Бас прокурор браконьерлер соққыға жыққан инспектордың ісін жеке бақылауына алды

296

ҚР Бас прокуроры Қайрат Қожамжаров Қарағанды облысында браконьерлермен қақтығыста зардап шеккен инспекторлар бойынша істі жеке бақылауына алды. Бұл туралы Парламент Мәжілісінде тілшілерге Бас прокурордың орынбасары Андрей Лукин мәлімдеді, деп хабарлайды kazgazeta.kz  ҚазАқпарат агенттігіне сілтеме жасап.

«Бас прокурор аталған істі жеке бақылауына алды. Полиция департаменті осы ауыр қылмысты жасаған күдіктілерді анықтау бойынша жедел іздестіру шараларын жүргізуде. Сонымен қатар, Ішкі істер министрлігі орталық аппаратының қызметкерлері жергілікті полицияға көмек көрсету үшін Қарағанды облысына аттанды. Қысқа мерзімде бұл қылмыстың беті ашылатындығына сенімдімін. Яғни күдіктілер анықталып, қамауға алынады», — деді А. Лукин.

Мұнымен қоса ол тергеу амалдары барысында күдіктілер қай баптармен айыпталатыны анықталатынын жеткізді.

«Бұл қылмысты жасағандар міндетті түрде қылмыстық жауапкершілікке тартылады. Сәйкесінше, Қылмыстық кодекс бойынша жазасын алады», — деді Андрей Лукин.

Естеріңізге сала кетейік,  осыдан бірнеше күн бұрын 5 киік атқан браконьерлермен қақтығыста ауыр жарақат алған «Охотзоопром» ӨБ» РМҚК инспекторы Ерлан Нұрғалиев 15 қаңтарда қайтыс болған еді.




ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Сіздің электронды пошта жарияланбайды. Қатарды міндетті түрде толтырыңыз *