Мәжілісте банкроттық рәсімдерге қатысты заң жобасы таныстырылды

883

Мәжілісте Қаржы және бюджет комитетінің отырысы өтіп, онда банкроттық рәсімдерге қатысты заң жобасының таныстырылымы өтті. Депутаттар алдында «Қазақстан Республикасының кейбiр заңнамалық актiлерiне оңалту және банкроттық рәсімдерін жетiлдiру мәселелері бойынша өзгерiстер мен толықтырулар енгiзу туралы» заң жобасын Қаржы вице-министрі Қанат Баеділов таныстырды. Мемлекет Басшысының тапсырмасына сәйкес әзірленген заңнамалық құжатта оңалту және банкроттық рәсімдерін қолдану үшін шарттарды жеңілдету, рәсімдерді жүргізу мерзімін қысқарту және жұмыс істемейтін борышкерлерді жеңіл түрде тарату қарастырылған. Жауапты министрлік өкілінің айтуынша, бүгінгі таңда 400-ге жуық кәсіпорын оңалту рәсімін, 4 мыңға жуық бизнес субъектілері банкроттық рәсімін қолдануда. Негізінде, ауыр қаржылық жағдайындағы бизнес субъектілері одан айтарлықтай көп. Қолданыстағы Заң кәсіпкерге тез арада сәтсіз бизнесін жабуға жол бермейді. Сондай-ақ, потенциал барларға оңалтылу процесіне жүгіну де қиынға түседі. Әр төртінші жағдайда сот борышкерді банкрот деп танудан бас тартады. Сотқа субъектінің қаржылық жағдайына объективті баға беру қиын. Кішкентай активтерінің бар болуы, сот үшін қарыздарды өтеуге мүмкіндік деп есептелінеді. Ұқсас жағдай оңалтуды қолдануда да байқалады. Әр үшінші арыз бойынша, борышкер – төлемге қабілетті немесе төлем қабілетсіздігін қалпына келтіру үшін қаржы қорының бар екенін дәлелдемеді деген сылтауымен сот оңалту рәсімін қолданудан бас тартады. Заң жобасы осы мәселелерді шешуге бағытталған. Сонымен қоса, заң жобасын дайындау кезінде шетелдік тәжірибе пайдаланылып, ұсынылған нормалар оңалту және банкроттық рәсімдерін бизнес субъектілері тарапынан қолдануын 32 пайызға белсендіреді. Өз кезегінде, мерзімдердің 20 пайызға дейін және оларды жүргізуге шығындардың 40 пайызға қысқаруы Дүниежүзілік Банктің «Doing Business» рейтингісіндегі «Төлем қабілетсіздігін шешу» индикаторы бойынша Қазақстанның позициясына жағымды әсер етеді деп күтілуде. Отырыс барысында депутаттар заң жобасына қатысты бірқатар мәселелерді көтерді. Депутат Екатерина Никитинская жетекшілік ететін Мәжілістің Қаржы және бюджет комитетіндегі жұмыс тобы шеңберінде депутаттар тарапынан ұсынылған ұсыныстар мен ескертулер назарға алынатын болады.

Мәжілістің Баспасөз қызметі




ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Сіздің электронды пошта жарияланбайды. Қатарды міндетті түрде толтырыңыз *