Аққулы Ақтау

2681

Қарт Каспийдің жағалауындағы Ақтау қаласы соңғы жылдары барынша жаңарып, жанданып келеді. Сұлу теңізге сырласқан осынау сыршыл қаланы «Kazgazeta.kz» тілшісі аралап қайтқан еді. Ендеше, ажарлы Ақтауға бірге саяхаттайық.

Алматыдан ұшып шыққан ұшақ Ақтауға 3 сағатта жетеді. Ақтау халықаралық әуежайына қонар кезде, терезеден мамық бұлттардың төменгі жағынан  Каспий теңізінің айдыны көрінді.

Қала Каспий теңізінің шығыс жағасында орналасқан. 1964 жылдан 1991 жылға дейін украин ақыны Тарас Шевченконың құрметіне Шевченко аталған болатын. Ақтау қаласы Ленинград қаласының үлгісі бойынша қаланған.

Ақтау қаласы Қазақстанның өзге қалаларынан өз көшелерімен ерекшеленеді. Бұл қалада көше атаулары жоқ. Ақтау көшелері ықшам аудандармен бөлінеді. Қаланың 36 ықшам ауданы бар. Қалалық мекен-жайлар телефон нөмірлерімен ұқсас болып келеді. Мысалы, мекен-жай атауын қысқа 15-25-33 деп атайды. Яғни, 15-аудан, 25-үй, 33-пәтер. Атау берілген екі даңғыл бар, ол қала орталығындағы Бірінші Президент пен Тәуелсіздік даңғылдары.

Қала тұщы сумен қамтылған. Табиғи минералды суға тұщы теңіз суынан өндірілген дистиллят қосу арқылы тұщы суды өндіреді. Ал қаланы электрэнергетикамен әлемдегі алғашқы жылдам нейтрондағы АЭС қамтамасыз етеді.

Жыл сайын, қыс мезгілі басталғанда Ақтаудағы Каспий теңізінің жағалауына аққулар келеді. Жергілікті ақпаратқа сүйенсек, Маңғыстау өңірі өткен ғасырдың 70-ші жылдарынан бері құс төресі атанған аққудың тұрақты қыстап кететін мекені. Алғашында»Қаракөлге» 30-мыңдай аққу ұшып келген. Кейін азық іздеп қалаға қарай ағыла бастаған. Содан бері аққу Каспий теңізінің көркіне айналған.

Бүгінде Ақтауда Халықаралық әуежай орналасқан. Онда елімізден жақын және алыс шет мемлекеттерге әуе сапарлары жалғасады. Сондай-ақ, Ақтауда үлкенді-кішілі саяси-экономикалық жиындар өтіп тұрады.

  Теңіз жағасында таңертең және кешкілік серуендеушілерді көптеп кездестіруге болады. Жаңартылған жаяу жүргіншілер жолы ғажайып мифологиялық ескерткіштер мен түрлі галереялық суреттермен көз баурайды. Бұл туристерді қызықтырудың жолы екенін ескерсек, Ақтауға әлі де тартымды дүниелер қажет-ақ. Елбасы атап өткендей, бұл қала Қазақстанның «Анталиясына» айналуы керек. 

Еске сала кетейік, өткен жылы жаз мезгілінде Ақтау қаласында Каспий маңы мем­лекеттері басшыларының Бесінші саммиті өткен болатын. Аса маңызды халықаралық жиынға Қазақ­станның, Ресейдің, Әзербайжанның, Иранның және Түрікменстанның президенттері қатысып, тараптар Каспий теңізінің құқықтық мәрте­бесі, теңізде экономика, көлік-транзит, эколо­гия, қауіпсіздік және басқа да салалар бойын­ша ынтымақтастық орнату мәселелерін талқылады.

Досжан БАЛАБЕКҰЛЫ

(суреттерді түсірген автор)

Ақтау қаласы, Маңғыстау облысы

 




ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Сіздің электронды пошта жарияланбайды. Қатарды міндетті түрде толтырыңыз *