Білгенге – маржан Қожа Ахмет Иасауи (1103-1128)

205

Орта ғасырдың әйгілі ақыны, ойшыл ғұламасы Қожа Ахмет Иасауи –көшпенділік пен отырықшылықтың өліарасындағы алмағайып күрделі кезеңде өмір кешкен кемеңгер. Ол сансыз баптарды, яғни кілең ғұламаларды өмірге әкелген Сайрам шаһарында Ибраһим атты түрік нәсілдес кісінің отбасында шамамен 1103 жылы дүниеге келеді. Бұл қыпшақ, оғыз тайпаларының біразы отырықшылыққа көшіп, Түркістандағы Иассы елді мекені сауда мен қол өнері дамыған мәдениет орталығына айналып, Орта Азия елдерімен қарым-қатынас жасай бастаған кез еді. Осы Иассыда түрік шейхы Арыстан Баптан тәлім алып, тәрбие көрген Ахмет айрықша зерек алғырлығымен көзге түседі.Ал Қожа Ахметтің есейіп, ержетуі, бесаспап білімдар азамат болып қалыптасуы сол тұстағы Шығыстың дін мен білім орталығы Бұқар қаласымен тікелей байланысты. Ол сонда Ж. Хамаданидің медресесінде оқып, мол білім алады. Ұстазы қайтыс болған соң біраз уақыт сол медресеге басшылық та жасаған. Ел аузындағы аңыз-әңгімелерге қарағанда, оның айрықша қабілетіне қызыққан бір ірі ғалым Иранға ертіп әкетіп, жеке оқытқан сияқты. Сөйтіп ол шығыстың талай ғұлама ғалымдарынан дәріс алып, білімін байытқан. Білім үшін өмірден баз кешіп, дәруіштік жолдың қиындықтарын да көп көрген. Шығыстың атақты қалалары мен діни орталықтарын көзбен көріп, Хорасан, Шам, Ғират шаһарларын аралап, көңілге көп дүние түйеді. Діни мұраттарды жүзеге асырудың сол тұстағы тәсілі сопылық жолға түсіп, дін ақыны ретінде хикметтерін жаза бастайды. «Менің хикметтерім – құдіреттің даналығы» дей отырып, ол пәни жалған, бақи арман жайындағы ойларын ортаға салады, мәңгілік махаббатты, жанпида ғашықтықты, риясыз адалдық пен асқақ адамгершілікті жырлайды. Солардың бәрінің де негізі өмірге деген ұлы сенімде, оның алтын өзегі дінде жатқанын айтады. Оның жырларында Құранның қағидалары, шариғаттың шарттары, пайғамбар хадистері мен мұндалап тұрады. Олардан Алланың досы Мұхаммед пайғамбардың, оның ұлы серіктері Ғазіреті Ғалидың, ғаділ Ғұмар мен ғұлама Ғұсманның өміртарихын да табасың. Тіпті кейбір хикаяттары түгелдей Құран сүрелерін өлеңмен өрнектеп түсіндіруге арналып, жұрттың көзін ақиқатқа жеткізуді мұрат тұтады.
Шариғат базарында сайрандадым,
Білімнің бақшасына қайран қалдым.
Тарихат сарайында тайраңдадым,
Хақиқаттың есігін аштым сөйтіп, – деп ол ғылымның кәусәрін қанып ішіп, шәкірттеріне білім гауһарын шашады. Хикметтерінің жібек тіні жалынды құштарлық пен қалтқысыз сүйіспеншілік дегеннің өзінде Қожа Ахметтің махаббаты жалғыз әйел затына емес, жалпы адам затына арналғаны бесенеден белгілі болып тұрады.
Өзін Ғазіреті Ғалидің Мұхаммед Қанапиясынан тарайтын Қожалар әулетіне жатқызатын, оны орта ғасырдағы шығыс ғалымдары да растаған. Қожа Ахмет Иасауи жасы алпыс үшке толғанда пайғамбар жасынан асқан соң жарық дүниеде өмір сүруді күпірлік санап, жер астынан жай салғызып алып, қалған еңбектерінің бәрін сонда жазған. Атышулы Ақсақ Темір 1405 жылы Сейхун дариясынан өтіп, Шыназ төңірегін қыстағанда «Иассы» кентіне келіп, әулие ақынның бейтіне зиярат етіп, Қожа Ахмет Иасаудың басына зәулім ескерткіш орнатуға пәрмен беріп, кесененің құрылысы мен сәулеті қандай болуы керегін айтып кеткен. Қазіргі Түркістандағы әлемге әйгілі Қожа Ахмет сәулет кешені өмірге осылай келген. Биыл Түркістан қаласында болғанында Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаев қазақтың адастырмас темір қазығы болатын үш мәселені атап көрсетті. Біріншісі – төл тарихымызды толық білу, екіншісі – Иасауи ілімі мен философиясы, үшіншісі – ұланғайыр Абай өркениеті.
Хақиқат дариясының қатері көп,
Қанша айтсаң да наданға әсері жоқ.
***
Сөзің – шырақ, хал – пілте, майы – жасын,
Неше айтсаң да баһра алмас одан тасыр.
***
Тарихтың жолы болар ұзақ та ұлы,
Нәсіп қылған пендеге ол бірақ жуық.
***
Қайда жүрсең сыпайы, жұмсақ болғын,
Ғаріптерге қарасар ынсап болсын.
***
Туыс тапсаң жан-тәніңмен құрметте,
Жаратқанның аманаты бұл көпке.
***
Бәйшешек ашылар ма нәр бермесе,
Диқан емес кетпен шауып, дән термесе.
***
Наданмен өткен өмір дозақ болар,
Надан барса қашар-ау дозақ та одан.
***
Ақыр заман ғылымы залым болар,
Тек ізгілік қуғандар ғалым болар.
***
Ұстаздарға қызмет қыл еркіңменен,
Күнаһар ұстазсыз-ақ білдім деген.
***
Кімдер хақ құлы болса хаққа жақсын,
Хаққа жақпаған менмендер әрман жатсын.
***
Рахым қылса құдайдың рахметі бар,
Берер болса таусылмас нығметі бар.
***
Жетім көрсең жәбірлемегін,
Ғаріп көрсең дәйім демегін.
***
Шариғаттың шарттарын білген,
Тарихаттың жөн жосығын біледі.
***
Рух құсы самғап ұшып
Ғарыштан ғарышқа қонар.
***
Нәпсіге ерік берсең, не тілемес,
Ақыры торға қамар етіп елес.
***
Нәпсі-төбет қабаған,
Жемтік көрсе тұра ма.
Дүние – жемтік, итке ұсап
Таласпа оған сірә да.
***
Сүймегенде жан да жоқ, иман да жоқ,
Ондайлардың сөзіне иланба көп.
***
Махаббат майданында жанын қиған
Хақиқат дариясынан гауһар жияр.
***
Ғашық азабын басқа түскен ғашық білер,
Түсінбеген тас атып оған күлер.
***
Жаннан кешпей ғашық сырын біліп болмас,
Малдан безбей менмендікті қойып болмас.
***
Арың таза болса – жеңіс сенде,
Іші-сырты жалған жанға әсте сенбе
***
Шын ғалымның жастығы тас болады,
Ғылымын жұртқа жайса шат болады.
***
Қасиетсіздер қасиетті боп көрінбек,
Тілмен қолдап, іш пікірмен бөлінбек.
***
Ғашық дертке сүрмеден дауа болмас,
Көз жасынан өзге оған куә болмас.
***
Шын ғашықтың болады жүзі сынық,
Өзі қайран, көңіл ойран, көзі тұнық.
***
Діні қатты, ділі азардан құдай безер.
***
Жалтақтан сұрама ақыл сөзі жалған.
***
Махаббат бағын кешпей ғашық болмас.
***
Шариғат – ғашықтардың әпсанасы.
***
Құдай сөзіне ұйыған дүние жимас.
***
Жалғаншыға жәннат жоқ.

Әзірлеген С. ЕСЖАНОВ