«Қазақфильмді» қандай өзгерістер күтіп тұр?

649

ҚР Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы «Астанафильм» құрылатынын, сондай-ақ «Қазақфильм» аумағында еркін экономикалық аймақ болатынын мәлім етті.

«Елбасымыз «Кинематография туралы» Қазақстан Республикасы Заңына қол қойғаны баршамызға белгілі. Бұл ауқымды құжат кинематография саласында құқықтық негіз орнатуға бағытталған. Заң жобасы үш жыл бойы дайындалып, жасалып, енді бекітілді. Бұл кино саласы үшін маңызды, яғни ұлттық кино өндірушіні қолдау, ұлттық киноны прокатта шығару, қазақстандық киноны әлемдік кино нарығына белсенді түрде шығаруға бағытталған осы сала үшін өте маңызды заң. Заң туралы кеңірек айтқым келіп отыр», — деп тоқталды министр. Оның сөзіне қарағанда, еліміздің кинокөрсетіліміндегі барлық фильмдерді қазақ тіліне дубляж жасау, не субтитр беру, немесе кадрдан тыс аударманы қамтамасыз ету — қазақстандықтардың көптен күткен нормасы. Аударма көрсетілім иесінің, дистрибьютор есебінен жасалатын болады және тұсаукесер мерзіміне әсер етпеуі керек. Аударма түпнұсқадан немесе ресейлік нарық үшін орыс тіліне тәржімаланған нұсқадан жасалатын болады, мұны көрсетілім иесі өзі шешеді. Көрсетілімі шектеулі фильмдер ғана бұл ережеден тыс болады. Ұлттық фильмдердің көрсетіліміне келсек, олар қазақ тілінде болады, басқа тілде қажеттілік туындаған жағдайда ғана көрсетіледі. «Қытай мен АҚШ-та көрсетілетін фильмдердің бәрі аудитория тіліндегі субтитрлермен қамтамасыз етіледі. Бұл — ең оңтайлы және пәрменді механизмдердің бірі. Қазақстаға жылына 300-ден астам фильм әкелінеді және олар қазақ тіліндегі нұсқасыз көрсетілетін. Мұның әртүрлі себептері бар, соның бірі — құқық иеленуші үшін кәсіби дубляж жасауға жұмсалған қаржы еліміздегі көрсетілімнен түскен пайдадан асып кетуі мүмкін. Сонымен қатар, заңда фильмдерді жасқа қарай жіктеп, соған сәйкес категория берілуін, фильмдерді жүйелеп, есепке алып, мониторинг жүргізетін біріңғай автоматтық ақпараттық жүйе құру қарастырылған», — деді А. Мұхамедиұлы. Атап айтқанда, кино өндірісімен айналысатын елдердің озат тәжірибесіне сүйене отырып, Ұлттық киноны қолдау мемлекеттік орталығын құру жүйесі қарастырылды. Заң кинематографияны мемлекет тарапынан қаржылай қолдайтын оператор болып табылатын Ұлттық киноны қолдау мемлекеттік орталығы жұмысының құқықтық негізін айқындайды. Ұлттық киноны қаржыландырудың жаңа моделі іске асады. Ірі киноөндірушілерді қолдау және инвесторларды тарту мақсатында субсидия төлеу, кинематография саласында салық жеңілдіктері, кино қызметін есепке алу және мониторинг жасау автоматтық ақпараттық бірыңғай жүйе құру, киноколлекцияларды цифрландыру шаралары қарастырылған. «Қазақстан Үкіметі жанынан ұлттық фильмдерді мемлекет тарапынан қаржылай қолдау туралы ұсыныстар мен ұсынымдар мәселесімен айналысатын консультативтік-кеңесші орган — Ұлттық фильмдерді мемлекет тарапынан қаржылай қолдау мәселелері бойынша мекемеаралық комиссия құрылады. Елбасымыздың тапсыруымен «Астанафильм» және «Қазақфильм» территориясында еркін экономикалық аймақ құру мәселесі қарастырылды. Жаңалықтар осындай! Біз бәріміз Елбасымыздың Заңға қол қоюын асыға күттік. Кинематографиямыздың дамуында шешуші кезең болып табылатын Тәуелсіз Қазақстан тарихындағы «Кинематография туралы» тұңғыш заң қабылдануымен баршаңызды құттықтаймын!», — деп жазды Арыстанбек Мұхамедиұлы. Айта кетейік, биыл қаңтардың басында Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев кинематография саласында құқықтық негіздемелерді белгілеуге бағытталған «Кинематография туралы» Қазақстан Республикасының Заңына қол қойды.

Дереккөз: inform.kz




ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Сіздің электронды пошта жарияланбайды. Қатарды міндетті түрде толтырыңыз *