Америкалық кәсіби маман Димаштың өнерін жоғары бағалады

345

Вокал бойынша америкалық кәсіби маман Мэри Циммер Димаш Құдайбергеннің Қытайдағы «Мен әншімін» байқауындағы өнерін тамашалап, отандасымыздың вокалдық қабілетіне тәнті болғанын жеткізді, деп хабарлайды ҚазАқпарат агенттігі.

Мэри Циммер YouTube желісіндегі өзінің жеке арнасында әлемдегі әртүрлі әртістердің өнеріне баға беріп отырады. Димаштың өнерін бағалау жөнінде әншінің көптеген жанкүйерлері қолқа салған көрінеді. Музыкалық сарапшы қазақ әншісінің шығармашылығымен таныс емес екен.

Жаттықтырушы өзінің вокалдық мүмкіндігі үш октаваға ғана жететінін мойындайды. Ал Димаш алты октавамен еркін ән шырқай алады.

«Мен жүздеген адамға ән айтуды үйреттім. Бірақ олардың бір де біреуі бес октавада ән айта алмайтын. Шын мәнінде, мен оқытқан әншілердің барлығының үш немесе үш жарым октавалық мүмкіндіктері бар. Әйгілі әншілердің өзі орташа вокалдық диапазонда ән шырқайды», — дейді ол.

Вокал маманы Димаштың ең жоғары нота — D8 (сегізінші октаваның ре нотасы) бойынша ән шырқай алатын қабілетіне таңданысын жасырмайды.

«Мұндай вокалдық талант екінің біріне бұйыра бермейді. Димаш — айрықша вокалдық ауқымның сирек кездесетін иегері. Ол сондай-ақ әртүрлі стильді біріктіре алатын керемет шебер»,- деп атап өтті сарапшы.

Димаштың өзіндік ерекшелігі — тенормен, баритон және сопраномен ән айта алуында.

«Өмірімде 4 октавалық сопраномен ән шырқай алатын бір ғана өнер иесімен кездескенім бар. Адамның дыбыстық байланысы музыкалық аспапқа ұқсас. Ішек ұзын болған сайын дыбыс тербелісі соғұрлым жиі. Димаштың әдеттен тыс вокалдық байламы бар. Ол, менің ойымша, жұқа әрі кең. Бұдан бөлек, Димаш ән айту техникасының шынайы шебері», — деп есептейді блогер.

Вокал мұғалімі Димаштың осындай нәтижелерге қол жеткізе алуының бірден-бір себебі — классикалық және қазіргі заманға сай әндермен өте көп уақыт жұмыс істеуінің арқасы деп есептейді.

«Тіпті, адам бірегей дарынмен дүниеге келсе де, даусымен шындап жұмыс істемесе, өнері сол күйі көміліп қалар еді», — деп қорытындылады Мэри Циммер.




ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Сіздің электронды пошта жарияланбайды. Қатарды міндетті түрде толтырыңыз *