«Көктем мерекесі» фотокөрмесінің салтанатты ашылу рәсімі өтті

908

2019 жылдың 15 қаңтары күні Қазақстан Республикасы ұлттық Музейінде Қытай Халық Республикасының Қазақстан Респуликасындағы Елшілігімен бірлесіп ұйымдастырған «Көктем мерекесі» фотокөрмесінің салтанатты ашылу рәсімі болып өтті. Бұл туралы Қазақстан Республикасының Ұлттық Музейі»
РМҚК Ақпараттық-имидждік жұмыстар қызметі хабарлайды.

Көктем мерекесі – табиғаттың бусанған шағы, табиғаттың осы тамаша маусымының мерекесі, өмір мен үміт сәулесінің шұғыласын шашқан шағы. Мыңдаған жылдар бойы қытайлықтар әлмисақтан бермен қарай қауырт шаруадан қолы қалт еткен шағында, қыс пен көктемнің тоғысқан кезінде ескіні шығарып салып, жаңаны қарсы алатын болған, жыл бойы татқан несібесі үшін Жер-Анаға шексіз алғыс айтып, жасыл желек жамылған табиғаттан тағы да берекелі нәсіп тілейді.
Абай Сатубалдин, Қазақстан Республикасы ұлттық Музейі директорының орынбасары: «Бақандай бес жыл көлемінде, яғни Ұлттық музей өзі өмір табалдырығын аттағалы бері Қытай халық Республикасының Қазақстан Республикасындағы Елшілігімен еліміздің музей ісін дамыту саласы бойынша тығыз қарым-қатынаста жұмыс жасап келеді. Міне, Жаңа, 2019 жылдың алғашқы апталарының бірінде тағы да жүздесіп тұрмыз. Бәріміздің басымызды қосуға себеп болған «Көктем мерекесі» фотокөрмесі табиғи үйлесімділік, адами жарасымдылық мерекесі, осы қасиеттер адамзаттың бақытты да бейбіт өмір сүруінің негізгі алғышарттарының бірі. Біз өзара ынтымақтастығымыз арқылы әлі де талай асуларды бағындыра аларымызға сенімдіміз. Бүгінгі мүмкіндікті пайдаланып, Елші мырза, мынау тамаша шара үшін шынайы ризашылығымды білдіргім келеді».
Көктем мерекесі қытай өркениеті мен табиғаттың арасындағы ажырамас нәзік байланыстарды ашып көрсетеді, сонымен бірге жылдың ең тамаша кезіне тап келетін жыл мезгілінің барлық ерекшеліктерін айшықтап көрсетеді.
Чжан Сяо Қытай Халық Республикасының қазақстан Республикасындағы Төтенше және Өкілетті Елшісі: «Қадірлі достар, Сіздер куә болып тұрған фотокөрме Қытай күнтізбесіне сәйкес келетін Жаңа жылға, яғни Чунь Цзе көктем мерекесіне арналған. Чунь Цзе шежіресі төрт мың жылға иек артады, бұл барша қытайлықтардың сүйіп қарсылайтын мейрамы. Көрмеге ұсынылған фотосуреттер Чунь Цзе көктем мерекесін әлемнің түкпір-түкпірінде қалай атап өтетінінен хабар береді».
Бұл көрмеден әлемнің бес құрлығын мекендейтін адамдардың Көктем мерекесін қарсы алу кезіндегі шаттықты сәтін бейнелейтін 120 туынды орын алған. Табиғаттың бұла шағын тойлау мерекесі өзінің бойына жанұя мен жарасым, қуаныш, отбасы бірлігі мен ұрпақ салтанаты секілді идеяларды сіңіре алған, мұның бәрі қытай халқы үшін құндылық болып табылады.

Көрме 2019 жылдың 15 ақпанына дейін жалғасады.

 




ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Сіздің электронды пошта жарияланбайды. Қатарды міндетті түрде толтырыңыз *