Екпе алғаннан кейінгі баланың жағдайы қауіп тудырмайды

1793
Вакцина алғаннан кейін өзін нашар сезінген 16 жастағы жасөспірімнің  жағдайы дәрігерлер бақылауында,  деп хабарлайды Атырау облысының Өңірлік коммуниациялар қызметі.
Жағдайға байланысты Құрманғазы аудандық орталық ауруханасының директоры Гүлшара Мүтиева түсінік берді.
-23 қаңтарда Құрманғазы ауданы Ақкөл ауылында 16 жастағы жасөспірім екпе алғаннан кейін өзін нашар сезінген.  Жергілікті медқызметкер ауданнан терапевт дәрігер шақыртқан. Қыз бала аудандық орталық ауруханаға жеткізілді, -дейді Гүлшара Мүтиева.
Аурухана басшысының айтуынша,  жан-жақты медициналық көмек көрсетілген. Құрысу белгілері байқалмады, тек аяқ-қолы шамалы тартылған.
24 қаңтарда жасөспірім санитарлық авиациямен облыстық балалар ауруханасына жеткізілді,  компьютерлік томография жасалды. Ешқандай бұзушылық байқалмады.  Дәрігерлер жасөспірімнің жағдайы қауіпті емес екенін,  кешенді тексеру жұмыстары жүріп жатқанын айтады.
-Бұл отбасында эпилепсиямен ауыратын  5 сынып оқушысы бар екен, -дейді Гүлшара Мүтиева. -Екпені қабылдауға осы жағдай да әсер етуі мүмкін. Ал екпеден кейін неге өзін нашар сезінгенін мамандар анықтайды. Екпеден қорыққаны,  қобалжығаны да әсер етуі мүмкін. Менің педиатр ретінде 20 жылдық жұмыс өтілім бар,  бірақ дифтерияға қарсы екпенің жағымсыз әсерін кездестірмедім.
 Денсаулық сақтау басқармасының хабарлауынша,  Құрманғазы ауданында аталған екпе өткен жылдың қазан айынан бері салынып жатыр. Ауданға 800 доза екпе жеткізілген. Бүгінге дейін 220 жасөспірімге екпе салынған. Олардың ешқайсының денсаулығында асқыну  байқалмады. Облыс бойынша осы сериядағы вакцинаның 30800 дозасы алынған. Екпе дифтерия мен сіреспеге  қарсы жоспарлы вакцина салу үшін және бала кездегі иммунитетті белсендендіріп, ұзартуға арналған. 50% екпе салынды,  денсаулығына шағымданғандар болған жоқ.
-Қазір қыз баланың денсаулығы қалыпты,  қызуы қалыпты, құрысу белгілері жоқ, ештеңе мазаламайды, -деп атап өтті облыстық денсаулық сақтау басқармасы.
Екпенің жағымсыз әсері — қызу көтерілу, қалтырау, екпе орнының ісінуі жасөспірімде байқалған жоқ.



ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Сіздің электронды пошта жарияланбайды. Қатарды міндетті түрде толтырыңыз *