 ЖЫЛ- бұл бір адамның өмірі дерсіз. Ал бұл кісілер әлі біздің қатарда, ұстаздар, жол көрсетушілер қатарында. Бағындырған белестерін тізбектей берсең тауыса алмайтын  Гүлсім Сейілханқызы сияқты кісілер марапат пен қол шапалақтар күтпейді, олар жай ғана өз жұмысын жасай береді , жасай береді , ең бастысы сапалы әрі жұмысына деген үлкен махаббатпен  жасап келеді. Оларға ең бастысы шәкірттерінің биік белестерден көрінгені, ұстазынан озғаны , олардың ыстық ,адами ,шынайы ықыласы. Ұстазбын деген адамға қызығатын дүние болса ол — осы  шығар. Көзге көрінбейтін алыптар …




ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Сіздің электронды пошта жарияланбайды. Қатарды міндетті түрде толтырыңыз *