«Назарбаев Зияткерлік мектебі» ДБҰ мен Алматы облысының әкімдігі ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды

394

Орта білім берудің сапасын арттырудың жалпы ұстанымдары мен мүдделерін басшылыққа ала отырып, жинақталған тәжірибе мен дағдыларды назарға алып, «Назарбаев Зияткерлік мектебі» ДБҰ басқарма төрайымы Күләш Шәмшидинова мен Алматы облысының әкімі Амандық Баталов өзара ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды, — деп хабарлайды Алматы облысы әкімінің баспасөз қызметі.

Кездесуді ашып, жиналғандарды жаңа жылдарымен құттықтаған облыс басшысы А. Баталов облыстағы білім саласының дамуына аз-кем тоқталып өтті.

— Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев балаларға сапалы білім берілуіне, олардың сауатты маман болып шығуларына, қоғамнан өз орнын табуларына мүмкіндіктер жасауды үнемі назарда ұстап келеді. Ол үшін Қазақстанда барлық жағдайлар жасалған. Осы бағытта Назарбаев Зияткерлік мектептерінің қосып отырған үлесі зор. Бұл білім ордасы қазір еліміздегі заманауи білім беру ұйымдарының көш басында келеді. Шындығында барлық мектептер сіздерге қарап бой түзеп, сіздерден үлгі алады, тәжірибелеріңіз, әдістемелік көмектеріңіз бен қолдауларыңыз біздің мектептерімізге аса қажет, — деді А. Баталов Күләш Шәмшидиноваға қарата айтқан сөзінде.

Мұнан соң облыс басшысы өңірдегі білім саласының аяқ алысы жайлы айтты. Бірқатар жетістіктерді де ұмыт қалдырған жоқ. Мәселен, мемлекет қолдауының арқасында Талдықорғанда жалпы 2400 орындық 2 мектеп ашылды, оның бірі ІТ мектебі болса, екіншісі — жеке концерт залы бар жаңа музыкалық мектеп.

Өз кезегінде К. Шамшидинова бойына отандық және шетелдік жетістіктерді тоғыстыру арқылы қалыптастырылған заманауи білім беру жүйесі принциптеріне тоқталды. Бұл жүйенің негізгі ұстанымы мен ұраны «Ғұмыр бойы оқу керек» дегенге саяды.

— Бүгін біз балаларды өз бетінше оқуға, өзін-өзі үздіксіз жетілдіруге үйретуіміз керек. Бұл ретте алған білімдері мен үйренген машықтары еңбек нарығына сәйкес, сұранысқа жауап бере алатын болуы тиіс, яғни болашақ үшін жұмыс істеуіміз керек. Оқыту процесіне шығармашылық тұрғыдан қарап, үздіксіз өзін өзі жетілдіру, өмір бойына оқу қағидаты негізге алынуы тиіс, — дей келе К. Шамшидинова еліміздің педагогтарын оқыту мен олардың біліктілігін арттыру бағытында «Назарбаев Зияткерлік мектебі» ДБҰ-ның атқарып отырған жұмыстары жайлы баяндап берді.

Кездесу соңында «Назарбаев Зияткерлік мектебі» ДБҰ мен Алматы облысының әкімдігі өзара ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды.

Меморандумның мақсаты – балаларды тәрбиелеу мен оқытуда, білім беру ұйымдарын басқару саласында, сол сияқты аймақта инновациялық білім беруді дамыту бойынша педагогтардың кәсіби деңгейін арттыруда Назарбаев Зияткерлік мектептерінің тәжірибесін тарату.




ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Сіздің электронды пошта жарияланбайды. Қатарды міндетті түрде толтырыңыз *