«Заманауи Өзбекстан» фотокөрмесі өтеді

861

2019 жылғы 2 ақпанда сағат 16.00-де Өзбекстан Республикасының Қазақстан Республикасындағы Елшілігінің қолдауымен Өзбекстан Бейнелеу өнері музейі ұйымдастырған «Өзбекстанның заманауи кескіндемесі» көрмесінің және «Заманауи Өзбекстан» фотокөрмесі салтанатты түрде ашылады.

Бұл көрмеде Өзбекстанның заманауи бейнелеу өнері өзіндік көркемділігімен ерекшеленіп, қылқалам шеберлерінің туындылары қазақ алаңында жаңа қырынан ұсынылмақ. Көрмеге Файзулла Ахмадалиев, Хуршид Зияханов, Нодир Шоабдурахимов, Алишер Аликулов, Валерия Енина, Виктория Трошина, Дилором Мамедова, Бахтиёр Обидов, Абдухаким Каримов, Дилмурод Юлдашев, Умар Ражабов сияқты танымал суретшілер мен жас авторлардың соңғы бес жыл ішінде жасаған 38 көркем суреті қойылады.

Фотоөнер – көпжанрлы, өмірді әр қырынан танытатын, өзіндік сипаты мен шығармашылық қолтаңбасы қалыптасқан сала. «Заманауи Өзбекстан» фотокөрмесі А. Жұмаев, В. Гончаренко, Х. Шорахмедов, В. Шлосберг, В. Вяткин, В. Соколов сынды шеберлердің 100 фотосуреттерінен тұрады. Көрмеден өзбек бейнелеу өнерінің соңғы он жылдағы заманауи сипатымен қатар, ұлттық тарихтың отарлықтан кейінгі кезеңнен ұлттық бейнелеу өнері мектебінің қалыптасуына дейінгі әртүрлі дискурстарын, келешек ұрпақ үшін өзекті саналатын маңызды көзқарастар мен міндеттердің көрінісін оймен бағамдап, сүйсініп тамашалауға мүмкіндік бар.

Музей қонақтары аталған көрме арқылы Өзбекстан тәуелсіздік алған жылдары қалыптасқан құрылымдық өзгерістер, жергілікті халықтың салт-дәстүрі, өзбек елінің сол кезеңдегі тұрмыс-тіршілігімен жақын таныса алады.




ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Сіздің электронды пошта жарияланбайды. Қатарды міндетті түрде толтырыңыз *