МАҚТААРАЛДА АУДАН ӘКІМІНІҢ ДӘСТҮРЛІ ШЫРШАСЫ БОЛЫП ӨТТІ

344

Мақтаарал ауданының білім беру ұйымдарындағы оқушылар арасында аудан әкімінің 2019 жаңа жыл мерекесіне арналған «Жаңа жылға саяхат» атты іс-шарасы «Алтын шаңырақ» салтанат сарайында болып өтті.

Аудан әкімінің дәстүрлі шыршасы балалардың қуаныштарын еселей отырып, оларға ерекше көңіл-күй, шаттық сыйлады. Салтанатты шарада аудан басшысы Асанов Бақыт Насырханұлы мерекені ашып беріп, кіріп келе жатқан жаңа жылға арналған игі тілектерін білдіре отырып, мерекеге жиналған балаларға арнайы сыйлықтарын тапсырды.

«Қымбатты балалар! Сендерді келе жатқан жаңа 2019 жылмен кіршіксіз көңіліммен, ыстық ықыласыммен құттықтаймын. Жаңа жыл – қашанда әр адамның жүрегіне жаңа үміттер мен аппақ армандар ұялататын, ғажайып қиялдарға қол создыратын сүйікті мерекеміз. Сондай-ақ, жаңа жыл барша балалар үшін де асыға күтетін қуанышты мереке. Бұл күн болмыстағы бояудың барлығын үміттен, қуаныштан, махаббаттан алып, айналаға нұр болып шашылып, әр шаңыраққа шуақ болып тарайды. Жаңа жылда денсаулықтарың күйлі-қуатты, бақыттарың баянды, көңіл-күйлерің тамаша болсын!» — деді Бақыт Насырханұлы.

Аудандық білім бөлімінің ұйымдастырумен өткен шыршада аудандық мәслихат хатшысы Қ.Сәрсекбаев, аудандық білім бөлімінің басшысы Серік Туребеков пен білім саласы қызметкерлерінің кәсіподақ ұйымының төрағасы Алданияз Жолдасовтар өз тілектерін білдіре отырып, оқушыларды жаңа жылдық сыйлықтарымен қуантты.

Ауданымыздағы Халықаралық, Республикалық, Облыстық байқаулардың жеңімпаздары болып жүрген өнерлі оқушылар өз өнерлерімен мерекенің сәнін келтірсе, Шымкент жастар театрынан келген өнерпаздардың сахналық қойылымы балаларды шаттыққа бөледі.

Мерекелік іс-шараның жоғарғы дәрежеде өтілуіне «Алтын шаңырақ» салтанат сарайының иесі Қонарбаев Сұлтан, «Халық Ойл» АЗС директоры Қанаев Жарқынбек Ережепұлы, «Бахтияр» сауда орталығының иесі Тағаева Замира, «Прогресс — 2009» ЖШС мақта зауытының директоры Құрақбаев Болат Жұманұлы, «Хлопкопром — Юл» ЖШС директоры Асанов Сәрсенбай Сахұлы, жеке кәсіпкер Дүйсенбиев Бахыт мырзалар демеушілік жасап, балаларды ерекше қуанышқа бөледі.




ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Сіздің электронды пошта жарияланбайды. Қатарды міндетті түрде толтырыңыз *