Жаны жайсаң жан аға

837

Зағип және көру қабілеті нашар азаматтарға арналған Республикалық кітапханада «Жаны жайсаң жан аға» атты әдеби кеш өтті. Қазақстан Журналистер одағы, Әлем Халықтары Жазушылар Одағының мүшесі, ақын Әбетхан Тоқтағанның 70 жасқа толу құрметіне орай өткен поэзия кешіне елімізге танымал қаламгерлер, өлеңсүйер оқырмандар қатысты.

–Шығыс Қазақстан облысы, Зайсан өңірінің тумасы, туған жерін жырға қосқан ақынның қаламынан туған: «Жатсынба, жарық дүние», «Ізгілік ізімен», «Өмірден өлең іздеймін», «Айжарық ғұмыр кештім мен», «Заман – ұзақ, өмір — шақ» атты кітаптары, бүгінде баспаға дайындалып жатқан «Тағдырымнан тамған тамшылар» жинағы әдебиетімізге қосылған үлес десек артық айтқанымыз емес, – деп, кеш шымылдығын ашқан дәстүрлі әнші Бауыржан Құмарбеков ақынның өмір жолына, адамгершілік қасиеттеріне тоқталды.

Зайсан аудандық «Достық» газетінде жемісті қызмет атқарып, кейіннен көру қабілеті нашарлаған соң Алматыға қоныс аударған ақынның зағиптар қоғамында бірнеше жыл еңбек етіп, «Өнер өрімдері» әдеби клубының жетекшісі ретінде өнер, әдебиет майталмандарының басын жиі қосып, аталмыш кітапхананы кішігірім рухани құтханаға айналдырғанын айтпай кетуге болмас.

Міне, енді ақсақал жасқа жеткен ардақты жанды кітапхана директоры Асхат Құсайынұлы Байұзақов, «Демалыс» ЖШС-інің директоры Ғазиз Әділханов, өнертанушы Мүбәрак Шәкір, Халықаралық «Алаш» сыйлығының лауреаттары, ақындар: Зейнолла Тілеужанов, Заманбек Әбдешев, Болат Шарахымбай, жазушы-публицист Талғат Айтбай, Желтоқсан қаһарманы Халелхан Ыбырайымханұлы, т.б. кеш иесіне ұзақ та шабытты ғұмыр тілеп, ақын иығына шапан жауып, сый-сияпаттарын жасады. Ал Қарасай ауданы мектебінің оқушысы, жас дарын Айсұлу Съезхан өз өлеңдерін арнап, ақын атасының батасын алды.

Жамбыл атындағы филармония әншісі Омар Болатбаев «Туған жер» әнімен көңілдерге көрік сыйласа, өнерлі қарындасы Айша Садырбаева Жәнібек Кәрменовтің «Өмір толғауы» термесімен көпшілікке ой салды. Сонымен қатар зағип әншілер Азамат пен Әспеткүл Айтжановтар Әбетхан аға сүйіп тыңдайтын «Гүлдерайым» халық әнін орындап берсе, ақын-сазгер Талап Қараш өзінің «Тарбағатай сілемдері» күйін сыйға тартты.

Салтанат ТІЛЕУКЕНОВА,

кітапханашы

Алматы қаласы




ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Сіздің электронды пошта жарияланбайды. Қатарды міндетті түрде толтырыңыз *