САНАҚТЫҢ САЛМАҒЫ ЗІЛБАТПАН…

634

Ұлттық санақ – қып-қызыл саясат! Тәуелсіздік алғалы Қазақстан үшінші рет халық санағын өткізгелі отыр. Ол тек халықтың санын білу үшін ғана емес, тарихи әлеуметтік өзгерістерді сараптап, демографиялық ахуалды бағамдау үшін қажет. «Наркескен» – интеллектуалдық клубының кезекті ­отырысы ұлттық санаққа арналды. Жиынға демограф мамандар, әлеуметтанушылар, статистика мамандары, саясаттанушылар мен тарихшылар шақырылды. Аталған шараға қатысушылар ұлттық санақтың с­аяси-тарихи, әлеуметтік-экономикалық маңызына тереңірек үңіліп, егемендік жолындағы өзгерістер жайлы ой өрбітті. Алдағы ұлттық санақтың ерекшелігі – санақ электронды және үй-үйді аралап, дерек жинау негізінде іске асырылмақ. Биылғы санаққа мемлекет тарапынан 8 млрд 8 миллион теңге қаражат бөлінгенін тілге тиек еткен «Наркескен» – интеллектуалдық клубының жетекшісі Есенгүл Кәпқызы мамандардан санақ бізге статистика үшін бе, әлде он жылдың ішінде қандай да бір тарихи өзгерісті бағамдау үшін қажет пе? Осы уақытқа дейін экономикамыздың, саясатымыздың бет-пердесі өзгерді ме? Жалпы санақ не үшін керек? Қазақстан тәуелсіздігін алғалы үшінші рет өткізілгелі отырған халық санағының ел дамуындағы алатын орны, алдыңғы екі санақтың тарихи, саяси маңызы қандай болды, уағында қандай кемшіліктерге жол берілді, биылғы санақтың ерекшелігі қандай деген мәселелерге тоқталуын сұрады. 

1937 ЖЫЛҒЫ САНАҚТЫ ЖҮРГІЗГЕН АДАМДАРДЫҢ БӘРІ РЕПРЕССИЯҒА ҰШЫРАДЫ

Талас ОМАРБЕКОВ, тарихшы: Тарихқа көз жүгіртсек, ең ал­ғашқы санақ патша үкіметі кезінде 1897 жылы өткен. Сонда қазақтардың саны 6 млн-нан асқан. Одан кейін 1920 жылы, 1923 жылы, 1926 жылы, 1937 жылы сәтсіз санақ, 1939 жылы сәтті санақ болды. Сондай-ақ 1959, 1970, 1979, 1989, 1999, 2009 жылдары санақ жүргізілді.
Бұрынғы бола ма, кеңестік ­немесе жаңа кезеңдегі санақ бола ма, ең маңыздысы – оның ресми мәлімет беретіндігінде. Басқа жанама мәліметтермен қаншама дәлел келтірсек те, шетел тарихшылары, зерттеушілері, демографтары санақ материалдарын ғана басшылыққа алады. Жақында америкалық профессор, ғалым Сара Камеронның 1930 жылдағы Қазақстандағы аштық жайында  «The Hungry Steppe: The Making of Soviet Kazakhstan» атты кітап шығарғаны жайлы естідім. Сонымен қатар ­Стивен Уиткрофт пен Роберт Дэвис деген ғалымдар санаққа қатысты кітап шығарып, ашаршылық жылдарына да тоқталыпты. Кеңес одағы кезіндегі қиын-қыстау кезең, ­Украина жайлы көлемді кітаптар жазған, ­Гарвард университетінің ­профессоры Роберт Конквест – санақ туралы ­зерттеу жасаған алғашқы шетелдік ғалым.

Осы кісілердің барлығы 1920-40 жылдар аралығын сипаттағанда, сол кезеңдегі санақ мәліметтеріне сүйеніп қана, деректерді саралайды. Мәселен, Роберт Конквест сол жылдары аштықтан қаза тапқан қазақтардың саны 1 млн-нан асады деп айтса, кейіннен Роберт Дэвис пен Стивен Уиткрофт оны 1,5 млн-ға шығарды. Сара Камеронның дерегі бойын­ша 1 миллион 600 мыңға жетті. Мен бұл кісілердің біразымен кездестім. Назарбаев университетіне Стивен Уиткрофт келгенде мені кездесуге шақырды. Кейіннен ­Стивен Уиткрофт әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетіне де келді. Мұндағы мақсат оның көзқарасын өзгерту болатын. Оның пайымдауынша, 1930-33 жылдар аралығында Қазақстанда егін шықпай қалған, табиғаттың қатаң мінезі қазақтарды жаппай қырғынға ұшыратты-мыс. Яғни ол негізгі назарды климатқа аударғысы келді. Ол Қазақстан аймағындағы табиғи өзгерістерді зерттеп, климаттық карта жасап алды. Олардың зерттеуінше егіннің шықпай қалуы, адам санының кемуіне әсер еткен-мыс, әрине, бұл шындыққа жанас­пайды. Егін шықпаса да, халқымыз етпен азықтанған болатын. Қанша дәлелдесек те олар келіспейді.
Қазір менің қолымда «Всесоюзная перепись населения 1937 года: Общие итоги» (Сборник документов и материалов. М., РОССПЭН, 2007, 320 стр) деген кітап бар. Бұл кітап бізге әлі жеткен жоқ. Бұдан біраз уақыт бұрын Мәскеуге барып, осы кітаптың негізі болған мұрағаттағы санақ материалдарын көріп қайттым. 1926 жылғы санақта қазақтардың саны 3 968 289 болса, 1937 жылы ол 2 862 458 адамға дейін кеміген. Яғни осы жылдар арасында ашаршылық, қуғын-сүргін кезінде 1 105 831 адам қаза тапты деген дерек келтіріледі. Жоғарыда атап өткен Батыс ғалымдарының сүйенетіні осы дерек. Біз оларға қарсы дерек ретінде Қазақстанда ауылшаруашылығы есебі (Нархоз учет) комитетінің бастығы болған Саматов пен оның орынбасары Машкеевичтің жазған хаттарын келтіреміз. Стивен ­Уиткрофт өз зерттеулерінде бұл хатты пайдаланыпты. Ол хаттың мәліметі бойынша, қазақтың саны 5 миллионға жуықтайды. Ал отырықтандыру мәліметтері туралы цифрларға көз жүгіртсек, халқымыздың саны 4 млн 800 мың айналасында болды. Бірақ, өкініштісі сол, санақ материалдары ресми болғандықтан, бұлар тарихи деректердің шынайылығына өз кедергісін келтіріп отыр.
1937 жылғы санақтың бір ерекшелігі – Қазақстаннан тыс жерлердегі қазақ­тардың да саны туралы деректер бар. Ресейде қазақтардың саны 292 мың 99, Қалмыкияда 2004, Волга бойындағы немістер шоғарланған жерде де 6268 қазақ тұрған. Новосибирск облысында 22 288, Омскіде 49 685, Орынборда 69 666, ­Саратовта 19663, Сталинград облысында 71 225, Түркмен елінде 60 035, Өзбекстанда 287 214, Тәжікстанда 12 396, Қырғызстанда 25 441 қазақ бар делінеді. Қазақстандағы қазақтардың саны 2 181 520-ға дейін жетті. Мына санақ нақты сандарды алға тартып отыр. Біздегі ­1930-33 жылдардағы аштық нәубетін зерттейтін шетел тарихшылары 1926, 1937 және 1939 жылдардағы санақ мәліметтеріне сүйенеді де, біз келтіретін жанама мәліметтің бәрін жоққа шығарады. Ол кездегі санақ материал­дары мен отырықтандыруға қатысты ресми деректердің, «Нархоз учет» деректерінің арасында біршама алшақтық бар.
Әзімбай ҒАЛИ, саясаттанушы: 1937 жылғы санақты сәтсіз өткізілді деп есептеп, 1939 жылы қайта санақ өткізеді. Өйткені Кеңес басшыларын екі санақ арасында халықтың санының әжептәуір кеміп кеткені қатты алаңдатқан екен. Меніңше, екі санақ арасында пәлендей айырмашылық жоқ. Яғни бұл деректер арқылы мағлұмат беруге болады. Сонымен бірге ашаршылық кезінде біздің зардап шеккен ұлттардың құрамына кіруіміздің өзіндік артықшылықтары бар. Еврейлер, армяндар, хариджы, украиндер, қазақтар, т.б. ұлттар қаскөй саясаттың салдарынан қырылды. Қазақ халқының басынан өткен ең қиын-қыстау күндердің бірі – ашаршылық жылдары. Ашаршылықтың кесірінен ең аз дегенде 1 млн 700 мың адамнан айырылдық. Яғни табиғи өсім күрт төмендеді. Тағы бір бөлігі көрші мемлекеттерге Қытай, Ресей, Тәжікстан, Өзбекстан мен Ресейге қоныс аударды. Санақ дерек береді. Бірақ оны қалай жүргізді деген мәселелер бар. Мысалы, 1926 жылғы санақта рулық-тайпалық құрам туралы мәлімет берген.
Ал биылғы санақта рулық-тайпалық құрам туралы мәлімет жинау қисынсыз болар. Бұл біздің ұлттық біртұтастығымызға сына қағады. Ұлттық санақта ескеретін мәселелер: миграция және ассимиляция мәселесі. Егер соңғы онжылдықта 26,3% өссек, бұл өте жақсы көрсеткіш. Өкінішке қарай, еліміздің жер көлемі тым үлкен, халқымыз тым аз. Көрші Өзбекстан елінде 33 млн, Қытайдағы халықтың саны 1млрд 200 млн мен 500 млн арасында. Ресейдің халқы азайып келе жатыр. Бірақ әлі де 147 миллион, өте үлкен күш. Бұрын орыстар шетелге көшсе, енді олар қайта көшіп келуі мүмкін. Ең үлкен мәселе Үндістан, ­Бангладеш елдері. Мұндағы халық саны Қытай елінен де көп. Бір қуантарлығы, бізде миллион тұрғыны бар үш қала: ­Алматы, Астана, Шымкент қалалары бой көтерді. Ірі қалаларда еңбек өнімділігі жоғары, облыс орталықтарында жарты миллионнан астам халық тұрады. Бұл да бір көңілді демдеуге жарайтын мәліметтер. Дегенмен, Қытайда 6 қалада 20 миллионнан халық бар. Қазақстаннан әлдеқайда көп. Соған қарамастан, Қытай қазақтарды қимай отыр.
Кезінде Қазақстанға 1934 жылы, 1959 жылы, 1962 жылы және тәуелсіздік жылдарында 1 миллион қазақ келді. Қазір қазақтардың 94%-ы Өзбекстаннан келіп отыр. Олардың әлеуметтік жағдайы төмен болғандықтан көшуге рұқсат берген. Қалай болса да, қазақтарды қабылдауымыз керек. Мемлекетіміздің іргесі берік болу үшін қазақтардың санын көбейту керек және көрші мемлекеттегі қандас бауыр­ларымызды Отанымызға қайтарсақ нұр үстіне нұр болар еді. Оларды тек ауылға қоныстандырмай, қалаға тұрғызуға мүмкіндік жасасақ, шетелден қоныстану үрдісі үзілмес еді. Былтыр климаттық өзгерістен солтүстіктен орыстар көп көшті. Кейбір шағын қалалардан олардың тең жартысы кетті. Петропавл қаласынан да қаншама орыстар көшті. Сондықтан көшіп келетіндерге де жағдай жасауымыз керек. Қазақстандағы орыс этносының үлес салмағы 18%. Қазақтардың үлес салмағы көбейіп келеді, бірақ өкінішке қарай, қазақ тілінің мәртебесі әлі өз дәрежесіне жеткен жоқ. Орыс тілі әлі күнге дейін доминанттық сипатқа ие. Ендігі кезекте осы саясатты да өзгерту керек.
Менің ойымша, біздің саясатта кім қай этнос өкілі болып жазылғысы келеді, соған жол ашуымыз керек. Мысалы, соңғы жылдары төлқұжатта немесе жеке куәлікте қай этносқа тиесілі екендігін жаздыру-жаздырмау әркімнің өз еркінде болып өзгерді ғой. Егер өзге этнос өкілдері жеке куәлікте «қазақ» деп жазыламын десе, оған кедергі болмау керек.
Талас Омарбеков: 1937 жылғы санақ деректерін жоққа шығарды ғой. Осы санақ материалдары туралы ақпараттарды мұрағаттан іздегенде көзімнің жеткені, Қазақстанның санақ басқармасының ол кезде Халық шаруашылық есебінің бастығы («Нархоз учет») Мұхтар Саматовты, орынбасары Машкеевичті, аудандағы санақ басқармаларының барлық бастықтарын «халық жауы» деп ату ­жазасына кесті. ­Сталин 1934 жылы Коммунистік партияның ХVII съезінде халық саны көбейеді деген болжам жасайды. Тіпті оның баяндамасында нақты цифрлар келтірілген. Бірақ оның болжамы керісінше болып шықты. Кемуді жасырамыз дегені болмай, 1939 жылы бүкіл шындығы ашылды.
Смағұл Елубай, жазушы: Орынбордағы орыс тарихшысы Александр Чулошниковтың 1921 жылы «Очерки по истории казах-киргизии» деген бүкіл қазақ тарихын зерттеген кітабы шықты. Кіріспесінде 1911 жылғы статистика бойынша қырғыз-қазақтардың саны 8,5 млн болды деген мәлімет бар. Ол оны орыстың статистикалық мәліметтеріне сүйене отырып келтіріп отыр. Бұл мәліметтерді ­Мырзатай Жолдасбеков Орынбор кітапханасынан тапқан. Демек, революцияға дейін қазақтардың саны осынша болса, онда Азамат соғысында да, қызылдар мен ақтардың қақтығысында да үлкен қырғын болды деген сөз. 1921 жылғы алапат ашаршылық туралы біз көп айтпаймыз. «Правданың» өзі де осы ашаршылықта 1 млн қазақтың қырылғанын жазады. ­Алашорда үкіметі 1921 жылы ашаршылықтан кейін үлкен жиын өткізіп, онда Мұхтар Әуезов 1 млн 700 мың қазақ қырылды деп мәлімдейді.
Міне, бұдан кейінгі санақ мәліметтері бұрмаланбады дегенге кім сенеді?! Жаңа ғалымдарымыз бұл санақтардағы мәліметтердің өте күмәнді екендігін айтып өтті. Сталиннің санақ мәліметтерін бұрмалағандығы рас. Кеңес заманында шыққан бір кітаптан 1939 жылғы санақ мәліметтері бойынша, қазақтардың саны 1 млн 900 мың болды деген ақпаратты көрген болатынмын. Бірақ ол құжатты мен жоғалтып алдым. Ресми санақта бұл дерек 2 млн 300 мың деп кетті, бұл әдейі көбейтілген. Ал 1932-1933 жылдары ха­лық­тың қырылған санын шетелдік авторлар орыстардың деректерінен алады. Табиғаттың, ауа райының әсерінен қазақ қырылған деген – жалған ақпарат. Орталық комитет қазақтарды төмпештеп мыңдаған тонна ет, астық өткізіңдер деп қыстады. Сол кезде Мәскеу мен Ленинград түбегейлі еліміздің мойнында отырды ғой…
1997 жылы аштыққа қатысты арнайы комиссия құрылып, сол жылдары қаза болғандардың санын шығаруға тырысып көрдік. Сол комиссияның есебі бойынша 2 млн 300 мың адам қырылды деген дерек келтіріледі. Мен осы деректі біршама дұрыс деп ойлаймын. Алашорда үкіметінің берген мәліметіне сенемін. Екі ашаршылықты қосқанда 4 млн қазақтан айырылған ­болатынбыз. 2012 жылы ашаршылықтың 80 жылдығында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Қиянат болмаған жағдайда қазақтардың саны 45 млн болар еді» деп айтты. ­Демек, біз 30 млн қазақты жоқтап отырмыз. Тіпті 1897 жылғы санақ бойынша өзбектер қазақтардан екі-үш есе аз болған. Ал сол кездегі санақта олардың саны 700 мың болды. Қазақтар ­4 млн 84 мың адам болған. Орта Азия ­бойынша тең жартысы қазақтар болған. Болар іс болып, бояуы сіңді. Бос жатқан жер жау шақыратыны анық. Ендігі кезекте бес мемлекет сиятын жерімізді халыққа толтыруымыз керек. Осы жылы халқымызды санап алайық. Одан кейін көп балалы отбасыларға жеңілдіктер жасап, айына көп балалы анаға төленетін 16 000 теңгені көбейту қажет. Демография саласында радикалды төтенше іс-қимыл керек. Өйткені халық азайса, мемлекет әлсірейді. Тағы да бір қазақтың санын көбейтудің жолы Ресейдегі 1 млн-нан астам халықты көшіру керек. Егер халықты көбейтпесек соғыспен емес, демографиялық тасқынмен елімізді басқа мемлекеттер жаулап алуы мүмкін. Бұл мәселені шешу жолы саясаттың еншісінде. «Елу жылдығын ойламаған елден без» деген, болашағымызды ойлауымыз керек.
Айжамал ҚҰДАЙБЕРГЕНОВА, Ш.Уәли­ханов атындағы Тарих және ­этнология институтының бөлім меңгерушісі: 1718 жылы Ресейде I Петр санақты жүргізу туралы бұйрық берді. Бұл ­кезде санақ деп емес, ревизия деп аталған. Жан ­басын, мал басын тексеру, экономиканы тексеру, кім немен айналысады, қандай әлеуметтік топтар бар деген секілді мәселені қарастырған. Өйткені кез келген санақтың өзіндік арнайы сұрақтары бар. Әрбір санақта адамның жасы, жынысы, әлеуметтік жағдайы, кәсібі, мамандығы, отбасы құрамы қарастырылады. Әрине, 1897 жылғы санақта ұлтын анықтау мүмкін болмаған, онда ана тілі арқылы ұлты анықталды. Қазақ жерінде тұратын татарлар, өзбектер, қырғыздар, тіпті орыстардың кейбірі ана тілі ретінде қазақ тілін көрсеткен. Сол себепті, 1897 жылғы санақта нақты этниқалық құрамын анықтау мүмкін болмаған. Сондай-ақ 1917-18 жылдары Түркістан жерінде де ашаршылық болды. Ең көп жойылып кеткен қала – Шымкент. 37%-дан 55%-ға жоқ болып кеткен. Қазақстанда демографиялық бағытта зерттеу жүргізетін адамдар аз. Бізде арнайы білім беретін орталықтар жоқ. Егер де мемлекет керек деп білсе ХХ ғасырдың бас кезіндегі, 1917-18 жылдардағы ашаршылықты, 1920-21 жылдардағы ашаршылықты зерттеуге болар еді. Біздің зерттеушілер мәліметтерді тапты. Сол мәліметтерді қазір де зерттеуге болады, бірақ ол үшін қаражат керек. Толық зерттелмей жатыр. Азамат соғысындағы мәліметтер де нақты емес. Егер де осының бәрін зерттесек қазақтардың санын нақты білуші едік. Көптеген ­деректер Ресейде өртеліп, бұрмаланып кетті. 1926-1937 жылдар аралығында 1 млн 401 мың адамға төмендеді. Жоғарыда ағаларымыз 1937, 1939 жылдардағы санақты қате мәліметтерге толы десе, мен бұл кезеңдерді «қуғын-сүргін санағы» дер едім. Аудандық, облыстық, республикалық бөлімінде қатысқан басшылар ату жазасына, репрессияға ұшырады. Одан бөлек 1937 жылдың екінші жартысы мен 1938 жылдың бірінші жартысында Алматы облысының санақ қызметкерлерінің ­75%-ы жұмыстан шығарылған. Саяси жағынан мән берілсе де, санақ дұрыс жүргізілмеді. Социализм дәуірінде өркендеп дамып келгенде халық саны 175 млн болады деген болжам жасалған. Ол болжам 53 млн-ға дейін төмендеді. Кейіннен 1939 жылғы санақта жалған мәліметтерді қосу арқылы Кеңес халықтарының санын 162 млн-ға дейін жеткізді. Енді халқы төмен республикаларға сандар қосылды. ­Мысалы, Қазақстанға 400 мыңнан аса адам қосылды. Адам саны аз аудандарға сандар қосыңыз деген тапсырмалар берілді. Оларды арнайы зерттеген шетелдіктер де бар.
Бүкіл санақ мәліметтерінде қателіктер болады. Мәселен, көп санақтардың бұрмалау деңгейі 0,99% яғни, 1%-ға немесе 0,4%, 0,5%, 0,7% болған екен.

2009 ЖЫЛҒЫ САНАҚ  НӘТИЖЕСІ ҚАЛАЙ БОЛДЫ?

Есенгүл Кәпқызы: Тәуелсіздік алғалы екі санақ өткізілді. 2009 жылғы санақта екі түрлі мәлімет болды. Бірінші мәліметте титулды этностың үлес салмағы 67% деп көрсетілсе, екіншісінде 63%-ға дейін төмендеп кетті. Ал орыстілді басылымдарда славян тектес этностардың санын әдейі бұрмалады деген пікірлер көп айтылды. Жалпы этникалық құрам – санақтағы ­басты саясат болып тұр ма?
Жандос Иманбай, «Стратегия» әлеу­мет­тік және саяси зерттеулер орталығының маманы: Алдыңғы санақтың маңызы бірінші кезекте елдегі тұрғындар жайлы ақпарат және тұрмыстың өзгеруін, этникалық құрамын анықтап беруінде. Мысалға, 1999 жылғы санақпен 2009 жылы өткен санақты салыстыратын болсақ, халықтың жалпы саны 1 млн 27 мың адамға өсіп, этникалық құрамы біраз өзгерген. Бұл көрсеткіштер өз кезегінде алдағы он жылдың негізгі базалық мәліметтері болып экономикалық, әлеуметтік тұрғыда болжам жасауға үлкен септігін тигізді. Алайда халық санағының нәтижелігі оның қалай жүзеге асуымен тікелей байланысты екенін ұмытпау керек. Сапалы жүргізілген санақ сапалы мәліметтер беріп, болашақта экономикалық, әлеуметтік тұрғыда тура болжам жасауға септігін тигізеді.
Алдыңғы санақ барысында бірқатар кемшіліктер болды. Әуелі жемқорлыққа жол берілді. Нәтижесінде кейбір әлеуметтік құрылымдарға қатысты әркелкі мәліметтер кезігіп жатады. Мысалы, 2017 жылы Парламент отырысында өзін өзі еңбек­пен қамтушылардың саны 2,7 млн адамға жеткені және олардың барлығының салық төлемейтіндігін айтылған болатын. Ал статистика агенттігінің 2017 жылғы 3-тоқ­санындағы жинағында бұл сан 2 176 144 деп көрсетіледі. Оның 1 900 735-і еңбекті белсенді атқарса, 275 409-ы керісінше пассив қатысушылар.
Расул РЫСМАМБЕТОВ, саясаттанушы: Біздің барлық дерегіміз 2009 жылғы санақ пен динамикаға, зерттеулерге негізделген. Сондықтан мұндай ұлттық санақтар әлеуметтік және ішкі саяси бастамалары дұрыс арналар арқылы дами алатын қоғамда өмір сүретінімізді түсіну үшін қажет. Егер санақ дұрыс жүргізілсе, онда мемлекет әлеуетті еңбектің қаншалықты көп екендігін, адам капиталын қалай дамыту керектігін жақсы білетін болады.
Бір шындықты мойындауымыз керек – мемлекет экономиканы дамыту жолдарын іздестіруде біраз нәрсе жоғалтты. Санкциялар соғысы, Еуразиялық одақтың түсініксіз тағдыры, шекараны бойлай өсіп келе жатқан Қытайдың тым белсенділігі сынды күрделі оқиғалар орын алды. Сарапшылардың айтуын­ша, 5-10 жылдан бері болған өзге­рістерді назарға алмай, қазақ халқының мәдени кодексін түсінбей, демографиялық саладағы жағдайды білмей тиісті орындар бірқатар асығыс шешімдер қабылдады. Сондықтан экономика, мәдениет және білім саласында ары қарай қадам жасау үшін санақтың дұрыс жүргізілуі маңызды.
Айжамал ҚҰДАЙБЕРГЕНОВА: Санақ – халықтың бір күндік фотосы. Статистикалық мәліметтерді нақты бермейді. Мұның бәрі мемлекеттік қауіпсіздік, экономикалық даму немесе халықтың жай-күйі үшін қажет. Қазақстандағы санақтар халықтың құрамының, мемлекеттің экономикасы, тарихи оқиғалардың халықтың санына әсер еткені жайлы деректер береді. Сонымен қатар, ең бастысы, салық жинау үшін керек.
Біз «1937 жылғы санақ нәтижесі бұрма­ланды» деп отырмыз ғой, 2009 жылғы санақ нәтижесі туралы да осыны айтуға болады. Санақ нәтижелерінің күмән туды­руына себеп болған бірінші мәселе – жем­қорлық. Екінші мәселе – санақтың дұрыс жүргізілмегені. Мысалы, мен мекен-жайым­ды өзгерттім, екінші мекен-жайға санақшылар келмеді. Мен өзім туралы мәліметтерді санақшыларды қуып жүріп бердім. Ал мүлдем келмеген отбасылар көп болған. Тағы да бір айта кететін жағдай, санақ қорытындысын шығарған комиссия анкеталарды жинақтау, мәліметтерді жүйелеу кезінде оларды жинақтап жібере салып отырған. Бұны маған комиссия мүшелерінің өздері айтты. Бұл не деген сөз? Мәліметтер дұрыс жи­нақталмады. Сол себепті де санақ қоры­тындысы туралы дау-дамай көп болды. Бірақ арнайы зерттеулер жасалып, 2009 жылғы санақта қандай ауытқушылық болғаны анықталмады. Санақ қоғамның әлеумет­тік, тарихи және экономикалық бет-бейнесін көрсетеді.
Әзімбай ҒАЛИ: 2009 жылғы санақтың бір жаңалығы қазақтың 60%-ының қалаға келуі. Қазақтың алтын бесігі ауылда емес, қалада. Сондықтан біз қалалық ұлтқа айналдық. Ұлттық санақтың қалалық сипаты және жаңа таптар пайда болды. Буржуазиялық таптар пайда болды. Ұлт құрамы өзгерді. Яғни біз өлкелік миграцияның, ішкі көші-қонның қарқынды жүргізілгенін көріп отырмыз.
Тағы бір қызық мәселе, санақта жаңа заманның нарықтық конъюнктурасы анықталып жатыр. Қазір қазақтілді мамандарға, сондай-ақ ағылшынтілді мамандарға сұраныс көбірек артып келеді. Бұрын менеджер керек болса, қазір техникалық мамандарға сұраныс артуда.

БИЫЛҒЫ САНАҚТАН  НЕ КҮТЕМІЗ?

Айсұлу МОЛДАБЕК, әлеуметтанушы: Үшін­ші халық санағы – ел дамуының келесі онжылдықтағы бет-бейнесін бағалайтын, ашып көрсететін бір өлшемі. Яғни 2019 жылғы жаңа замандағы жаңа Қазақстанның жаңа бейнесін анықтайды. Мысалы, тарихи өлшеммен қарайтын болсақ, тарих үшін 10 жыл деген түк емес. Ал әлеуметтік-экономикалық өлшеммен қарайтын болсақ, 10 жыл деген белгілі бір елдегі болып жатқан өзгерістерді нақты бағалауға, бағамдауға мүмкіндік беретін кезең. Сондықтан келесі онжылдықта осы 2019 жылғы санақтың маңызы жоғары болмақ.
Енді қоғамдағы барлық өзгерістерді бір санақпен өлшеуге болмас. Алайда жалпы қоғамдағы өзгерістердің белгілі бір өлшемдерін анықтауға мүмкіндік береді. Ол қандай өлшемдер? Ең алдымен, халықтың демографиялық ахуалы. Адамның жасы, жынысы жағынан, орналасу тығыздығы, ұлттық құрамы, тілі, азаматтығы, діни сенімі, осының барлығын анықтауға бізге санақ мүмкіндік береді.
Екінші өлшем – неке жағдайы. Бізде ажырасу деңгейі қандай, некеге тұру жасы қаншада, ажырасу жасы қаншада, яғни неке жағдайын, қыр-сырын осы санақ анықтап береді. Үшіншісі – білім деңгейі. Халықтың білім деңгейі қаншалықты көтерілді, қалай өтті, жоғары, ортаңғы және ­бастауыш біліммен қамтамасыз етілген халық саны қанша, осыны анықтауға мүмкіндік береді. Төртінші жағдай – көші-қон. Еліміздегі халықтың ішкі-сыртқы миграция қанша, саны қанша, айырмашылық қанша? Яғни халық қайда көшіп жатыр деген сияқты сұрақтарға жауап береді. Одан кейін санақтың тағы бір маңыздылығы ­­халықтың әлеуметтік белсенділігін анықтауға көмектеседі. Яғни бізде жұмысқа қабілетті, белсенді халықтың көлемін анықтау маңызды. Бұл екінші жағынан экономикалық потенциал, халықтың, мемлекетіміздің экономикалық саясатын жүргізуге қажетті күш. Одан бөлек, халықтың табысы, кіріс көздері, шаруашылықтар саны, отбасы саны, үйлердің саны, т.б. Мысалы әрбір отбасында орташа қанша бала бар, әрбір отбасының кірісі қанша? Міне, халық санағы осындай сұрақтардың жауабын береді. Өткенде әрбір отбасының орташа табысы 500 мың теңге деген мәлімдеме қаншама дау-дамай тудырды. Келесі санақта осы мәселелер анықталады деп ойлаймын. Сосын баспана жағдайы. Са­нақ халық тұратын жерлер, ауылды жер мен қалалы жерлерде тұратын үйлердің жағ­дайы қандай деген сұрақтарға да жауап береді.
Біз атап өткен параметрлер бойынша сауалдарға жауап ала алсақ, ол әлеуметтік саясаттың басым бағыттарын анықтауға мүмкіндік береді. Яғни келесі онжылдықта біз әлеуметтік саясатта неге көңіл бөлуіміз керек деген сұраққа жауап табамыз. Мысалы, неке жағдайын алып қарайық. Алдыңғы 10 жылмен салыстырғанда, осы онжылдықтағы ажырасу деңгейі қандай? Оның себеп-салдарлары не? Егер ажырасу деңгейі бұрынғыдан артық болса, отбасылық саясаттың Қазақстанда дұрыс еместігін көрсетеді. Сонымен қатар миграция пайызы. Яғни көшіп келушілер мен кетушілердің арасындағы айырмашылық үлкен болатын болса, бұл біздің миграциялық саясаттың кемшілігі. Бұл халықтың өсімі тек қана табиғи өсім, туудан болып жатқандығын көрсетеді, ал сыртқа көшіп кетіп жатқан халықтың көптігі біздің демографиялық саясаттағы «минусымыз» болмақ. ­Содан кейін экономикалық белсенділік. Бұл жұмыспен қамту саясатының тиімділігі. Мысалы, қазір бізде «Жұмыспен қамту – 2020» бағдарламасы бар. Мысалы, адамдарды қайта оқыту, жастар практикасы деген жасалынып жатыр. Алайда соның барлығының тиімділігі осы экономикалық белсенді халықтың құрамын анықтауға мүмкіндік береді. Елбасы халықтың еңбекке қамтылуы мен өзін-өзі жұмыспен қамтитындардың құрамын анықтайық деген болатын. Қазір көшеде пісте сататынды да, үйінде екі ­сауын сиыры барды да өзін-өзі жұмыспен қамтушыға жатқызып қойған. Бұл санақ олардың ай сайынғы тұрақты кірісін де нақтылайды деп ойлаймын. Сонымен қатар соңғы Жолдауда айтылғандай, бізде өмір сапасын, халықтың өмір сүру жағдайын өлшеуде жаңа бір өлшемдер қажет. Бүгінде халықтың өмір сүру ұзақтығында алға басушылық бар. Халықтың өмір сүру сапасы оның тұратын жері ме, жалақысы ма немесе тұратын жеріндегі жағдайы, экологиялық жағдайы, ішкі-сыртқы жағдайлар деген сияқты халықтың өмір сапасын өлшеудің жаңа әдістері қолданылады деп ойлаймын.
Келесі мәселе – ақпараттандыру. Осы соңғы 10 жылда әлем бойынша ақпараттық технологиялардың даму тенденциясы байқалады. Соның нәтижесі де бұл санақтан көрінеді. Яғни халықтың компьютерлік және ақпараттық сауаттылығы өседі. Себебі 2009 жылғы санақта бір ғана өлшем болған компьютерлік сауаттылық: компьютерде жаза алатын, оқи алатын халықтың саны 33% болған, санақта бұл 60-тан асады деп ойлаймын. Бұдан бөлек, тек қана компьютер емес, мобильді қосымшаларды пайдалану, сайттарды пайдалану, мобильді және ақпараттық технологияларды пайдалану деген тағы да 2-3 өлшем қосылады. Бұл – әлемдік ­тенденция.
Сосын экономикалық-әлеуметтік белсенді халықтың да саны өседі. Себебі – алдында 6,5 млн болса, қазір 7,5 млн-нан асады. Енді бұл халық санының өсуімен тікелей байланысты. Соңғы онжылдықта демографиялық өсімде әйелдердің репро­дуктивтік жасы, яғни тууға қабілетті әйелдердің саны да артқан деп ойлаймын.
Мансия САДЫРОВА, әлеуметтанушы: Санақ тек біздің елімізде ғана емес, дүниежүзінде міндетті түрде өткізілуге тиісті шара. Себебі санақ – 10 жылдағы даму деңгейін, кері кеткенін, сандық тұрғыдан көп мәселелерді айқындап алуға мүмкіндік береді. Сол арқылы қоғамда халықтың өсуі, тұрмыс жағдайы, экономика қалай, тағы да қандай жаңа өзгерістер бар, соның бәрі осы санақ арқылы анықталады. Ал санақтың жүргізілу әдістемесі қалай, көп мәселе дұрыс жүргізілді ме деген мәселе туындайды. Қазіргі кезеңде санақ жүргізгенде цифрлық ақпаратты көбірек пайдалану керек сияқты. Сонда көбірек мәлімет аламыз. Мысалы, бұрынғы кезеңде үй аралап жүріп мәлімет жинады. Ол да керек шығар, бірақ ресми мекемеде жұмыс істейтіндер бар, ЖОО-да оқитындар бар, емханада тіркелгендер бар дегендей статистикада күн сайын ақпарат түсіп тұрады. Табиғи өсім туралы ресми дерек перзентханалардан алынады, адамның қайтыс болғаны туралы да ресми ақпарат алуға болады. Қазіргі кездегі түйткілдердің бірі – бізде есептен тыс қалып жатқан адамдар бар. Соларды қалай есептеу керек, меніңше, осыны ойланған жөн. Бізде жұмыс істеп жүрген, жасырын келген, тіркелмеген миграция өте көп. Мысалы, Алматының өзінде қанша адам тұрып, қанша адам жұмыс істейтіні туралы нақты мәлімет жоқ. Себебі күнде Алматының айналасындағы кіші қалалардан, аудандардан жұмысқа келіп-кететін адамдардың санын білу мүмкін емес. Сонда Алматыда ресми қанша тұрғын тұрады, ал қанша адам келіп-кетіп жұмыс істейді? Базар жағалап жүрген, тіркеусіз тұрғындар қаншама? Сосын тіпті жұмыссыз, еш жерде тіркелмеген, мысалы мектептен кейін оқымай жүргендер қалай есептеледі, мені осы мәселе толғандырады.
Санақ тек қана статистика үшін ғана емес, сонымен қатар қазіргі және болашақтағы үдерістерді болжау үшін де қажет. ­Мысалы, қазіргі кезеңде биылғы жылы туған балалардың санын біз кейін 20 жылдан кейінгімен есептесек, жастардың саны қанша болатынын болжап шығара аламыз. 25-30 жылдан кейінгі нәтиже қанша ер адам, қанша әйел адам екенін есептей аламыз. ­Сосын бұл жерде жұмыс күші деген мәселе бар. Мысалы, қазір мектеп бітірушілер мұншама деген дерек алсақ, олар 5 жылдан кейін еңбек нарығына қосылады, олардың қай оқу орындарына, қайда кеткендерін білу арқылы, біз болашақта еңбек нарығында оларды жұмыспен қамтамасыз ету мәселесін де шеше аламыз. Ол мәселе, қазір бізде жүйелі орындалып тұрған жоқ. Бірақ негізі ұсыныс-сұраныс деген болу керек. Мысалы, экономика институттары ЖОО-ға сұраныс беру керек, бізге мұншама инженер, мұншама әлеуметтанушы керек десе, ал ЖОО-ға соған байланысты квота беріліп, сол мамандарды ғана дайындау керек. Сонда артық жұмыс күші болмайды. Мысалы, 20 экономист бітірсе, бес жылдан кейін олардың қайда баратыны белгілі болуы керек. Бұл экономика үшін де, мәдениет үшін де, демографиялық өсім үшін демаңызды. Мысалы, қала халқын да, ауыл халқында біз болашақта болжай аламыз. Жастардың болашақта қаншасы ауыл­да қалады, қаншасы қалада тұрмақ ниетте, кім қай салаға кеткісі келеді деген сауалдар арқылы да қаншама дерек жинауға болады. Бұның барлығы әлеуметтік мәселелерді реттеу үшін қажет.
Сонымен қатар қазір жаңа туып жатқан сәбилердің саны мен зейнет жасына жеткен адамдардың санын есептеп, сәбилердің үш жылдан кейінгі балабақшасын, 6 жастан кейінгі мектебін, зейнеткерлердің әлеуметтік қорғалуын есептеуге мүмкіндік туады. Одан кейінгі мәселе, біз санақ арқылы еңбекке жарамсыз адамдарды айқындауымыз керек. Олардың жасына, жынысына қарап біз әлеуметтік саясатты құрғанымыз жөн. Мәселен, зағип балалардың санын анықтау арқылы олардың келешекте оқуына, отбасын құруына, еркін жүруіне жағдай жасайтындай қаржы бөлінуі қажет. Осының бәрін халық санағы арқылы есептеп, реттеп отыратын болсақ, әлеуметтік мәселелер тым тереңдеп кетпес еді. Экономикалық тұрғыдан алсақ, бірінші сыныпқа қанша қыз бала барады, қанша ұл бала барады. Яғни біз оларға қажетті құралдарды, формаларды, тек сол сандық тұрғыдан ғана шешер едік. Яғни сандарды сөйлете білу керек.
Менің ойымша, биылғы санақтың ерекшелігі технологиялық құралдарды көп қолданатын сияқты. Сол арқылы биылғы санақ бұрынғы санаққа қарағанда дәл дерек беруі мүмкін деп ойлаймын.
Жандос ИМАНБАЙ: Көптеген мем­лекет сынды біз де статистикалық мәлімет­терді түзу үшін қазіргі жаңа, өзге балама жолдардың болуына қарамастан, тұрғындар арасында сауалнама арқылы жүргізілетін дәстүрлі жолды, яғни бүкіл халықтық санақты жүргізуді жөн көреміз. Халық санағы мемлекеттегі халықтың нақты санын және құрамы мен тұрмыс жағдайын анықтауға көмек береді. Халық санағынан жиналған мәліметтер еңбек және мүлік нарығын жоспарлауда, бюджет бекіту кезінде, транспорт, әлеуметтік қамсыздандыру, денсаулық сақтау, білім беру, этносаралық қатынастар және дін мәселесі салаларында маңызы жоғары. Қысқасы, халық санағы – тек статистикалық нәтиже емес, сонымен қатар экономикалық және әлеуметтік болжам жасауда маңызды құрал. Сонымен қатар бүгінгі таңда халық санағын өткізудің экономикалық аспектісі әлдеқайда кең. Жинақталған мәлімет­тердің бюджетті бекітуде маңызы жоғары. ­Мемлекет өңірлерге бюджетті трансферттер бөлуі, муниципиалды ұйым­дарға қаржылай көмек көрсетуі тиіс. Қара­жатты рационалды тұрғыда бөлуді нақты мәліметтерсіз іске асыру мүмкін емес.
Инвестициялық саясат та мемлекет тұрғындары жайлы нақты мәліметтермен тікелей байланысты. Бұл ақпараттар инвесторларға халықаралық стандарттарға сәйкес өңірдегі негізгі еңбек ресурстары мен тұтыну нарығы жайлы мәліметтер береді. Өз кезегінде инвестиция тарту біздің мемлекет үшін өте маңызды және сыртқы саясаттағы айқын басымдықтардың бірі. Халық санағының нәтижелері жалпы орта білімді дамыту жолында болжам жасауға көмек береді. Санақ нәтижесінде өңірлерде қаншалықты білім мекемелеріне, ұстаздарға, балабақшаларға және т.б. атрибуттарға деген қажеттілік деңгейі анықталады. Осы сынды халық санағының нәтижесі әлеуметтік саланың өзге де атрибуттарының, денсаулық сақтау жастар саясатында, отбасы институтында, миграциялық процестерді реттеуде маңызы зор.

Осылайша, «Наркескен» интеллектулады пікір-сайыс алаңында бас қосқандар халық санағының маңыздылығын ерекше атап өтті. Енді биылғы ұлттық санақта халықтың да белсенділігі маңызды болмақ. Соңғы 10 жылдағы дамуымыз бен кемшіліктерімізді халық санағы арқылы анықтап, алдағы 10 жылға бағыт-бағдар жасауға мүмкіндік беру керек десті пікір алысқандар.
Ал бұқаралық ақпарат құралдары халықты құлақтандыру, ақпараттандырумен қатар дұрыс ақпарат беріп, оң шешімдердің орын алуына үлес қосуы тиіс.

Ақбота МҰСАБЕКҚЫЗЫ,
Сабина ОЛЖАБИ




ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Сіздің электронды пошта жарияланбайды. Қатарды міндетті түрде толтырыңыз *