АУДАН ӘКІМІ «ЕЛ АҒАСЫ» ЖАСЫНА ЖЕТКЕН МЕМЛЕКЕТТІК ҚЫЗМЕТКЕРДІ ҚҰТТЫҚТАДЫ

307

Мемлекеттік қызмет саласында талай жыл жемісті қызмет еткен Набатов Нарзілдә Асылбекұлының мерейлі 60 жасқа толуына орай Мақтаарал ауданы әкімі аппаратында салтанатты жиын өтті. Аудан әкімі Бақыт Асанов мерейтой иесіне ізгі тілегін арнап, үстіне шапан жапты. Сондай-ақ, Мақтаарал ауданының 90 жылдығы мерекелік медалімен марапатталды. Бұл туралы аудан әкімінің баспасөз қызметі хабарлады.

«Құрметті Нәрзілдә Асылбекұлы! Сізді Мақтаарал ауданы әкімдігі атынан мерейлі 60 жасқа толған туылған күніңізбен шын жүректен құттықтаймын! Жастайыңыздан елге қызмет етіп, күш-жігеріңізді, қажымас қайратыңызды осынау халқыңызға арнап келесіз. Көп жылдар бойы Жетісай қаласын көркейтуге, өркендетуге белсене атсалыстыңыз. Ауыл округін басқарған кезіңізде де халыққа мейлінше жақын болуға ұмтылып, іскерлік және ұйымдастырушылық қабілетіңізбен жұртшылықты игі істерге жұмылдыра білдіңіз. Елдің береке-бірлігін нығайтуға күш салдыңыз. Осылайша отызда орда бұзып, қырқыңызда қамал алып, ел үмітін ақтадыңыз. Енді, міне, талай биік асуларды бағындырып «Ел ағасы» жасына жетіп отырсыз. Ұзақ жылдар бойы мемлекеттік қызметте өзіңізге сеніп тапсырылған істі қалтықсыз орындау арқылы үлкен құрметке бөлендіңіз. Ел өзіңізді парасатты, ұстамды, білімді, кісілік келбеті сыпайылығынан танылатын ізетті, қарапайым мінезді азамат ретінде сыйлайды. Сізді тағы да мерейлі жасыңызбен құттықтай отырып, зор денсаулық, ұзақ ғұмыр, отбасыңызға амандық, бақ-береке тілеймін» — деді Бақыт Насырханұлы.

Айта кетейік, Нәрзілдә Асылбекұлы 1959 жылы туылған. 1982 жылы Алматы сәулет-құрылыс институтын бітірген. Мемлекеттік қызметтегі еңбек жолын 1992 жылы Жетісай ауданы әкімшілігі аппаратында аға реферант болып бастайды. Осылайша түрлі жылдары бас маман, инспектор қызметтерін атқарып, 1997 жылы іріленген Мақтаарал ауданында Жетісай қаласы әкімінің орынбасары қызметіне тағайындалды.

2006 жылы Мақтаарал ауданы Қазыбек би ауылдық оургінің әкімі болып сайланды. 2010 жылдан бастап аудан әкімі аппараты жалпы бөлімнің басшысы қызметін ұзақ жылдар бойы атқарды. 2017 жылы Мақтаарал ауданы әкімінің кеңесшісі – әдеп жөніндегі уәкіл қызметін абыроймен атқарды.

Айта кетейік, Н.Набатов қазіргі таңда Жетісай ауданы әкімі аппаратында ұйымдастыру-инспекторлық бөлімінің бас инспекторы мемлекеттік лауазымында қызмет етіп келеді.

 




ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Сіздің электронды пошта жарияланбайды. Қатарды міндетті түрде толтырыңыз *