Сенат комитетінде халықаралық құжаттар қаралды

487

Парламент Сенаты Халықаралық қатынастар, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің кеңейтілген отырысында «Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығына қатысушы мемлекеттердің терроризмге және экстремизмнің өзге де зорлық-зомбылық көріністеріне қарсы күресті жүзеге асыратын құзыретті органдарды материалдық-техникалық қамтамасыз етудегі ынтымақтастығы туралы келісімді ратификациялау туралы» заң жобасы қаралды, деп хабарлайды Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының Баспасөз қызметі.

Қазақстан Республикасы, Ресей Федерациясы, Беларусь Республикасы, Қырғыз Республикасы, Тәжікстан Республикасы, Армения Республикасы және Молдова Республикасы арасындағы терроризмге және экстремизмнің өзге де зорлық-зомбылық көріністеріне қарсы күресті жүзеге асыратын құзыретті органдарын материалдық-техникалық қамтамасыз ету жөніндегі ынтымақтастық туралы келісімге 2012 жылы 5 желтоқсанда Ашғабат қаласында қол қойылды.

Келісімнің негізгі мақсаты – терроризмге және экстремизмнің өзге де зорлық-зомбылық көріністеріне қарсы күресті жүзеге асыратын құзыретті органдарын арнайы техникамен, құралдармен, материалдармен қамтамасыз ету үшін тең және жеңілдікті жағдай жасау болып отыр.

Келісім аясында тараптар арасындағы ынтымақтастық құзыретті органдардың сатып алу және жеткізу туралы сұрау салуды орындау арқылы жүзеге асады. Бұл ретте сұрауды орындау мерзімі 30 күннен аспауы тиіс. Сұрау салған тарап сұраудың толық, уақытында және сапалы түрде орындалуына қажетті барлық шараларды жүзеге асырады.

Келісімді жүзеге асыруға байланысты шығыстар құзыретті органдардың осы мақсатқа арналған қаржысы есебінен жүзеге асады.

Комитет отырысында сондай-ақ «Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Қырғыз Республикасының Үкіметі арасындағы Қазақстан-Қырғыз мемлекеттік шекарасының режимі туралы келісімді ратификациялау туралы» заң жобасы қаралды.

Келісімге мемлекеттердің шекара мекемелерінің басшылары деңгейінде 2017 жылы 25 желтоқсанда Астана қаласында қол қойылған болатын.

Келісімнің басты мақсаты Қазақстан Республикасы мен Қырғыз Республикасы арасындағы мемлекеттік шекараның құқықтық негіздерін бекіту және қатынастарды реттеу болып табылады. Мемлекеттік шекараның тәртібіне шекарадағы қолданылатын ережелер мен мемлекеттік шекараның тәртібі, мемлекеттік шекарадан адамдарды, көлік құралдарын, жүктер мен басқа да мүліктерді өткізу, мемлекеттік шекара үстінен ұшулар, мемлекеттік шекарада, шекаралық белдеулерде, сондай-ақ шекара сулары шегінде шаруашылық және өзге де қызметтерді жүзеге асыру мен шекаралық қақтығыстарды шешу болып табылады.

Келісім мерзімсіз болып табылады. Оны ратификациялау Қазақстан мен Қырғызстанның мемлекеттік шекарасындағы тәртіп ережесін бекітуге, мемлекеттер арасындағы ынтымақтастықты нығайтуға ықпал етеді және Қазақстан Республикасының ұлттық қауіпсіздігін қамтамасыз етеді.

Заң жобалары Палатаның қарауына жіберілді.

 




ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Сіздің электронды пошта жарияланбайды. Қатарды міндетті түрде толтырыңыз *