Жастар жылы тек ойын-сауықтарды, байқауларды, жарыстарды, фестивальдарды, жиындар мен форумдарды түгендейтін жыл болмаса екен

904

Жыл қорытындысы бойынша БАҚ өкілдерімен кездесуде «Ендігі жылды Жастар жылы деп жарияладық. Ол турасында арнайы бағдарлама қабылдау керек. Жастарға не керек? Бірінші – білім, екіншіден, үйленетін болса, үй-жай қажет. Жағдай жасалып, жұмыс берілуі тиіс. Төрт нәрсе. Содан кейін бізде «Ауыл – ел бесігі», «Жасыл ел», патриоттық «Жас сарбаз» бағдарламалары бар. Оларға арнайы жағдай жасап, жастардың қабілетін көтеруіміз керек. Әсіресе олар жасалып жатқан шаруаны, Қазақстанның тәуелсіздігін қадірлейтін болар деп ойлаймын. Соған сенемін!», деді Нұрсұлтан Назарбаев.
Әрине түрлі бағдарламалар түзіліп, олардың орындалуы жөнінде ақпарлар беріліп, тәп-тәуір істер атқарылатынына күмән жоқ. Мектептен бастап барлық оқу орнында, ұжымдар мен мекемелерде жастардың кез келген бас­тамалары қолдау табады. Жастар жұмыс істейтін өндіріс орындары, жеке кәсіпорындар ашылады, жастарға арналып үй-жай­лар, жатақханалар салынады, газет-жур­налдарға құлаш-құлаш мақалалар басылады, кірпіш-кірпіш кітаптар мен фотоальбомдар жарық көреді, экрандар телесериалдарға, ток-шоуларға толады, радиоларда көркем хабарлар ұйымдастырылады. Мөлшерін білсек, мұның бәрі орынды. Жекелеген шаралар қатысы болсын-болмасын айдарлы жылдың есебіне жатқызылатыны да белгілі. Ондайға жол берілмесе жөн болар еді. Соңында жылды қорытындылағанда «анау өтті, мынау өтті» деп толтырылған қағаздардан гөрі, шешімін тапқан келелі мәселелерді атқарушы билік өкілдерінен емес, елдің өз аузынан естісек, мемлекетке шын олжа. Негізі, Елбасы да, халық та Жолдаудағы міндет, яғни жастардың табысы мен тұрмыс сапасын арттыру барша істің басты өлшемі болса екен дейді. Сондықтан Жастар жылы тек ойын-сауықтарды, байқауларды, жарыстарды, фестивальдарды, жиындар мен форумдарды түгендейтін жыл болмаса екен деп тілейміз. Бір анық нәрсе: тойған халық бақытты емес, ұрпағын рухани мешелдіктен сақтап қалған халық бақытты. «Рухани жаңғыру» бағдарламасын шын түсінген көпшіліктің пікірі де осыған саяды. Үлкендердің «сендердің жастарыңда біз мынадай едік, ананы-мынаны жасағанбыз, ол кезде анау еді, мынау еді…» деген уағызнамасын бүгінгі жас­тар қабылдамайды. Тіпті ұрпағы өз ата-анасының жолын қайталауы мүмкін емес, міндетті де емес. Өйткені заманы басқа, даму сатысы өзгеше өрілген. Осыған байланысты қан майданға қатысқан әкеміздің тағылымды әңгімесі еске еріксіз оралады. Теледидардан соғыс туралы көрген киноның әсерімен қойылған майдан жайындағы балалық сұрағымызға: «17 жасымда Отан қорғауға аттанамын деп ойлады дейсіңдер ме? Өз еліңнен, жеріңнен аянатын ештеңе жоқ. Басқа түскенді жұртпен бірге  көрдік. Е-е-е, маңдайымызға тағдырдың жазғаны ғой, қайтесің оны, соғыстың бетін аулақ қылсын!», деп тәубелі естелігін тез доғаратын.

Барша саналы жастың білім алғаннан кейінгі Отан алдындағы, ата-ана алдындағы перзенттік парызы – отбасын құру. Өйткені «бас екеу болмай, мал екеу болмайды». Осы істе  жекелеген жастардың созбалақтап жүріп алатыны несі? Отбасын құруға олардың құлықсыз болуының себебі әртүрлі, соның ішінде тұрмыстық қиындықтарды алға тартатындар да жетерлік. Мәселен, статистика бойынша елімізде жасы 25-тен жоғары бойдақ саны 3 миллионнан асады екен, 14-29-ға дейінгілер 4 миллион 650 мыңға жуық, оның ішінде қыз балалардың 28,2%-ы, ал ер-азаматтардың 39,6%-ы бойдақ екен.  Жастар қалай үйленбек? Жеке бастың шаруасы діл әміріне, дін жолына, нақты тұрмыстық жағдайға байланысты болмақ. Ал адал неке-ризықты арттыратын, бақытқа кенелтетін – ата жолы. Аға ұрпақтың асыл міндеті осы қағиданы жастарға ұғындыру, терең түсіндіру болса керек. Шамасы келсе, қолғабыс етіп, көмектесу.

Жас отбасының шырқын бұзатын шетін, пәнауи себептер де баршылық. Соның бірі – ұрпақ сүю бақыты. Өмірде түрлі жағдайларға байланысты ұрпақ жалғастыру заңының да жұмбақтау сәттері ұшырасады. Әрине өркениетті заманда мұны шешуге ғылым мен медицина жетістіктері көмекке келеді. Бүгінде жұрттың бәрінің заманауи ЭКҰ-дан (экстракорпоралдық тәсілден) хабары бар: естіп-біліп, бұйырғанын көріп жүр. Алайда, бұл әдіс әлгіндей жағдайға душар болғандардың бәрінің қолы жете бермейтін, қымбатқа түсетін дүние екендігі де рас. Осы жерде міндетті медициналық сақтандыру жүйесі есебінен ЭКҰ операциясын арзандату жағын қарастырса және оның ақысы медицина қызметкерлеріне соңғы нәтижеге қарай төленсе, дәрігерлер үшін де ынталандыру механизмі іске қосылар ма еді? Бұл, бір жағынан, отбасын сақтап, шаңырақты бекемдеуге ықпал етсе, екінші жағынан, елдегі демография мәселесін шешуге қомақты үлес болатыны сөзсіз.  Осыған байланысты халқымызда бұрыннан бар дәстүрлерді жаңғырту маңызды. Атап айтқанда, ұзақ уақыт бала көрмеген немесе перзентсіз қалу қаупі туған отбасының бауырына ағайын-туғандарының баласын салу арқылы көп шаңырақ сақталынып қалғаны та­рих­тан мәлім. Бауырмалдық пен жана­шыр­лықтың баға жетпес үлгісі ретінде мұны да орайын тауып, жалғастыруға болар еді.

Қалада да, далада да іскер, білімді, бәсекеге қабілетті, қайырымды жастар көбейіп, ата жолымен дамудың сабақтастығын сақтайтын еді.

Дархан МЫҢБАЙ,

Парламент Мәжілісінің депутаты

(«Егемен Қазақстан» газеті, №4 (29483) 9 ҚАҢТАР, Сәрсенбі, 2019 жыл

«Ата жолы адастырмайды» мақаласынан қысқартылып алынды)

 




ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Сіздің электронды пошта жарияланбайды. Қатарды міндетті түрде толтырыңыз *