ОРЫС МЕКТЕПТЕРІНДЕГІ ҚАЗАҚ ТІЛІНІҢ АХУАЛЫ

1435

Қазақстан тәуелсіздігін алған уақыттан бері елімізде Тілдерді дамытудың екі мемлекеттік бағдарламасы қабылданды. Бұл құжаттар 2001-2010 және 2011-2020 жылдарды қамтиды. Екінші бағдарлама да аяқталуға жақын. Осы бағдарламада алға қойылған мақсат бойынша 2020 жылға қарай қазақстандықтардың 95 пайызы мемлекеттік тілде сөйлеуге тиіс. Ал шын мәнісінде қазақ тілінде сөйлейтін тұрғындардың үлесі әлі де аз. Әсіресе мемлекеттік қызметкерлердің қазақ тілін меңгеруі көңіл көншітпейді. Бұның өзі мектептегі қазақ тілінің оқытылу сапасына келіп тіреледі. Он бір жыл бойы қазақ тілін оқитын орыс мектептерінің түлектері неге бұл тілде сөйлей алмайды? Әдістеме кемшін бе, әлде тілге деген қажеттілік жоқ па? Осыған орай «Қазақ газеттері» Жауапкершілігі шектеулі серіктестігі жанынан құрылған «Наркескен» интеллектуалдық-пікірсайыс клубының кезекті отырысы орыс мектептеріндегі қазақ тілін оқытудың өзекті мәселелеріне арналды. Ұлттық кітапханада өткен жиынға саясаттанушы Дос Көшім, филология ғылымдарының кандидаты, профессор Мамай Ахет, М.Мәметова атындағы №28 мектеп-лицейдің директоры Айсұлу Медетбекова, осы мектептің ұстаздары Мөлдір Майлыбаева және Қазим Тілекқабыл, №132 гимназияның қазақ тілі мұғалімі Бибінұр Мұсапирова, қазақ тілінің оқытушылары Гүлмира Амандықова және Гүлжайна Өзбек, БАҚ өкілдері қатысты. Жиынды «Наркескен» интеллектуалдық пікірсайыс клубының жетекшісі Есенгүл Кәпқызы жүргізді.

ІСҚАҒАЗДАРЫ ҚАЗАҚША БОЛҒАНЫМЕН, БАНКІЛЕР 
ОРЫС ТІЛІНДЕГІ ҚҰЖАТҚА БАСЫМДЫҚ БЕРЕДІ

Есенгүл Кәпқызы: Жуырда мен мемле­кеттік қызметкерлердің қазақ тілін үйренуі жөнінде зерттеу жүргізген едім. Талқыланатын тақырыпқа орай сол зерттеудің нәтижелерімен таныстырып өтейін. Мемлекеттік тілді дамытуға байланысты қабылданған Тілдерді дамытудың мемлекеттік бағдарламасының алғашқы кезеңінде қаржыландыру 1 млн теңгеден басталса, қазір ол 16 млрд теңгеден асып отыр. Мәселен, соңғы 3 жылды қоспағанда мемлекеттік бюджеттен 54 млрд теңге тілді дамытуға бөлінген екен. Яғни бөлінген қаржы 190 есеге дейін артқан.
Алматы қаласының бюджетінен мемлекеттік қызметкерлерге қазақ тілін үйрету мақсатында 2007-2017 жылдар аралығында 275 млн теңге қаржы бөлінген. Зерттеу барысында Алматы қаласы Тілдерді дамыту басқармасы ұсынған «Қазтест» нәтижелерімен таныстым. Атап айтқанда, 2018 жылғы сәуір айында өткен тестілеуге 1491 мемлекеттік қызметкердің 1179-ы қатысқан (80%). Осы «Қазтест» нәтижесі бойынша Алматы қаласы әкімшілігіндегі қазақ тілін жетік білетін қызметкерлердің үлесі 1% болып шықты (9 адам). Ал орта деңгейде білетіндер – 360 адам (31%), ортадан төмен, базалық деңгейде білетіндер саны – 801 адам (68%). Осы ретте «Қазтест» жай ғана диагностикалық тест екенін айта кеткім келеді, яғни ешқандай құқықтық пәрмені жоқ. Міне, осы қызметкерлер үшін Алматы қаласы әкімдігі арнайы қаржы бөліп, оларға қазақ тілін үйретуді әрі қарай жалғастырып жатыр.
Қазақстанмен жағдайы біршама ұқсас Украинадағы тілдік ахуалды қарастырсақ, Украинада украин тілі – қазақ тілі сияқты мектептегі міндетті пән. Бірақ Украинада жұмысқа қабылданар алдында мемлекеттік қызметкерден украин тілін білетіні туралы сертификат талап етіледі, ал Қазақстанда ондай талап жоқ. Сондай-ақ бюджеттен тіл үйрету үшін арнайы қаржы бөлінбейді, егер мемлекеттік қызметкер тіл білмейтін болса, өз қаражатына оқып үйренеді. Ал бізде бюджеттен қаржы бөлінеді. ­Украинада ісқағаздары 100% украин тілінде, ал өз еліміздегі жағдай белгілі. Мәселен, біздің ­банктермен жасасқан келісім-шарттарымыздың соңында «қандай да бір дау-дамай туатын болса, орыс тіліндегі құжатқа басымдық беріледі» деп ескертіп жазып қояды. Осы ретте өзге тілдегі мектептерде 11 жыл бойы қазақ тілі оқытылса да, біздің орыстілді тұрғындар неге қазақша сөйлей алмайды деген сұрақ туады. Міне осы өзекті мәселені сіздермен бірге талқылауды жөн көрдік.
Айсұлу Медетбекова, М.Мәметова атын­дағы №28 мектеп-лицейдің директоры: Орыс тілінде білім беретін мектептерде қазақ тілін оқыту – маңызды мәселенің бірі.Мысалы, біздің мектепте оқушылардың 70%-ы өзге этнос өкілдері болса, қалған 25-30%-ы – қазақтар. Олардың басым көпшілігі үйінде орысша сөйлейді, ата-аналары қазақ тілін білуді қажет деп санамайды. Егер ата-аналары баласының ана тілінде сөйлеуіне баса мән берсе, онда бала орыс мектебінде оқыса да қазақ тілін жақсы білетін еді. Себебі тіл білу – ең алдымен отбасынан басталады. Мектепте бағдарламаға сәйкес қазақ тілі аптасына 5 сағат оқытылады. Бірақ бұл жерде сабақ беруден бөлек мәселе бар, ол – қазақ тілінің дәрежесі мемлекет тарапынан дұрыс жолға қойылмай отыр. Егер қазақ тілі мемлекеттік тіл ретінде дұрыс қолданылса, оның заңнамадағы мәртебесі нақты шешілсе, онда орыс мектептерінде қазақ тілін оқыту деңгейі де мүлде басқаша болатын еді. Ал әзірге басқа этнос өкілдері болсын, орыстілді қазақтар болсын, өз баласының қазақ тілін білуін маңызды деп санамайды, оған мотивация да жоқ. Мен көп жылдан бері орыс мектебінде жұмыс істеп келемін, осы уақыт ішінде көзім жеткені – қазақ тілін үйренемін деген бала үйреніп алады. Мысалы, былтыр бізде республикалық олимпиада жүлдегері ­Анжелика ­Мекерова деген қыз бала оқыды. Ол 1 сыныптан бастап қазақ тілін үйренуге ден қойған, анасы қызына сабақтан тыс уақытта да бағыт-бағдар беріп отырады. Ол отбасында қазақ тіліне деген ынта, жақсы көзқарас қалыптасқан. Соның арқасында Анжелика қазақша бағдарламаларға қатысты, қазақша ғылыми жоба қорғап, олимпиадада орын алды. Міне, мұның өзі ата-анаға, отбасына көп нәрсе байланысты екенінің дәлелі.
Тағы бір маңызды мәселе – мұғалімдердің сапалық құрамы. Меніңше, қазақ тілінен сабақ беретін мұғалімдер тек патриот қана болмауы керек, олар мемлекеттік тілді жоғары деңгейде үйрете алатын ұстаз болуы керек. Жас мұғалімдердің сабақтарына қатысқан кезде үнемі осыны айтамын. Мұғалім ең алдымен қазақ тілін жақсы білуі, үздіксіз ізденуі, әдістемені жақсы білуі керек. Осы ретте айта кетерлігі, соңғы жылдары педагогикалық оқу орындарын бітірген түлектердің көпшілігі мұғалімдікке барғысы келмейді. Орыс мектебінде сабақ беру үшін арнайы дипломы болуы керек, ал қазір ондай мұғалім табу қиын. Оқу бітіргендердің көбі басқа салаға кетіп қалады. Содан барып қазақ филологиясын бітірген мұғалімдерді алуға мәжбүр боламыз. Ал олардың әдістемесі орыс мектебіне арналмаған, соның салдарынан түрлі қиыншылықтар туып жатады. Мысалы мектебімізге биыл қабылданған жас мамандар да қазақ филологиясы мамандығын оқыған.
Жалпы теледидарда болсын, ісқағаздарынан бастап көшедегі жарнама, билборд болсын, қазақ тіліндегі мәтін қатесіз айтылуы, жазылуы керек. Бізде осындай жауапкершілік жетіспейді. Меніңше, қателік жіберген маманды жазалап отыру керек, сонда ғана түзеледі. Жалпы қазақ тілінің дәрежесінің көтерілуі әр адамның өзіне байланысты деп санаймын. Қазақ тілінің жағдайы қиын деп айқайлай берген жөн емес. Мәселен, біздің мектепте қазақ тілінде көптеген іс-шара өтеді. Жақында ғана балалармен кездесуге белгілі тіл ­жанашыры Асылы Осман келді. Оқушылар өте жылы қабылдап, «Сіз сияқты тілдің білгірі болғымыз келеді» дегендеріне ­Асылы апайымыз да риза болды. Мұның бәрі тілдің мәртебесін көтереді. Сондықтан әрқайсымыз сабақ бергенде де, басқа кезде де қазақ тілінің мәртебесіне лайық жоғары деңгейде қолдануға атсалысуымыз керек.
Мамай Ахет, Алматы қаласы әкімінің кеңесшісі: Бүгінгі таңда мемлекеттік мекемелерде ісқағаздарының барлығы дерлік қазақ тілінде жүргізіледі. Бұл мәселе заңнамамен реттелген. Мемлекеттік мекемелер арасындағы құжаттар қажет болған жағдайда орыс тілінде жазылады. Мұндағы бір айта кететін жайт, кіріс және шығыс хаттары деген бар, орыс тілінде келетін хатқа міндетті түрде орыс тілінде жауап берілуі керек. Осы ретте орыс тілінде хат жазатын адамдардың белсенділігін және табандылығын айтпай кетуге болмайды. Ал Украина мен біздің еліміздегі саяси жағдайдың айырмашылығы қандай болса, тілдік ахуалдың да сондай айырмашылығы бар. Енді орыс мектебіндегі қазақ тілінің оқытылу мәселесіне келетін болсақ, мемлекеттік мекемелердегі қазақ тілін оқыту да осыған ұқсайды. Жоғарыда айтылғанның барлығы шындық. Бізде қазір қазақ тілін меңгеру жөнінде қайшы пікірлер көп. Қазақша екі ауыз сөз білетінді қазақ тілін меңгерген дейміз бе, әлде «Абай жолын» бастан-аяқ оқып шыққан адамды ғана қазақша біледі дейміз бе? Міне, осының ара-жігін анықтау қажет. «Қазтест» те осы мақсатпен, яғни кім қандай деңгейде мемлекеттік тілді меңгергенін анықтау үшін қолға алынған.
Жалпы қоғамда қазақ тілінің өркендеуіне кедергі болып отырған екі топ бар, бірі – өзіміздің орыстілді қазақтарымыз, екіншісі – шенеуніктер. Мен мұны осы саланы жақсы білетіндіктен айтып отырмын. Ал өзге этнос өкілдері бізге түсіністікпен қарауға ­дайын. Өз ішіміздегі дерттің тереңдеп кеткені соншалық, бұл топтың санасына әбден сіңген түсініктерді бұзу оңай болмай отыр. Бұл бағытта көптеген іс-шаралар жүргізілді, әлі де жүргізіле бермек.
Құжаттардың орысша нұсқасына басымдық беру – барлық банкке тән. Себебі құжаттардың дені әуел баста орыс тілінде жазылады, одан кейін барып аудармашылар әртүрлі деңгейде аударады. Ол аударманың сапасы төмен болуы да мүмкін. Сондықтан ертеңгі күні түрлі жағдаймен соттың алдына барғанда орыс тіліндегі нұсқасы өтеді. Бұл білікті заңгердің жоқтығына да байланысты. Егер біз әрқайсымыз мұны мемлекеттік тілді қорлау деп қабылдап, қазақ тіліндегі құжатты талап ететін болсақ олар қазақ тілін жетік білетін білікті заңгерді табар еді. Бірақ біз көбінесе табандылық таныта бермейміз. Қысқасы, бұл бағытта жасалатын шаруа шаш етектен.
«Аздың ашпын дегеніне, көптің тоқпын дегеніне сенбе» дейді қазақ, ауызды қу шөппен сүрте беруге де болмайды. Қазақ тілінің мемлекеттік мәртебесін күнделікті, сағат сайын, сәт сайын қорғауымыз керек. Бүкіл әлемде ағылшын тілінің қарқыны ғаламат артып келеді. Миллиард халқы бар мемлекеттердің тілінің өзі олардан көш кейін қалып отыр. Бұндай жағдайда біздің ана тіліміздің болашағы бәрімізді қатты ойландырады. Тіл үшін күреске бүкіл қоғам болып жұмылып, бірлесе әрекет ету керек. Ең бастысы, әрбір адамның саналы ұстанымы болса, көп мәселе шешілер еді.
Айсұлу Медетбекова: Тіл үйренуге әдістеменің жоқтығы кедергі деген пікірге қосылмаймын. Қазір орыс мектебінде қазақ тілін оқытуға қатысты түрлі әдістемелік құралдар, дидактикалық материалдар көптеп шығарылып жатыр. Бұл ретте мұғалімдердің сапалық құрамы маңызды екенін тағы айтқым келеді. Ізденгіш, жақсы мұғалім сол әдістемелік құралдардың керегін алып қолданады. Оның ішінде деңгейлеп оқыту да бар, сыни ойлау, т.с.с. Қысқасы қазақ тілі оқыту әдістемесіне кенде емес. Мәселен, жыл сайын Алматы қалалық Тілдерді дамыту басқармасы «Қазақ тілінің үздік мұғалімі» деген байқау өткізеді, сол кезде мұғалімдердің неше түрлі әдістемені қолданып жүргенін көреміз. Бұл жағынан мұғалімдерге барлық жағдай жасалған.
Дос Көшім, «Ұлт тағдыры» қоғамдық қозға­лы­сының төрағасы, саясаттанушы: Жалпы тіл мәселесінде «ұлт» деген сөзді қосудың қажеті жоқ. Бұл қазір саяси, ұлттық немесе ұлтаралық мәселе емес, тек лингвистикалық мәселе. Сондықтан «орыстілді», «қазақтілді» деп сөйлеп үйренейік. Осы орайда айта кетерлігі, мен көптеген елдің тіл туралы заңын қарап шықтым, барлығында «Мемлекеттік тіл туралы заң» ғана бар. Бұл мемлекеттік тілді реттейтін заң, сондықтан барлық елдердің заңы «Мемлекеттік тіл туралы заң» деп аталады. Мысалы,Украинаның заңы «Украинада мемлекеттік тіл – украин тілі» дейді, одан кейін заңның ешбір бабында «мемлекеттік тіл» деген сөзді кездестірмейсіз. Ал біздің жасқаншақтығымыз сонша, «қазақ тілі» деген сөзді айтуға, жазуға ұяламыз, әлде басқаларды ренжітіп алудан қорқамыз. Сондықтан абстрактілі ұғымды алға тарта бермей, заңда «мемлекеттік тіл – қазақ тілі» дедік пе, тек қана қазақ тілі деп сөйлеуіміз, айтуымыз, жазуымыз керек. Бұл бір жағынан саяси тәсіл, екінші жағынан дүниежүзілік тә­жірибе. Осы екі мәселені үнемі есте ұстайық.
Біз Тіл комитетінің тапсырмасымен соңғы төрт жылда солтүстік облыстарды аралап, жүздеген кездесу өткіздік. Осы сапарда көзіміз жеткендей, қазақ тілі ақсап отырған аймақтардың көш басында Қостанай мен Петропавл, одан кейін Павлодар мен Шығыс Қазақстан, Қарағанды мен Ақмола облысы тұр. Бұл өңірлерде қазақ тіліне көзқарас нашар. Басты себеп – тілге деген қажеттілік жоқ. Егер тілге қажеттілік жоқ болса, оны ешкім үйренбейді, оқымайды. Бұл жағдайды түзеу үшін қазақ тіліне деген қажеттілік заңды жолмен жасалуы керек – заң арқылы талап етіледі, жаза белгіленеді. Бірақ біз әлі күнге дейін Кеңес кезінде қабылданған заңмен жүрміз. 1989 жылы қабылданған Тіл туралы заңға 1997 жылы тек түзетулер мен өзгертулер енгізілді. Тіпті ең консервативті мемлекет Тәжікстанның өзі тілдер туралы заңын өзгертті, ал Балтық жағалауы елдері 1989 жылы бірінші рет қабылдаған заңына 1995 жылы, 2011 жылы және 2015 жылы – үш рет өзгерту енгізді. Өйткені 5-6 жыл сайын тілдік ахуал өзгеріп отырады. Қазір бізде тілдік ахуал өзгерді, бірақ заң бұрынғы қалпында.
Ақын, менің ұстазым Қадыр Мырзалиев­тің «Өзге тілдің бәрін біл, өз тіліңді құрметте» деген сөзі бар. Бұл Кеңес кезеңінен қалған жалаң сөз. Қазақ тілін құрметтеудің қажеті жоқ, қазақ тілінде сөйлеп, жазу керек. Иә, орыстілді азаматтардың бәрі «қазақ тілін құрметтейміз» дейді, бірақ сөйлемейді. Бұл құдды «мен ата-анамды құрметтеймін» деп, ата-анасын аш қалдырған адамның әрекетімен бірдей. Құрметтегеннің басты көрінісі – сол тілде сөйлеу.
Мен кезінде орыс мектебінде де, университетте де қазақ тілінен сабақ бердім. Сондықтан біраз жайттан хабарым бар. Бізде қазақ тілін оқытудың бағыты дұрыс емес: орыс мектебінің оқушыларына қазақ тілінің грамматикасын үйретуге басымдық беріледі. Атау септігінен бастап көмектеске дейін оқыса да сәлемдесе алмай шығады. Мәселен, біз университетте студенттерді көшеге алып шығып, өтіп бара жатқан адамдармен сөйлестіріп, күнделікті қажет сөздерді үйрететінбіз. Сынақ тапсырғанда міндетті түрде екі өлең оқу, дастарханға бата беру талап етілетін. Қысқасы оқушы да, студент те өмірдегі тілдік қатынасқа дайын болып шығуы керек. Сондықтан негізгі міндет – орыс мектебі оқушыларынан филолог даярлау емес, олардың интерактивті сөйлеу дағдысын қалыптастыру, қазақтілділермен араласу бағытында болуы керек.
Бірнеше жыл бұрын Алакөлде өткен семинарда қазақ тілі оқытушылары бас қосып, әрқайсысы өз әдістемесін таныс­тырды. Мәселен, Қанат Тасыбековтың «ситуациялық қазақ тілі», Қазақстан Халқы Ассамблеясының өз әдістемесі, Алматы менеджмент университетінің тілді ұлттық салт-дәстүр арқылы оқыту тәсілі, т.б. Бұл әдіс-тәсілдердің әрқайсының керемет элементтері бар. Міне, әрбір қазақ тілі мұғалімінің де өз әдістемесі болуы керек, сонда ғана алға қадам басамыз. Қазір елімізде тілге деген бетбұрыс бар, Оғыз Доған, Руза Бейсенбектегі сияқты тіл жанашырларын қолдау байқалады. Сондай-ақ зейнет жасындағы ақсақалдарымыз бен апаларымыздың білімі мен тәжірибелерін пайдаланып тіл үшін күресті заңды, өркениетті түрде жүргізсек пайдалы болар еді. Құр айқайдан гөрі осындай әдіс-тәсілдер тиімдірек. Мұны «прибалтикалық әдіс» деп те атайды. Ал мемлекеттік мекемелер азаматтардан құжатты орыс тілінде толтыруды талап етуге еш құқықтары жоқ, біз осыны ұмытпауымыз керек.
Бибінұр Мұсапирова, №132 гимназияның қазақ тілі мұғалімі: Орыс мектебінде қазақ тілінен сабақ бергеніме бірнеше жыл болды. Балалар тілді оқиды, біз үйретеміз, бірақ олар қазақша сөйлемейтіні – шындық. Басты себеп тілге деген қажеттіліктің жоқтығы сияқты. Себебі орыстілді балалар үйінде орысша сөйлейді, қоғамдағы қарым-қатынаста да орысша білсе жеткілікті. Содан барып қазақ тілін түсінсе де, сөйлеуге тырыспайды. Талап болмаған соң немқұрайды қарайтыны белгілі. Біз, мұғалімдер, қаншама тырысып, үйретіп жатсақ та қайтарымы жоқ болса бізге де қиын. Тағы бір мәселе, қазақ тілі мен әдебиеті оқулықтарында оқушылардың контингенті мен жас ерекшелігі ескеріле бермейді. Мысалы 8-сыныптың оқулығында жазушы Ә.Нұрпейісовтің «Қан мен тер» романынан үзінді берілген. Бұл мәтіндегі кейбір сөздерді оқушы тұрмақ ЖОО бітірген маманның өзі де түсінбейді. Және де бұл тақырып бір сағат қана оқытылады. Оқушыға түсіндіріп үлгермейсіз. Әсіресе жас мамандар орыстілді балаға жеткізе алмай қиналады. Оқулық құрастырғанда осындай жайттарға назараударылса дейміз.

МӘСЕЛЕ – ӘДІСТЕМЕДЕ ДЕ, 
ТІЛДІ ҮЙРЕТУДЕ ДЕ ЕМЕС, МӘСЕЛЕ – ҚАЖЕТТІЛІКТЕ

Есенгүл Кәпқызы: Ағылшын тілін оқыт­қанда тіл үйренушінің деңгейіне сәйкес бейімделген мәтіндерді ұсынады. Мәселен, біз ағылшын тілін үйренгенде «Анна Каренинаның» pre-intermediate деңгейіне бейімделген нұсқасын оқимыз. Жаңағы «Қан мен терді» бастауыш деңгейге, одан кейін орта деңгейге лайықтап арнайы нұсқаларын беруге болады ғой. Біздің оқулықтарда бұндай жүйелілік жоқ па сонда?
Гүлжайна Өзбек, №114 мектептің қазақ тілі пәнінің мұғалімі: Орыс мектебінде жұмыс істегеніме алты жыл болды. Қазақ тілі оқулығында жүйелілік жоқ. Мысалы, былтыр 4-сынып оқушыларына бір авторды өтсең, биыл мүлдем басқа авторды оқытасың. Бұрын білмегенімізді, түсінбегенімізді өзімізден жоғары оқитын аға-әпкелерімізден сұрап, біліп алатын едік. Қазіргі балалар да ондай жоқ. 3-сыныптың жаңа бағдарламаға сәйкес жазылған кітабында берілген мәтіндегі сөздердің жеке-жеке аудармасы бар. Ал 2-сыныптың кітабында мүлдем аударма жоқ. Оқушы оны қайдан іздейді? Көп ата-ананың баласының сабағына қарауға уақыты жоқ. Мектепте де оларға 5 сөзді жазғызып қойып, қарап отыра алмаймыз. Өйткені берілген бағдарламаны 40 минуттың ішінде түсіндіріп үлгеруіміз керек. Сол себепті аудармасы қоса берілсе жақсы болар еді.
Сондай-ақ 7-сыныпта ауа райы туралы оқып келе жатамыз да, аяқ астынан «Қан мен тер» романына көшіп кетеміз. Себебі бағдарламада солай берілген. Сондай сәтте оқушыға шығарманы түсіну қиынға соғады. Бұрын өзіміз орыс тілін оқуды ертегілерден бастайтын едік қой. Одан кейін барып А.Пушкиннің, И.Тургеневтің жеңіл, түсінікті әңгімелерін оқитынбыз. Біртіндеп үлкен романдарға көшетінбіз. Алдағы уақытта осы мәселелер реттеледі деп ойлаймын.
Бибінұр Мұсапирова: Иә, кітаптардағы тақырыптардың солай бірден ауы­сып кететін кездері болады. Ондайда оқу бағ­дарламасынан шығып, балаларға ұғынықты тақырыптарды өтеміз. Кейін ата-аналарға неге кітап пен күнделіктегі тақырыптан ауытқып, басқа тапсырма бергенімізді түсіндіреміз.
Балалардың қазақ тіліне деген қызығу­шы­лығын сабақтан тыс уақытта да арттыруға тырысамыз. Мысалы, әр жұма сайын қазақ тілі күнін өткіземіз. Таңертең балаларды қазақша әнмен қарсы аламыз. Ән туралы, оның авторы туралы мәлімет береміз. Үзіліс кезінде әртүрлі ойындар ұйымдастырамыз. Оқушылармен қазақша сөйлесеміз. Бұл да оқушылардың қазақ тілін тез меңгеруіне көмектеседі.
Дина Имамбаева: Бұрын ҰБТ-да қазақ тілі пәні болды, бірақ ол ЖОО-ға түсу кезінде есептелмейтін. Соңғы кезде оны да алып тастады. Бұл мектептегі қазақ тілінің жағдайына қалай әсер етіп отыр?
Айсұлу Медетбекова: ҰБТ-ға қатысып келе жатқанымызға 14 жыл болыпты. Он төрт жыл бойы осы мәселені көтеріп келеміз. Оқушы қазақ тілінен ҰБТ тапсырса да, жинаған балы сертификатына кірмейтін. Ал сертификатқа балы кірмейтін пәнге бала жеткілікті көңіл бөлмейді. Алдымен өзіне керек пәнді жазады, ең соңында уақыт қалса, қазақ тіліне көшеді. Мынадай бір жағдай болған: қазақ тілін жақсы меңгерген оқушымызды ҰБТ-дан кейін мұғалімдермен бірге күтіп тұрдық. Ол шыққанда «Уақыт жетпей қалды. Қазақ тілін өтірік белгілей салдым» деді. Сол кезде қазақ тілі пәнінің мұғалімі жылап жіберді. Ал былтырдан ­бастап бұл пәнді тестілеуден алып тастады.
Дос Көшім: Алып тастағаны да дұрыс сияқты. Өйткені оның ешқандай мәні жоқ еді. Оқуға тапсырғанда балы есептелетін болса, жағдай басқа. Осыдан 5-6 жыл бұрын орыстілді азаматтармен кездесу өткізгенбіз. Сонда бір орыс әже: «Менің екі балам бар. Үлкен балам қазақ тілін жақсы біледі. Оқыды. Дайындалды. Тестілеуден қазақ тілінің 25 сұрағының бәріне дұрыс жауап берді. Бірақ оқуға түсе алмай қалды. Ал оның қазақша бір ауыз сөз білмейтін жолдасы оқуға түсіп кетті. Себебі математика сияқты пәндерден жоғары балл жинаған. Енді мен кіші балама қазақ тілін үйрен деп айтпаймын. Қажеті жоқ екен» деді. Сол сөзі әлі есімде.
Айсұлу Медетбекова: ҰБТ-да қазақ тілінен жинаған балдың есептелмеуі оқушылардың тілді білуіне кесірін тигізуде. Сосын сіздер оқулық мәселесін айтып отырсыздар. Жаңартылған бағдарлама бойынша оқулықтардың барлығы талқылаудан өткен. Сіздер сол талқылауға қатысуларыңыз керек еді. Одан кейін әр мұғалім өз сабағын қалай өткіземін десе де өз еркі. Оқулыққа, бағдарламаға қарап қатып қалған ештеңе жоқ. Егер сіз жақсы мұғалім болсаңыз, тілді үйрету үшін небір әдістемелерді қолдана аласыз. Қазақ тілі сабағына қатысқан бала сабақ соңына дейін кемінде 3 сөзді анық біліп кетуі керек. Олай болмаса, сыныптағы 40 минуттың бекер өткені.
Тағы бір мәселе, төменгі сыныптың оқу­шылары мен жоғары сынып оқушыла­рының арасында үлкен айырмашылық бар. Мысалы, 10-11 сынып оқушыларының ішінде қазақ тілін үйренуге саналы түрде бет бұратындар көп. Ал 1-8 сынып оқушыларының қазақ тілі түгілі басқа пәндерді қалай оқитынын білесіздер.
Гүлмира Амандықова, қазақ тілі пәнінің оқытушысы: 1995 жылдан бері шетелдік халықаралық компанияларда орыстілді, ағылшынтілді азаматтарға қазақ тілін үйретіп жүрмін. Бес оқулықтың авторымын. Сондай-ақ бұрынғы Халықаралық бизнес академиясының ректоры Асылбек Базарбайұлымен бірге «Ұлытау-2010» деген бағдарлама әдістемесін жасап шықтық. Бір кездері «Хабар» телеарнасында көрсетілген «Қазақшаңыз қалай?» деген бағдарламаның жарыққа шығуына да себепші болдық.
Маған тіл үйренуге мектеп, ЖОО бітір­ген адамдар келеді. Мен үшін олардың ұлты маңызды емес. Келген қадамы, қалауы, уақыты маңызды. Қазір оқушыларымның біразы – табысты, лауазымды, атақты тұлғалар. Көпшілігі орыстілді азаматтар. «31 арнадағы» Наталья Райм – менің шәкіртім. Негізі қазақ тілін бәрі білгісі келеді. Себебі осы елді жақсы көреді, осы жерде тамырларын жайып, ұрпақ таратуды қалайды. Айсұлу ханыммен келісемін, тіл үйретуде жаман әдістеме жоқ. Тек әр мұғалім өзінің жұмысын сапалы істей білуі керек. Мен сабақта әр адамның ынта-тілегін ескеремін. Мысалы, 20 адам отырса, 20 түрлі әдістеме қолдануға тырысамын. Кейбір адамға сабақты Абай шығармашылығы арқылы бастаймын. Оқушыларымның ішінде 3-4 айда сөйлеп кетіп жатқандары бар. Қазір үш оқушыға тіл үйретіп жүрмін. 12 жастағы Аня мен 11 жастағы Славаны мысалға келтірейін. Аня «Қазақ тілінде су сұрап ішу үшін «Суды қалаймын» деп емес, «Су ішкім келіп» тұр деп айту керек» дейді. Слава да ойын қазақша жеткізе алады. Бірде қазақ тілі сабағында мұғалімге қалай көмектескенін баяндады. Тақтаны тазалап, борды орнына қойып, сабақта кімнің бар-жоқ екенін айтыпты. «Сонда менен Темірлан деген бала: «Слава, ты казах?» деп сұрады. «Мы все казахи» дедім» дейді. Бұл 11 жасар баланың сөзі. Тағы бір оқушымның 1,5 жастағы баласы бар. Ол «закрой» деген сөзді білмейді – «жап» дейді, «открой» дегенді білмейді – «аш» дейді. Себебі анасы солай үйреткен. Бірде үйлеріне нағашы әжесі келген екен. Сонда қызынан «Что такое «берші?» Что такое «аш?» деп сұрапты. Осылай балалары арқылы тіл үйреніп жүргендер де бар.
Айым Тәлімова, Мемлекеттік тілді дамыту институтының оқытушысы:Мен Тілдер­ді дамыту институтында мемлекеттік қызметкерлерге қазақ тілінен сабақ беремін. Дәрісіміз аптасына 5 рет болады. Тендердің ережесі бойынша сабақ уақыты түскі 11:00 мен 13:00 арасында белгіленген. Ол қызметкерлерге ыңғайсыз. Сол себепті сабаққа 100 пайыз қатыспайды.
Оқыту әдістемесін айтып отырсыздар ғой. Менің ойымша, қазақ тілін қазақтілді сыныптарға қарағанда, орыстілді сыныптарға үйрету әдістері өте көп. Олар базалық, орта, ортадан жоғары деңгей, т.с.с. деп бөлінеді. Тек мұғалімнің ынтасы және әдісі болуы керек. Мұғалім деген артист сияқты, сабақ бергенде жанын салуы тиіс. Дос Көшім аға айтқандай, сабақта ән айтуы­на, кино көрсетуге болады. Тіл үйренуге не кедергі дегенге келер болсақ, ең бастысы – қажеттілік. Қазір мемлекеттік қызметке тұру үшін қазақ тілінен тест тапсырады. Бірақ оның нәтижесі маңызды емес. Қанша балл алса да, әйтеуір тапсырса болды. Ал Заңда қазақ тілін ортадан жоғары деңгейде білу талап етілсе, олар жанталасып оқитын еді, тіл үйренуге қажеттілік туар еді.
Сондай-ақ қазіргі жаңартылған бағдарлама бойынша 5-сыныпта әдебиет пен қазақ тілі пәндерін біріктіріп қойған. Бұрын қалай болды? Біз орыс тілін бөлек, орыс әдебиетін бөлек оқыдық. Ал қазір қазақ тілі екеуі бірге өткізіледі. Міне, жаңартылған бағдарламаның жақсы жағы да, жаман жағы да бар. Жаман жағы – осы. Жаңағы сіздер айтып отырған «Қан мен терді» қазақтілділердің өзі әрең меңгереді.
Мөлдір Майлыбаева, М.Мәметова атындағы №28 мектеп-лицейінің қазақ тілі пәнінің мұғалімі: Бала бір күндегі 24 сағатының 8:30-дан 14:00-ге дейінгі 5,5 сағатын мектепте өткізеді. Ал қалған 18,5 жарым сағатын отбасында, қоғамда өткізеді. Қазақ тілі сабағы күніне 40 минуттан аптасына 5 рет болады. Қазір қазақ әдебиеті мен қазақ тілін кіріктіріп жіберген. Кітапта бір жазушының шығармасы берілсе, біз тек сол шығарманы талдамаймыз. Соның ішінен зат есімді, сын есімді түсіндіруіміз керек. Оған қоса мәтінді меңгертуіміз керек. Шығарманың авторына тоқталуымыз керек. Бірақ бір тақырыпқа екі сағат уақыт беріледі. Мысалы, қазақ сыныптарындағы әдебиет пәнінде Б.Соқпақбаевтың «Менің атым Қожа» шығармасы екі сағат оқытылады. Ал бізде қазақ тілі мен әдебиеті екеуі бірік­кен­діктен, «Менің атым Қожа» мен зат есімге екі-ақ сағат тоқталамыз. Нәтижесінде шығар­маның түпкі мағынасын, тәрбиелік мәнін ұғындыра алмай қаламыз. Оқушы әр нәр­сенің басын шалып кетеді. Сосын бала са­бақтан шыққан соң басқа тілде сөйлейді. Се­бебі достары, қоғамның басым бөлігі өзге тілді.
Есенгүл Кәпқызы: Балалар сабақтан тыс кезде уақытының көбін теледидар алдында өткізеді. Онда балаларға арналған қазақша контент бар ма?
Гүлжайна Өзбек: «Қошқар мен теке» деген мультфильмді бәрі жақсы көреді. 7-сыныпқа, 8-сыныпқа, тіпті 3-сыныпқа көр­сетсең де, бәрі ұнатып қарайды. Дәл сондай мультфильмдерді көбейту керек. Балалар ин­тернетке жақын ғой. Сол жақтан мәліметті көбірек алады. Сондықтан балаларға арнал­ған сондай дүниелер көп болса нұр үстіне нұр.
Мөлдір Майлыбаева: Ондай мультфильм­дер жеткілікті. Мәселе басқада. Мысалы, «Мама пальчик, папа пальчик» деген мультфильмді Youtube желісінен қай тілде іздесеңіз де табасыз. Өзге тілдерде сондай сапалы дубляждалған. Артистер кішкентай баланың даусына салып сөйлейді. Ал қазақ тіліндегі нұсқасын жуан дауысты ер адам дыбыстайды. Менің 1,5 жастағы балама ол қызық емес – даусы жағымсыз. Біздің туындылар сол жағынан ақсап жатыр.
Жақында Кембридж технологиясы бойын­ша мұғалімдерді деңгейлік даярлау курсынан өттік. Сол жерде бізге қысқаша бейнежазба көрсетті. Балабақша тәрбиешісі балаларға даланың әдемі көрінісін көрсетіп, «Далаға шыққыларың келе ме?» деп сұрады. Балалар келісіп еді, ол үшін сырт киімдерін кию керек екенін айтты. Ал 2-3 жастағы балалар киімдерін өздері кие алмайды. Кисе де, ұзақ киінеді. Тәрбиеші оларға қалай киім киюді түсіндірді, бірақ бір де біреуіне көмектеспеді. Сонымен балалар өздері киінді. Өйткені далаға шыққысы келіп тұр. Бұл – қажеттілік. Бізде де сондай шыдамдылық, төзімділік болса, барлығына қол жеткізуге болады. Ол үшін, ең алдымен, тіл үйренуге деген қажеттілік болуы керек.
Қазим Тілекқабыл, М.Мәметова атындағы №28 мектеп-лицейінің қазақ тілі пәнінің мұғалімі: Абай атындағы ҚазҰПУ-ды биыл бітіріп, орыс тілінде білім беретін мектеп-лицейге жас маман болып жұмысқа орналас­тым. 2, 3, 4-сыныптарға қазақ тілінен сабақ беремін. Оларға үй тапсырмасына қосымша ретінде бір қазақша мультфильм көріп, сабақта мазмұндап беруге тапсырма беремін. Олар түсініп, айтып беруге тырысады. Айта алмағандары жазып келіп, оқып береді. Ал менің университетте бірге оқыған достарым орыс мектептерінде 7, 8-сыныптарға сабақ береді. Олар қатты қиналады. Оқушылары «Қазақ тілі керек емес» деп айтады екен. Сондықтан кез келген қызметке тұру үшін қазақ тілін білуді заңмен бекіту керек деп ойлаймын.
Дос ағамен келісемін, орыс мектептерінде қазақ тілін оқыту үшін грамматикаға қатты мән берудің қажеті жоқ. Балалар тілді тұрмыста қолдана алатын, сөйлей алатын деңгейге жетуді мақсат ету керек. Мысалы, менің оқушым Арсенийден бір қазақ әже «Қонаев пен Мақатаев көшелерінің қиылысына қалай барамын?» деп жол сұрағанда ол жауап бере алса – мақсатымның орындалғаны.
Көптеген мекемелерде қазақ тілінде қызмет көрсету мәселесі жолға қойылмаған. Бірнеше ай бұрын жеке кәсіп ашу үшін ­«Альфа банкіне» бардым. Сағат түскі 12-нің шамасы болатын. Қызметкерлердің бірі қазақ, екіншісі орыс, екеуі де қазақ тілін білмейді екен. Қазақша қызмет етуін талап еттім. Құжаттардың қазақша нұсқасын сұрадым. Тек кешкі 5-тер шамасында қазақ тілді маман алдыртып, қызмет көрсетті. Неге? Себебі мен – олардың клиентімін. Банк менің олардан қаражат алуыма мүдделі. Тағы бірде интернет-дүкеннен сағат алғым келді. Желіде қалай сатып алу, жеткізу жолдарын сұрап жаздым. Орысша жауап берді. «Мен сіздерді түсінбеймін» дедім. Екі сағаттан соң қазақша жауап келді. Олар да тауарды өткізуге мүдделі. Сол себепті тіл мәселесінде жоғары жақтан пәрмен күтіп отыра бермей, әр адамның осылай әрекет еткені тиімді.
Дина Имамбаева: Біз көбінесе өз құқық­тарымызды біле бермейміз. Мысалы, ­­ҚР Конституциясының 7-бабында «Қазақстан Республикасындағы мемлекеттік тіл – қазақ тілі» деп жазылған. Сондай-ақ «Тұтынушылардың құқықтарын қорғау туралы» Заңның «Сатушының (дайындаушының, орындаушының)міндеттері» атты 24-бабында: тауар (жұмыс, көрсетілетін қызмет) туралы, сондай-ақ сатушы (дайындаушы, орындаушы) туралы қазақ және орыс тілдерінде ақпарат беруге міндетті» деп көрсетілген. Конституция мен аталған заңнамаға сілтеме жасай отырып, кез келген азамат өзіне қазақ тілінде қызмет көрсетілуін талап ете алады.
Айпара Тұрсынова, №132 гимназияның 11-сынып оқушысы: Менің ойымша, тілді үйрену-үйренбеу адамның өзіне байланысты. Менің ұлтым – ұйғыр. Қазақ тілін жақсы көремін. Қызығамын. Бірақ қазақ тілі оқулықтарымызда тақырып аз. Мұғалімдеріміз тақырыптарды ғаламтордан береді. Алайда менің сыныптастарым, мектептегі өзге де оқушылар қазақ тілін білу қажет емес деп санайды. Өйткені ол ҰБТ-да талап етілмейді. Достарымызбен орысша сөйлесеміз. Тіпті бізде басшылар да, биліктегілер де орысша сөйлейді ғой.

Есенгүл Кәпқызы: Бүгінгі айтылған пікірлерден түйгеніміз, біріншіден, мектептегі оқу бағдарламасында бірізділік, жүйелілік жетіспейді.  Екіншіден, мұғалімдердің айтуынша, оқулық мәселесі бар. Тапсырмалардың оқушының жас және тілдік ерекшелігіне сәйкес әзірленбеуі тілді меңгеруге кедергі болып отыр. Өзгетілді азаматтардың қазақ тілін үйренуіне бейімделген әдебиеттер, оқу құралдарын дайындау маңызды. Үшіншіден, өзге тілді балаларды қазақ тілінде оқытатын мұғалімдер даярлауға көбірек көңіл бөлу керек. Төртіншіден, бізде «Қазақ тілі» қоғамы, Тіл білімі институты, Тіл комитеті, Тіл басқармалары, қазақ тілін үйрету орталықтары бар. Бірақ оларда біз айтып отырған мәселелер қарастырылмайды. Демек, арнайы қазақ тілі институтын құрып, осы проблемалардың шешімін табу қажет. 

Дина Имамбаева,
Әсел Сарқыт




ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Сіздің электронды пошта жарияланбайды. Қатарды міндетті түрде толтырыңыз *