Медеудегі мотожарыс мәреге жетті

448

«Медеу» мұз айдынында Халықаралық мотоцикл федерациясының (FIM) қолдауымен спидвейден (мұздағы мотожарыс) жеке әлем Чемпионатының алғашқы финалы өз мәресіне жетті. Қазақстанның оңтүстік астанасында қазақстандық спортшыларды қоса алғанда, әлемнің бес елінен келген үздік 18 мотошабандоз сайысқа түсті.

Жеке әлем біріншілігінің алматылық кезеңінде Австрия, Германия, Ресей, Швеция және Қазақстан спортшылары бақ сынасты. Олардың ішінде Ресейден бес шабандоз, Германиядан екі, Швециядан төрт, Австриядан екі және Қазақстаннан бес шабандоз бар. Екі күн ішінде бұған дейін квалификация раундынан өткен шабандоздар жалпы жеке есеп үшін ұпай жинады.

«Медеудегі» «мұз гладиаторларының» шайқасына екі күн ішінде он мыңға жуық көрермен көз тікті. Сәл аязды ашық күн райы жарыстарға қолайлылық тудырды, және жанкүйерлер спорттық құмарлық пен адреналинге толы осы сайыстың сұлулығы мен қуатын сезіне алды.

Жарыстың екінші күні нағыз спидвэй шеберлерінің текетірестерімен есте қалды. Барлық жарыс айналымы бойы негізгі күрес ресейлік мотошабандоздар арасында жүрді. Финалға іріктеу кезеңдерінде ең көп ұпай иеленген ресейлік райдерлер Даниил Иванов, Дмитрий Хомицевич, Динар Валеев және Дмитрий Колтаков өтті. Еуропалық шабандоздар арасында алдыңғы күні ресейліктерге бәсекелестік танытқан жас швед шабандозы Мартин Хаарахилтунен екінші күні жартылай финалда бұрылыста алаңға сыймай, бөгеуіл маттарға соқтығысты, осылайша финалдық кезеңге қатысу мүмкіндігін уысынан шығарып алды.

Жарыстың бірінші күнінің финалисі ресейлік Динар Валеев шешуші жарыста тәжірибелі әріптестеріне жол беріп, үшінші орынға табан тіреді. Ал   қазіргі әлем чемпионы Дмитрий Колтаковқа «Медеу» финалында жеңіс үшін жылдамдық жетпеді, нәтижесінде ол өз отандастары Хомицевич пен Ивановты алға жіберіп алды.

Нәтижесінде барлық кезеңдерде жинаған ұпай саны бойынша ресейлік мотошабандоз Даниил Иванов 38 ұпаймен алматылық финалдың жеңімпазы атанды. Дмитрий Хомицевич екінші нәтиже көрсетті – 35 ұпай, Динар Валеев үшінші — 32 ұпай. Қазіргі әлем чемпионы Дмитрий Колтаков алматылық кезеңді төртінші орында 31 ұпаймен тәмамдады.

Айта кету керек, жарыстың екінші күні мұз трегіне резервтегі қазақстандық мотошабандоздар Павел Некрасов пен Денис Слепухин шықты. Іріктеу айналымдарының бірінде қазақстандық шабандоз Андрей Шишегов австриялық райдер Чарли Эбнерді басып озып, бірінші болып мәреге жетті. Дода әзірге қазақстандық спортшылардың әлемнің үздік спортшыларымен тең дәрежеде бәсекелесе алмайтынын көрсетті. Жастардың осы сайыстарға қызығушылық танытып, іріктеу турларынан өтіп жатқаны қуантады, сондықтан да біздің спортшыларымыздың шеберлігі шыңдалуда.

Алматы финалының қорытындысы бойынша өткен баспасөз мәслихатында Халықаралық мотоцикл федерациясының (FIM) спорт директоры Жан-Поль Гамбо қазақстандық автомотоспорт Федерациясы тарапынан жарыстың үздік ұйымдастырылғанын атап өтті.

— Биыл қазақстандық тарап әлем чемпионатының финалына дайындық бойынша үлкен жұмыс атқарды. Ауқымды спорттық іс-шараны өткізу үшін барлық қажетті жағдайлар қарастырылған және мұз аренасының инфрақұрылымы FIM регламенттері мен стандарттарына сәйкес келді. Біздің жемісті ынтымақтастығымыз тек дами түседі деп сенеміз,деді Жан-Поль Гамбо.

Суретті түсірген: Д.Балабекұлы




ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Сіздің электронды пошта жарияланбайды. Қатарды міндетті түрде толтырыңыз *