Алматы қаласындағы ХҚО-дағы «Тілектер шыршасы» отыз баланың арманын орындады

477

Жаңа жыл қарсаңында бүлдіршіндердің тілек хаттары ілінген шырша Алматының Марков көшесі, 44 мекенжайында орналасқан ХҚО-да орнатылды.  Бұл туралы «Азаматтарға арналған үкімет» коммерциялық емес акционерлік қоғамы Алматы қаласы филиалының Баспасөз қызметі хабарлады.

Қайырымдылық шарасын қоғамдық ұйымдар, танымал тұлғалар, атақты спортшылар, эстрада жұлдыздары, бизнесмендер қолдап келді. Аяз атаға 30 ға жуық бала хат жазыпты. Олардың ең кішісі -2 жаста, ең үлкені – 16 жаста. Олардың бәрі бірдей ертегідегі атаға сенбесе де, тілектері орындалады деп үміттенеді. Қайырымдылық жасап, бүлдіршіндердің арманын орындаушы «сиқыршы жандар» «Тілектер шыршасында» балалармен бірге болды.

Корпорацияның Алматыдағы филиалының PR-менеджері Жаңыл Әпетованың айтуынша, «Тілектер шыршасы» – қала тұрғындарының толық емес және аз қамтылған отбасыларынан шыққан балаларға қуаныш сыйлауға мүмкіндік беретін шара. «Балалардың қалауы әртүрлі. Олар ойын ноутбугын, трансформер машина, сөмке, велосипед, доп, конструктор, шана, сағат,сөйлейтін қуыршақ секілді бала ойыншықтарын сұраса, енді бірі Денис Тен секілді атақты конькиші болу арманын орындауға, конький сыйлауды сұрапты. Тағы бірі үй ішіндегі көп баланың бәріне бірдей қалаған киімін алып беруге анасының шамасы жетпейтінін айтып, жақсы кеудеше, көйлек, бас киім сыйлауды сұраған. Тілек хаттардың ішінде экраннан көріп жүрген сүйікті актерлері Фархат Абдраимовпен, әйгілі спортшы, әлем чемпионы Қанат Исламмен кездесіп, фотоға түсуді армандайтындарын айтқан.

Әрине, біз олардың барлық тілегін қанағаттандыруға тырыстық», – дейді Жаңыл Амантайқызы.

Шараға қазақтың кәсіпқой боксшысы, әлем чемпионы Қанат Ислам, киносүйер қауымның кумиріне айналған танымал актер, продюсер Фархат Абдраимов, танымал эстрада әншісі Роман Майғазиев, Халықаралық «Жанашыр» қорының өкілі Жазира Амантайқызы қатысып, балалардың тілектерін орындап, сыйлықтар тапсырды, ән-күйден шашу шашты.

Олар бүлдіршіндерді шат-шадыман әсерге бөлеп қана қоймай, жан жылуымен бөлісіп, бала үмітін ақтап, армандарына қанат бітірді. Ал Аяз Ата мен Ақшақар мейрамның сәнін келтіріп, бүлдіршіндердің көңіл хошын көтерді.

 




ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Сіздің электронды пошта жарияланбайды. Қатарды міндетті түрде толтырыңыз *