Зейнетақы: Оралмандардың еңбек өтілі есептеліне ме?

665

 

1991 жылдан басталған қазақ көшінің осы уақытқа дейін шешілмей келе жатқан бір проблемасы – зейнетақы. Әсіресе, алыс шетелден келген қандастарымыздың келген еліндегі жұмыс өтілі есепке алынбай келеді. Сол себепті, шеттен келген қазақтарға ең төменгі әлеуметтік көмек тағайындалып келген еді.

Қытайдан келген қандастарымыздың біразы жоғары зейнетақыдан қол үзбес үшін ҚР азаматтығын да қабылдамай жүргендігі мәлім.

Ал Моңғолиямен арадағы арнайы Еңбек келісім-шартының нәтижесінде 1993 жылы 22-қазанда  Қазақстан Республикасы мен Моңғол елі  «әлеуметтік қамсыздандыру  саласындағы ынтымақтастық туралы» Үкімет аралық 20 жылдық  келісім жасасқан болатын. Келісімде азаматтардың екі елдегі  жұмыс өтілін есепке ала отырып, оларға  зейнетақы тағайындау жөнінде  уағдаластық орнаған еді. Осы келісімге сәйкес Моңғолиядан келген, зейнет жасына жеткен қандастарымызға Қазақстан Үкіметі 2014 жылдың сәуір айына дейін зейнетақы  тағайындап келді.

Бірақ Қазақстан Республикасы Үкіметі  2014 жылғы 8-сәуірдегі № 327  қаулысы бойынша ҚР-сы мен  Моңғол Елінің арасындағы  әлеуметтік қамсыздандыру саласындағы ынтымақтастық туралы келісімнің күші жойылған. Бұдан кейін зейнетке шыққан қандастарымызға Моңғолиядағы жұмыс өтілі есепке алынбай келеді. Мәселен, біздің редакциямызға хат жазған Сағира Тоқтамұратқызы Қазақстандағы 13 жылғы жұмыс өтілі және 5 баласына тиесілі 12 жылын есептей отырып, бар-жоғы 15000 теңге зейнетақы төленгенін айтып шағымданған.

Ал, Түркия, Иран және Еуропа елдерінен келетін қазақтар қай мемлекетті мекендесе де, қай елдің азаматтығын қабылдаса да, ол мемлекетте тоқтатылған зейнетақыны алуға құқылы.

ТМД елдерінен келген азаматтар үшін Советтер одағындағы жұмыс өтілі есепке алынып келді, бірақ Советтер одағы құлағаннан кейінгі жұмыс өтілі есептелмейді.

2017 жылғы Дүниежүзі қазақтарының V құрылтайында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев бұл мәселені шешуді Үкіметке тапсырған еді.

www.adilet.zan.kz сайтындағы «Қазақстан Республикасында зейнетақымен қамсыздандыру туралы» заңның жаңартылған нұсқасындағы «Жасына байланысты зейнетақы төлемдерін тағайындау үшiн еңбек өтілін есептеу» атты 13-баптың 18-тармағ ында http://adilet.zan.kz/kaz/docs/Z1300000105  «Қазақстан Республикасына тарихи отанында тұрақты тұру мақсатында келген этностық қазақтардың шығу еліндегі еңбек қызметі» деген арнайы жолдар қосылған.

Заңның жаңартылған уақыты ретінде – 2018 жылдың 26 желтоқсаны көрсетіліп тұр. Бұдан былай, оралмандар зейнетақыны Қазақстан азаматтарымен бірдей деңгейде алу құқығына ие болып отыр.

Есен Байнұр. 




ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Сіздің электронды пошта жарияланбайды. Қатарды міндетті түрде толтырыңыз *