Мемлекеттік қызметшінің басты қасиеті – қарапайымдылық

344

Басшы кабинетте отыра бермей, қызметшілердің жұмыс кабинеттерін аралап, олармен тілдесіп, көңіл-күйлеріне назар аударып тұру қажет. Сонда ғана ұжымдағы моральдық-психологиялық ахуалдың жай-күйі ретке келеді. Маңғыстау облыстық қоғамдық денсаулық сақтау департаментінде өткен семинар-кеңесте сөз сөйлеген ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Маңғыстау облысы бойынша департаментінің басшысы Нұргүл Жанназарова осылай деді. Бұл туралы ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Маңғыстау облысы бойынша департаментінің баспасөз қызметі хабарлайды. 

Шараға Маңғыстау облысына арнайы іс-сапармен келген ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің Әдеп жөніндегі уәкілі Файзулла Бисмильдин және Қоғамдық денсаулық сақтау комитетінің Әдеп жөніндегі уәкілі Айтмағанбет Жолшоринов қатысты. Сонымен қатар, Атырау облысы қоғамдық денсаулық сақтау департаментінің басшысы – Темірбек Мұсағалиев, оның орынбасары Амантай Жұмағалиев, медициналық қызметті бақылау бөлімінің басшысы Базарбай Айташов, құқықтық жұмыстар бөлімінің жетекшісі Эльдар Менжанов, Маңғыстау облысы денсаулық сақтау басқармасының ұжымы, қоғамдық денаулық сақтау басқармасының облыстық бөлімшесі және өңірлік фармация департаментінің басшысы Айнагүл Жүнісбекова біраз мағлұматқа қанық болды.

Мемлекеттік қызметшінің ұжымдағы өзара қарым-қатынас мәдениеті мен құқықтық сауаттылығын арттыру, әдептілік мінез-құлқын және кәсіби имиджін көтеру бүгінде өзінің өзектілігін жоғалтпай келе жатқан түйткілді мәселелердің бірі.

Маңғыстау облысы қоғамдық денсаулық сақтау департаменті қызметінде заңбұзушылықтар да жоқ емес екендігі шарада ерекше аталды. Мәселен, былтыр мекеме қызметкерлерімен жаңа жылдық сыйлықтар алу дерегі тіркелген болатын. Сондай-ақ, жұмыстан тыс уақытта қызмет орнында табылғандары тағы бар. Осындай деректерге жол берген Департамент басшысы Б.Өтесінов тәртіптік жазаға тартылғаны былай тұрсын, ҚР Әкімшілік құқықбұзушылық туралы Кодексінің 89 бабының 1 бөлімімен әкімшілік жазаға да тартылды.

Кәсіби мемлекеттік аппарат құру үшін білікті де білімді, қиындықтарға төтеп бере алатын, адал да әділ қызмет атқаратын мамандар қажет. Ал, сол мамандарды тәрбиелеп шығаратын басшылар өздерінің тәжірибесімен бөлісуге дайын тұру керек. Жасыратыны жоқ, көптеген басшылар кабинетте отырғанды ұнатады, ұжымға немесе халықтың алдына шығуға құлықсыздық танытып жүргендер аз емес.

«Кез-келген мекеме басшысы кабинетте отыра бермей, қарамағындағы қызметшілердің кабинеттерін аралап шығып тұрса, іштегі ахуал әлдеқайда жақсара түсері сөзсіз. Меніңше басшы кабинетте отырып алып, қызметшілерді үнемі біртіндеп қабылдағаны дұрыс емес. Керісінше, кей жағдайда қызметкерлердің жұмыс орнына өздеріңіз барсаңыздар, олармен тең дәрежеде пікір алмасып, проблемаларды бірге шешу жолдарын іздесеңіздер, сіздерге деген құрмет, ыстық ықыласы, сенімі арта түседі. Яғни, алдымен өзгерістерді басшылар өздерінен бастағаны дұрыс. Ұжымдағы моральдық-психологиялық ахуалдың жай-күйі қағидалары мен әдістемесін құжаттардан танысып, білу жеткіліксіз. Оны ұжымда қолдану жолдарын үнемі жетілдіріп отыру — әрбір басшының міндеттерінің бірі болуы заңдылық», — деді Н.Жанназарова.

Мемлекеттік қызметші қай кезде моральдық-этикалық талаптарды сақтауға міндетті екендігіне қарамастан, ұжым арасында түсініспеушіліктер көріністер орын алып тұратындығы жасырын емес. Ал ұжымда жағымды моральдық-психологиялық ахуалды қалыптастыруда Әдеп жөніндегі уәкіл қызметінің рөлі зор болғанымен, бірінші басшыға да тікелей байланысты. Яғни, қызмет барысында туындайтын кедергілер, мүдделер қақтығысын шешу, ұжымдық ортаны қалыптастыруда алдымен мекеме басшысы мүдделі болуы тиіс екендігі айтылды.

Сөзінің соңында Нұргүл Жанназарова, басшы өзін басқалардан артық көрмей, адал да үлгілі болуға, кез-келген саладағы ең жоғары саты – қарапайымдылық екендігін ұмытпауға шақырды. Айта кету керек, ұжым арасындағы моральдық-психологиялық жай-күй төңірегінде ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің Әдеп жөніндегі уәкілі Файзулла Бисмильдин және Қоғамдық денсаулық сақтау комитетінің Әдеп жөніндегі уәкілі Айтмағанбет Жолшоринов сөз сөйледі.

Атап айтқанда, парасаттылық мәдениетін қалыптастыру төңірегінде сөз болды. Әсіресе адам құқықтарын құрметтеу және сыпайылық, заңға деген құрмет, қызмет көрсетуде кемелділікке талпыну, мемлекеттік қызметшілердің жауапкершілігі және оларды қорғау сияқты мәселелер айтылды.

Бұл ретте 2018 жылы мемлекеттік қызметшінің әдебі және мінез-құлық нормалары кітапшасының жаңартылған түрі шыққан болатын, яғни мемлекеттік қызметшілердің күнделікті жұмысында қолдануға қолайлы Әдеп кодексінің қойын кітапшасы Pocketbook енгізілгендігін мамандар еске салды. Онда мемлекеттік қызметшілердің қызметтік қарым-қатынаста, азаматтармен байланыста, жұмыстан тыс уақытта қандай мінез-құлық таныту керектігі, сондай-ақ, әлеуметтік желіні пайдалану, БАҚ-тарда сөз сөйлеу сынды мәселелер қамтылған.




ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Сіздің электронды пошта жарияланбайды. Қатарды міндетті түрде толтырыңыз *