Рахымжан ЕЛЕШЕВ, академик: АКАДЕМИЯНЫ ҚОҒАМДЫҚ ҰЙЫМҒА АЙНАЛДЫРҒАНЫМЫЗ – ҚАТЕЛІК…

718

Соңғы уақытта ғылыми ортада, ғалымдар арасында түсініспеушілік жиі орын алады. Ол ғылыми жобаларға грант бөлу мәселесінен бастап, оларды өндіріске енгізу, қала берді ғылыми кадрларды даярлау төңірегіне дейін ұласып отыр. Осы ретте ҚР Ұлттық ғылым академиясы мен  Ресей ғылым академиясының академигі, ҚР ғылымына еңбек сіңірген қайраткер Рахымжан Елешевпен сұхбаттасып, пікірін білген едік. 

– Соңғы кезде ғалымдар арасында түсініспеушілік жиі болып жүр. Бір топ жас ғалым Ұлттық ғылыми кеңестің ғылыми жобаларға грант бөлу мәселесіне шағымданып Президентке ашық хат жазған еді. Енді сыбайлас жемқорлыққа қарсы комитет Білім және ғылым министрлігін тексеріп жатыр. Жалпы Қазақстандағы ғылымның, ғалымдардың бүгінгі жай-күйін қалай бағалайсыз?
– Мемлекет ғылымды дамыту үшін қолынан келгеннің бәрін жасап жатыр. Бүгінде ғылыммен айналысқысы келетін адамға толық мүмкіндік бар. Ғылыми жобалардың байқауына қатысып бақ сынауға болады. Оның сыртында Білім және ғылым министрлігінің жылына екі рет жариялайтын гранттары бар. Идея­ны тек жоба күйінде қалдырып қана қоймай, оны коммерциялау бағдарламасы арқылы өндіріске енгізуге де болады. Ол үшін мемлекеттік-жекеменшік серіктестік режимі іске қосылған. Бұл гранттарға үміт­керлерді саралап, лайықтысын таңдау ғылыми-техникалық кеңесіне жүктел­ген. Ондай комиссия барлық ми­нистр­лікте бар. Өзім де бір жылдары Ауыл­шаруа­шылық министрлігіне қарасты кеңестің құрамында болдым. Оның мақсаты – ғылыми жұмыстарға дұрыс баға беріп, үш жылдың ішінде қанша сомаға жасалатынын анықтау. Онда неше түрлі жобалар түседі. Барлығын ойдағыдай қанағаттандыруға болмайды. Ішіндегі «ең, ең» дегендерін таңдап аласың. Егер жоба 15 балдан кем жинаса, ары қарай қаралмайды. Ал 20 балдан жоғары жинағандар байқауға түсе алады. Ол былай анықталады: ғылыми жұмыстар байқау өткізетін жоғары оқу орнының департаментіне түседі. Сосын оны бірінші болып шеттен келген сарапшылар бағалайды. Олардан кейін өзіміздің ғылыми-зерттеу кеңесінің мүшелері қарап, бал қояды. Бірақ қазақстандықтар 2-3 балдан артық қоса алмайды. Оған құқы жоқ. Одан өткен жобалар мемлекет жанындағы комиссияға жіберіледі.
Бұл жерде көңілге томпақ келетін бір нәрсе бар. Қай саланы алсаңыз да, оны жетік меңгерген, «жілігін шағып, майын ішкен» ғалым Қазақстанда да бар. Бірақ соған қарамастан, біздің ғылыми жұ­мыстарды бағалау үшін шетелдіктерді шақырып, соларға рецензия жасату дұрыс емес. Өйткені біріншіден, олар біздің ғылыми жұмыстарымыздың ең жақсысын өздеріне алып кетіп, пайдалануы мүмкін. Яғни ғылыми жаңалықтың ұрлану қаупі бар. Екіншіден, шетелден келетін сарап­шылардың ешбірі біздің ғалымдардан асып түсе алмайды. Себебі ол жақтан мүйізі қарағайдай ғалымдардың өзі емес, олардың күні кеше ғана ғылыми кадрларды даярлау курсынан өткен PhD докторлары келеді. Сол себепті біз бұған қарсымыз. Олардың орнына еліміздегі жетекші ғалымдарға тексерткен дұрыс. Бұл мәселені жиі айтып та жүрміз, бірақ әлі күнге дейін шешімін таппай келеді.
Сосын байқауды жеңген ғылыми жұмыстарды қаржыландыру мәселесі де мәз емес. Білім және ғылым министрлігі бөлетін қаражат көлемі өте шектеулі. Оның сомасы, жалпы алғанда, жылына 7 миллион теңгеден бастап, 20-25 миллионға дейін барады. Бұл сома кең көлемді ғылыми-тәжірибелік зерттеу жүргізуге аздық етеді. Ал ауылшаруашылығы саласын­дағы ғалымдарға тіпті қиын. Олар зерттеу жұмысынан бөлек, қол жеткізген нәтижелерін өндіріске енгізуі керек. Сол себепті де министрліктің жыл сайын бөлетін 20 миллионы тәжірибе жасауға да, қолданысқа енгізуге де жетпейді. Ал олар соған қарамастан, ғы­лыми жұмыстың пайдаға асуын талап етеді. Осы ретте мемлекеттік-жекеменшік серіктестік (МЖС) құру керек дейді. Алайда соңғы жылдардағы тәжірибеге сүйенсек, серіктестіктің бұл түрі елімізде тиісті деңгейде дамыған жоқ. Себебі кәсіпкерлер ғылыми жұмыстарға қаражат құйғысы келмейді. Сондықтан МЖС орнатуды белгілі бір деңгейде заңдастыру керек. Яғни жекеменшік иесі жобаның қай бағытта болатынын бақылап, қаражаттың қандай да бір сомасын ғылыми-зерттеу жұмыстарын жүргізуге қалдыруы тиіс. Ал ғалымдар өздеріне міндеттелген жұмысын жасайды. Бұл, әрине, жақсы тәсіл, бірақ біз әлі де жеткілікті меңгере алмай отырмыз. Қазір әр жоба жасаушы серіктестік орнату үшін өз танысын іздейді. Ал оған қолұшын бере қоятындай жағдайы бар жанашыр табу қиын. Әрине, «Қазмұнайгаз» сынды ауқатты компаниялар бар. Олармен МЖС орнатуға болатын шығар. Бірақ аграрлық салада ондай серіктес табылмайды, себебі бұл саладағылардың көбі өз күнін әрең көріп жүргендер.
Ал соңғы уақытта баспасөзде көтеріліп жүрген мәселе өте орынды. Ұлттық ғылыми комиссияның (ҰҒК) құрамына байқауға қатысатын ұйымның басшылары кірмеуі керек. Онда тек жетекші ғалымдар болуы тиіс. Ұлттық ғылым академиясының ғалымдарын көбірек тарту қажет. Себебі ҰҒА академиктерінің бәрі ҰҒК құрамында жоқ. Онда көп жағдайда практик-ғалымдар, кәсіпкерлер отырады. Әсіресе соңғы құрамда ғалымдардың саны тым аз. Кәсіпкерлер тек өз саласын ғана біледі. Ал ғылым жан-жақтылықты талап етеді. Бұл да ғылыми гранттарды бөлу жұмыстарына кері әсерін тигізуде. Сол себепті де соңғы жобаларда негізінен белгілі бір салалық, тәжірибелік тұрғыдағы жобалар жеңіп жатыр. Қайталап айтамын, Ұлттық ғылыми комиссияға тамыр-таныс іздеушілерді емес, ғылымды дамытуға шын мүдделі адамдарды кіргізу керек.
– ҚР ҰҒА президенті, әріптесіңіз академик Мұрат Жұрынов жақында ғана берген сұхбатында Ғылым академиясының жұ­мысы қоғамдық ұйым болғалы мәз емес­тігін және елімізде ашылып жатқан ғылыми жаңалықтардың 99 пайызы қолданыл­майтынын ашық айтты. Осыған алып қосарыңыз бар ма?
– Бұл мәселені академияның президенті жақсы біледі. Соңғы бірнеше жылда Ұлттық ғылым академиясын қоғамдық ұйымға айналдырып жібергені рас. Алғашқы уақытта қоғамдық тұрғыда күн көруі қиындап, жұмысы тұралап қалды. Бірақ президенттің ұйым­дастырушылық қабілетінің арқа­сында академия қайта аяғына тұрды. Көптеген елмен халықаралық байланыс орнатты, әлемдік аренаға шыға бастады. Ғалым­дарымыз шетелдегі әріптестерімен бірлесіп, түрлі жобаларды қолға алды. Жас кадрлар тартылды. Дегенмен, ҰҒА прези­дентінің «Ғылым академиясының жұмысы қоғамдық ұйым болғалы мәз емес» деуінің себебі бар. Академия әлі де бұрынғы, қоғамдық ұйымға айналмай тұрғандағы деңгейіне жете алмай отыр.
Бір кездері ғылыми институттарды Ұлттық ғылым академиясынан бөліп, бөлшектеп тастады. Ал негізі ғылым бір қолда болуы керек, яғни бір орталықтан басқарылуы тиіс. Сол себепті кеш болып кетпей тұрғанда бұрын ҰҒА құрамында болған институттарды қайта біріктіру қажет. Сол кезде белгілі бір саладағы ғылыми жобалардың тиімділігі артады. Себебі ҰҒА қазір ғылыми жетістіктерді өндіріске енгізу мәселесімен айналыс­пайды. Оған сол жобаларды жасаған кішігірім институттар жауапты. Егер оларды пайдалануға енгізу ҰҒА деңгейінде қолға алынса, жағдай жақсарар еді. Қазір ғылыми жаңалықтарды өндіріске енгізу көрсеткіші өте төмен. Кейде 20-25 пайыз­дан артпайды. Бұл жерде екі мәселені ескеру керек. Біріншісі және бастысы – ғылыми жобалардың сапасы. Екіншісі – қоғамға қажет болуы. Ол үшін тағы да айтамын, мемлекеттік-жекеменшік серіктестік мәселесін шешу керек. Сонда ғана ғылыми жаңалықтар өндірісте кеңінен қолданыла бастайды. Қазір оларды қолданысқа енгізу тек Ғылым академиясының жүйесінде коммерция­лау нұсқасында ғана іске асады. Бірақ ғалымның ғылыми-зерттеу жұмыстарымен айналысып, сонымен бірге оны өндіріске енгізуге жауапты болуы дұрыс емес. Ғалым тек зерттеу жұмыстарына жауапты. Ал оны қолданысқа енгізумен арнайы ­комиссия немесе министрлікке қарайтын бөлімдер айналысуы керек. Міне, сонда ғана ашылған ғылыми жаңалықтар 100 пайыз игерілер еді.
– Сіздер ғылымның ең ауыр бейнеттерін бастан өткере жүріп бүгінгі «Академик» дейтін беделді атаққа қол жеткіздіңіздер. Ал бүгінгі заманауи деп айдар тағылған біздің заманымыздағы ғылыми дәрежелерге қалай қарайсыз?
– Қазақстанда шағын және әлсіз «академиялар» көп. Олардың мүшелері де өздерін академик санайды. Ал шынында нағыз академик деп ҰҒА мүшесі ғана саналады. Қазір біз бұл құрамды толықтырдық. 130-ға жуық мүше-корреспондент пен академикті жаңа кеңеске таңдадық. Бірақ әлі де істейтін шаруа көп. Әрине, қазіргі академиктер мен мүше-корреспонденттерді таңдау мәселесін бұрынғы нұсқамен салыстыруға келмейді. Бұрын сайлау бірінші кезекте бөлімдерде, кейін арнайы комиссияда қаралып, сосын хабарландыру берілетін. Қазір оны көрген көнекөз буын азайып барады. Бұрын болған құрамнан тек 30 пайызы ғана қалды. Соған қарамастан, талап сақталды. Мүше-корреспондент болу үшін ғалымның шетелдік ғылыми журналдарда жариялаған мақалалары, ғылыми мектебі болуы керек. Одан кейін 1,5-2 жылдан соң ғана академиктікке ұсыныла алады. Онда да сол уақыт аралығында жеткен ғылыми жетістіктері болуы шарт. Бұл – қоғамдық академияны сақтап қалудың жолы. Егер біз мұндай сайлау өткізбесек, академия өзінің қоғамдық функциясынан да айырылып қалуы мүмкін. Бірақ соңғы уақытта мүше-корреспонденттікке, академикке үміткерлер саны артты. Ғылым академиясы ЖОО-лармен тығыз байланыс орнатып отыр. Бірнеше университетте академияның бөлімшесі бар. Мысалы, академияның ауыл шаруашылық бөлімшесі Қазақ ұлттық аграрлық университетінде орналасқан. Осы арқылы ЖОО ғылымы мен академиялық іргелі ғылымды байланыстырып отыр. Бұл – бізде бар нұсқалардың ең жақсысы.
– Қазір ғалымдарға ғылыми жур­налдарға мақала жариялау мін­деттелген. Осы мәселе ғылым жолын­дағы біраз жастардың наразылығын тудырды. Біразы ұлтқа, ұлттық дүниетанымымызға қатысты мақалаларды ондай журналдар қабылдамайтынын айтады… Жалпы, ғалымды жариялаған ғылыми мақалаларымен бағалау дұрыс па?
– Орынды һәм өзекті сұрақ. Біз қазір докторанттардың ғылыми жетекшілеріміз. Шынында да, шәкірттеріміз сондай қиын­дықтарға ұшырап жатады. Олар докторлық диссертацияларын қаншама уақыт бойы ізденіп жазады. Бірақ уақытылы қорғай алмай қалады. Себебі шетелдік ғылыми журнал олардың мақаласын өз уақытында жарияламаған. Сонымен бірге Scopus сынды шетелдік ғылыми журналдарға мақала жариялау ақылы және ол арзан емес. Демек, артық шығын. Мен ғалым ретінде бұл мәселені шешу керек деп ойлаймын. Ол үшін ҚР ҰҒА журналдардың сапасын «Скопуспен» бәсекелесе алатындай етіп арттыру қажет. Қазір академияға қарайтын 10 журналдың екеуі «Скопус» рұқсаттамасын алды. Тағы 3-4 журнал да халықаралық деңгейге шығады деп отырмыз. Бірақ барлық журнал зерттеу бағыттарын толық қамти алмайды. Ғылыми-зерттеулер сан алуан: медицина, ауыл шаруашылығы, биология, т.б. Журналдар да сондай бағытта болуы керек. Сол себепті де докторанттардың «Скопуста» ғана емес, басқа да сапалы ғылыми журналдарда, сонымен бірге халықаралық конференцияларда жарияланған мақалаларын есепке алу керек. Ал «Скопуста» мақаласы шығуы керек» деу – тым біржақты талап.


– Ғылымның бірінші мақсаты қандай? Жаңалық ашу ма, әлде проблеманы шешу ме?
– Ғылымның ең бірінші мақсаты – отандық ғылымды лабораторияларда, ЖОО-ларда іргелі зерттеу жүргізу арқылы дамыту. Сонымен бірге кез келген іргелі зерттеудің өнімі өндірісте қолданылуы керек екенін естен шығармаған жөн. Сол себепті ҰҒА тек ғылыммен айналысады деп бөліп қарастырудың қажеті жоқ. Ғылым академиясы білім беру, ғылыми зерттеу, өндіріске шығару сынды үш функцияны біріктіруі керек. Бұл – басты шарт. Өкінішке қарай, қазіргі таңда біз оған қол жеткізген жоқпыз. Бірақ ҰҒА мен ЖОО ғалымдарының интеграциясы, сондай-ақ МЖС сынды тәсіл бұл мәселені шеше алады. Ғылымның нәтижесі өндіріске жаңалық енгізу арқылы мықты экономика құруға әкеледі. Мықты экономика заманауи ғылым базасында құрылады. Әрине, өндіріске, экономикаға тікелей әсері жоқ ғылымдар да бар. Мысалы, тарих, тіл, философия сынды гуманитарлық ғылымдар. ҚР ҰҒА тек іргелі зерттеулермен айналысуы керек деген заң жоқ. «Рухани жаңғыру» тұрғысынан алғанда, ұлтымыздың тарихын, мәдениетін ғылыми зерттеулерсіз қалай зерттей аламыз? Қазір Ғылым академиясында арнайы комиссия құрылып, Жапония, Германия, Америка сынды елдерде зерттеу жұмыстарын жүргізіп, ата-бабаларымыздың жүріп өткен ізін тапты. Бұл – тарих. Тарихты білу – білімділіктің, мәдениетті білу – даналықтың белгісі.
– Ғылымды насихаттау жұмыстарына көңі­ліңіз тола ма? Мысалы, бүкіләлем­дік тар­тылыс заңының шектік шарттарын тауып, спектрлі теориясын жасаған Heidelberg Taureate Forum Foundation грантын ұтып алған Дурвудхан Сұраған деген жас ғалым бар. Бірақ оның сондай дәрежелерге жетіп жатқанын көпшілік біле бермейді…
– Қай ғылыми жаңалықтың өндіріске ендірілетінін таңдау оңай шаруа емес. Бірақ кейбір ғылыми жаңалықтар қанша жерден жақсы зерттеліп, тиімді деп танылып тұрса да, қолданысқа енбей қалады. Себебі насихаты жеткіліксіз болған. Бұрын Ауылшаруашылығы министрлігінің құрамында ғылыми зерттеу жұмыстарының нәтижесін насихаттаумен айналысатын бөлім бар еді. Олар ғалымдардың еңбегін көпшілікке насихаттап, халықты жаңа технологиялармен таныстыратын. Қазір жоқ. Сол себепті осындай бөлімдер керек деп ойлаймын. Себебі бұрын ашылған жаңалық қолданысқа жылдам енетін.
– Сіздің есіміңіз алыс-жақын шетелдерге, ТМД елдеріне жақсы таныс. Жалпы өзге елдердегі Ғылым академиясының жай-күйі қалай? Мемлекеттен қаржыландырыла ма?
– Шетелде жиі болатыным рас. Ол жақта әріптестерім көп. Бір байқайғаным, көптеген елдерде Ғылым академиясы өте биік мәртебеге ие. Оның президенті өте сыйлы адам болып саналады. Сол сияқты академиктердің де мәртебесі жоғары. Себебі оларды мемлекет қаржыландырады, соған сәйес олар да мемлекетке жұмыс істейді. Ал біз академияны қоғамдық ұйымға айналдырған жалғыз мемлекетпіз. Өзбекстанда, Қырғызстанда, Ресейде, Украинада да Ғылым академиясын мемлекет қаржыландырады.
Біздің бұлай жасауымызға субъективті, объективті де себептер болды. Бірақ ҚР ҰҒА-сын қоғамдық ұйымға айналдыру – елі­міздің ең үлкен қателіктерінің бірі болды, мұны ашық айтуымыз керек. Себебі біздің ғалымдар басқа елдің ғалым­да­рынан еш кем емес. Бұл ретте біздің Ғылым ака­демиясының президенті Мұрат ­Жұры­нов­тың еңбегі елеулі екенін айту керек. Жұрынов пен оның төралқасы барлық ЖОО ғалымдарының басын біріктіреді. Ақша алмаса да, олар академия мүшесі болуға талпынады. Бұл академиямыз қоғамдық ұйым болса да, мәртебесі әлі де биік екенін көрсетеді. Әрине, басында академияны трансформациялағанда жағдайы қорқынышты еді. Тек үш адам ғана жұмыс істейтін. Тіпті үстел, орындық дегендер де жоқ еді. Ал қазір қараңыз. Академия қайда отыр? Қандай жағдайда отыр? Бірақ алдағы уақытта қоғамдық академия­мыз мемлекеттік академияға айналады деген үміттеміз. Бұл ғалымдарымыздың белсенділігін арттырады. Ал белсенділік артқан жерде нәтиже де болады.
– Жоғары оқу орындарының рейтинг­теріне деген көзқарасыңыз қандай? Болон процесі біз ойлағандай жемісін бере алып жатыр ма?
– Рейтинг деген – шартты ұғым. Негізі рейтингті екі критерий бойынша анықтау керек. Бірінші – түлектердің жұмысқа орналасуы, яғни еңбек нарығына қажетті маман даярлап шығару. Екіншісі – профессорлық-оқытушы құрамының сапасы. Тағы бір басты нәрсе – студенттердің ағылшын тілін меңгеруі. Біз ҚазҰАУ-да тіпті студенттерге ғана емес, оқытушыларға да ағылшын тілінен даярлық курстарын өтеміз. Бұл олардың шетелге шығуына, тәжірибе алмасуына мүмкіндік береді. Әрине, барлық ЖОО бірдей емес. Қаржыландыруы да әртүрлі. Бәрі бірдей материалдық тұрғыда қамтылмаған.
Негізі білім беру, ғылым, өндіріс үшеуі – үштаған. Біз қазір білімді де реформаланған нұсқада беріп жатырмыз. Яғни Болон декларациясына мүше болдық. Студенттерімізді бакалавр, магистр, PhD докторы жүйесі бойынша оқытамыз. Бірақ мен академик, ЖОО-да 50 жыл жұмыс өтілі бар тәжірибелі педагог ретінде Болон процесіне біржақты қарау жеткіліксіз екенін айтқым келеді. Ол бұрынғы жүйеге қарағанда білімді жақсы береді деп айта алмас едім. Себебі студент төрт жыл бакалавр оқиды. Одан кейін университетте ғылыми лаборант болып қызмет атқара алады. Ал бұрын олар бас маман болып шығатын. Яғни қазір бакалаврдың жұмысқа тұру құқы жолға қойылмаған. Студент бакалаврды бітірген соң немен айналысуы керек? Белгісіз. Оның үстіне 4 жыл оқу толық емес жоғары білім саналады. Оны толықтыру үшін магистратура оқу керек екен. Ал магистратураға бакалавр бітіргендердің 30 пайызы ғана түседі. Оған жетсе, жақсы. Демек, қалған 70 пайыз бакалавр толық емес жоғары біліммен қала ма? Сонда жоғары оқу орны оларды толық емес жоғары біліммен шығара ма? Ал магистратураны бітірген 30 пайыздың 10-15 пайызы ғана докторантураға түседі. Ал енді есептей беріңіз. Біздің білім беру жүйесі тегін бе? Әлде бәріне қолжетімді ме? Қиын сұрақ… Әзірге Болон процесінің бір ғана жақсы жері бар: докторанттар докторлық диссертациясын қорғаған соң, білім алған жерінде жұмысқа қалады. Ал бакалавр мен магистрлердің мәселесі шешілмеген.
– Биылғы «Жастар жылында» жас ғалымдарға қандай мүмкіндік беру керек деп ойлайсыз?
– Елбасы «Жастар жылының» ашылуында жастарға қолдау көрсету мақсатында нақты төрт тапсырма берді: жұмыс істейтін жастарды баспанамен қамту, жұмысқа орналастыру, сапалы білім беру және ерікті жастарға көңіл бөлу. Егер сол төрт тапсырма орындалса, жастарымыз жігерленіп, барлық салада жұмыстарын құлшына істейді деп сенемін. Оның ішінде ғылым да бар. Қазір Президент ғылыми орталықтар ашып, Үкіметке жас ғалымдардың фундаменталды және қолданбалы зерттеуіне бөлінетін гранттық қаржыландыруды жыл сайын 3 млрд теңгеге арттыруды тапсырды. Әрине, жастарды қолдау керек. Жастардың бойындағы жалынды, жігер-күшті пайдалану арқылы ғылымды дамытуымыз керек. Ол үшін жоғары білім беру мекемелеріндегі білім деңгейін жақсарту керек.
– Жастардың ғылымға қызығушылығы мектеп кезінен қалыптасады. Қазіргі мек­теп­тер­дің шәкірт тәрбиелеудегі, білім берудегі рөліне қандай баға бересіз? Көңіліңіз тола ма?
– Мектептерде білім беру деңгейі төмен деп кесіп айта алмаймын. Бірақ бірауыз­дан жақсы деп айту да қате… Себебі кейбір, әсіресе алыс ауылдардағы мектептер қажетті құрылғылармен қамтылмаған. Мысалы, информатика пәні бар, бірақ компьютер жоқ. Биология мен химия бар, бірақ лабораториясы жоқ. Оқушы тек химиялық элементтердің аты мен фор­муласын ғана жаттап өседі. Сол себепті мектептерден білімді, нәтижені талап етуден бұрын оларға қажетті барлық жағдайды жасау керек. Біздің қателігіміз сол – жағдай жасаудан бұрын талап етеміз. Бірақ бұл – шешілетін мәселе. Үкімет қай жерде қандай мектеп бар екенін, олар­дың деңгейі қандай екенін анықтап жатыр. Қаражат та бөлуде. Одан бөлек ұстаз­дардың еңбекақысын көтеріп жатыр. Ал қаладағы арнайы мамандандырылған мектептердің жөні бөлек. Жыл сайын мемлекеттік білім беру гранттарының басым бөлігін осы мектептердің түлектері жеңіп алады. Бұл – шындық. Сол себепті ауылдық жерлерге неғұрлым білімді, үнемі өзін-өзі жетілдіретін, мамандығын сүйетін адамды жіберу керек. Және ол қалай оқыту керектігін, нені оқыту керектігін, немен оқыту керектігін білуі қажет. Ұстазға осы үш мәселесін шешіп берейік. Немен оқытуы керек? Демек, құрылғылар керек. Қалай оқыту керек? Бұл ұстаздың деңгейіне байланысты. Оның деңгейі жоғары болуы үшін квалификациясын жоғарылату курстарынан өтуі керек. Ұстаз үнемі өзін жетілдіріп отыруы тиіс. Себебі қазір техникалық прогресс жүріп жатыр. Ескі шабадан күйінде қалуға болмайды. Бір диплом аздық етеді. Мектепте сабақ беру деген – ең жауапты жұмыс. Бала мектепте қандай білім алса, қай пәнге бейім болса, оның мамандық таңдауы да соған ­байланысты. Ал ол арқылы болашағы шешіледі. Бір адамның болашағы – елдің болашағы. Сол себепті мектеп мұғалімдерінің жағдайын ­жасауымыз керек.
– Сұхбатымызды «Ана тілінің» дәстүрлі сауалымен аяқтасақ. Қазақ тілінің мәртебесі туралы ойыңыз қандай? Тіл мәртебесін қалай көтеруге болады?
– Димаш Ахметұлының «Басқа елдің отынан, өз еліңнің түтіні артық» деген сөзі бар. Ана тілімізді білу – парыз. Шет тілін меңгеру өзіңе керек шығар, ана тіліңді білу ұлтыңа, ұлтыңның ертеңі – ұрпағыңа керек. Қазақ тілінің қанат жаюына қатысты қара халықты кінәламаймын, мәселе – түрлі деңгейдегі билік баспалдағында отырған өзіміздің азамматтарда…
– Әңгімеңізге рақмет!

Әңгімелескен 
Әсел САРҚЫТ
«Ана тілі»




ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Сіздің электронды пошта жарияланбайды. Қатарды міндетті түрде толтырыңыз *