«Тайлақтың тақиясы» фильмі көрерменге жол тартады

848

Қазақ киносының шоқтығы биік тұлғасы — режиссер, әрі актер Шәкен Аймановтың кеңес уақытында түсірілген «Тақиялы періште» фильмі көрерменінің көзайымына айналып, көпшіліктің жүрегін жаулаған бірегей көркем туынды.  Ұлы Тайлаққа қалыңдық, өзіне өнегелі келін іздеп сарылған Әмина Өмірзақованың оқиғасы бүгінде жаңа кинотуынды арқылы жалғасын тауып отыр.

28-қаңтарда Алматыдағы «Kinopark (Есентай) IMAX» кинотеатрында «Тақиялы періште» фильмінің жалғасы «Тақиялы періште – 2» / «Тайлақтың тақиясы» көркем фильмінің тұсаукесері өтті. Фильмде бұл күнде ұл-қыз тәрбиелеп, ата жасына жеткен Тайлақ қарт немересі Аңсарға лайық жар іздейді. 50 жылдан кейін қайталанған оқиға сәтті аяқталып, Тайлақ қарт аңсаған арманына жетеді. Дегенмен, Аңсардың бақыт құсын қолына қондыруы оңайға соқпайды.

Фильмнің бас продюсері Құсман Шалабаев: «Талғамы биік миллиондаған көрерменнің жүрегін жаулаған көркем туындыны өскелең ұрпақ ұмытпаса, өз ұлтының салт-дәстүрін ұлықтап, ұрпақ сабақтастығын жандандыруға үлес қоса берсе деген игі мақсатпен «Тақиялы періштенің» жалғасы іспетті «Тайлақтың тақиясы» көркем фильмін түсіріп, назарларыңызға ұсынып отырмыз», — деді.

Көркем фильмде Әлімғазы Райымбеков, Роза Әшірбекова, Сәбит Әбдіхалықов, Шынар Жанысбекова сынды актерлар ойнады. Сондай-ақ, фильмнің тұсаукесеріне келген қонақтарға тақия сыйға таратылды.  «Бабаларымыз «басыңнан бақ кетпесін»  деп бата берген ғой. Көрші бауырларымыз өздерінің айыр қалпағын 2011-жылдан бастап арнайы насихаттап келеді  екен.  Біз неге сондай болмасқа деген ой келді, қазақтың тақиясы нұлттық құндылығымызға айналдырсақ, бұл бүгінгі таңдағы сіздер мен біздердің жетістігіміз деп түсінемін», — деді Қ. Шалабаев.

«Тайлақтың тақиясы» фильмінің тұсаукесері осы уақытқа тұспа-тұс келуінің өзіндік себептері бар. Өйткені, Шәкен Аймановтың «Тақиялы періште» кинотуындысының жарыққа шыққанына биыл 50 жыл. Фильмде басты рольді сомдаған біртуар актриса, Қазақстанның халық әртісі Әмина Өмірзақованың туғанына 100 жыл толып отыр, алдағы уақытта актрисаның мерейтойы ЮНЕСКО көлемінде тойланады деп жоспарлануда.

«Аңсар арманым» продюсерлік орталығы түсірген «Тайлақтың тақиясы» фильмі 31қаңтардан бастап еліміздің кинотеатрларынан көрсетілетін болады.

Толығырақ, бейнематериалдан тамашалаңыздар.

Гауһар Түстікбаева

Бейнематериалды әзірлеген:

Әлихан Жанарбек




ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Сіздің электронды пошта жарияланбайды. Қатарды міндетті түрде толтырыңыз *