Әрқайсымыздың ішімізде бір Шиндлер жылап жатыр…

527

«Шиндлердің тізімі» деген шедевр фильм бар. Сүйенген оқиғасы — шын. Оскар Шиндлер деген неміс байы шалқып өмір сүріп жүргенде ертең анық өледі деген еврейлерді құтқарумен әлектеніп кетеді. Сөйтіп, зауытымда жұмыс істейді деп көзбояу өндіріс жасап, жалған құжат әзірлетіп жатып, 1200 еврейді ажалдан алып қалады емес пе? Тақыр кедей боп қалады түбінде. Фильмнің соңында Оскар өзі құтқарған адамдарға қарап тұрып «Шіркін, қаншама қымбат шарап іштім. Қаншама жезөкшенің бұтында уыс-уыс ақшамды қалдырдым. Соларды шашпағанда, жиғанда, тағы бір, жоқ, екі адамды құтқарып алатындай мүмкіндігім бар еді ғой» деп егіліп жылайды. Экранның бергі бетінде отырып өзің де жылайсың осы сәт. Бес қыздың қазасынан кейін әрқайсымыздың ішімізде бір Шиндлер жылап жатыр..

Билік тұрмақ, жеке өзімнің де әнебір жерде анық ысырапқа барғаным, мына жерде бекерге анау затты алғаным еске түсіп кетті. Неге соны садақаға бермедім? Неге мұқтаж жанды іздеп баруды тоқтатып қойдым? Жүрегімнің күйесін қырнап жатып, тырнағымды сындырып алдым.. Осындай негелерге өзім әлі жауап бере алмай жатырмын. Әйтпесе, бір ғана Хазрет Сұлтан мешітінің мысалында не боп жатқанын көрдіңіздер ғой – мешіттің атынан қайғы жұтқан отбасыға үй алып беретін болды, жеке шотына осы күндері жиналған 13 миллион 400 мыңдай теңгені қолдарына тапсырады. Көп түкірсе – көл. Бұл жерге төбесін көрсетпеген шенеуніктерден бұрын жеткен имамдарға қатты ырза болдым. Алла разы болсын! Каспи банк те қарызын кешіпті. Былай қарасаң, бәріміз жабылып, бір ғана отбасының жоғын толтыра алмай жатырмыз ше… Құрқылтайдың ұясындай тар жалдамалы кепеде тұрып жатқан 5 балалы отбасының кемінде 4 кредиті болған. Әкесі жұмыс істеп жүрген СТО оған соңғы үш айының жалақысын бермеген дейді. Обалы мен сауабын ұмытқан біреу осылай хақысын да жеген аямай..

Бұл бір отбасы. Осындай күйде әлі қанша отбасы бар? «Мені көзіме ілші», «Маған көмектесші» деп қолын көтеріп тұрған әлі қаншама адам бар.. Бәріне көмектесе аламыз ба? Бес қыздың қазасынан билік те, басқасы да тиісті сабақ алды деген үміттемін..

Өркен Кенжебектің фейсбук парақшасынан




ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Сіздің электронды пошта жарияланбайды. Қатарды міндетті түрде толтырыңыз *