«Біз кеттік, сау бол, Астана»: Ақындар өрттен көз жұмған қыздарға өлең арнады

494

4 ақпан күні Астанада болған жантүршігерлік қайғылы оқиға бір ғана жанұяның емес, тұтас халықтың еңсесін түсірді. Өз үйлерінде тірідей өртенген бес қыздың денесі кеше жер қойнына тапсырылып, қара жамылған қауым бейкүнә періштелермен қоштасты.

Марқұм балалар үшін қайғырып, аза тұтып жатқандар көп.  Мұң-зарын өлеңмен жеткізген ақындардың өлеңдерін nur.kz сайты жариялады.

Кеңшілік Тышқан есімді ақын азамат марқұм болған бүлдіршіндердің атынан өлең жазған.

«Қайда жүр деп ата-анамды сөкпеңіз,

Қар үстінде тамақ іздеп кеткен із.

Жер бетінен жайлы орын таба алмай,

Түн ортасы ұшып кеттік көкке біз!

Уақыт боп, айырылдық жас жаннан,

Өміріміз тар бөлмеде басталған.

Барлық бала бақытты өмір сүрсінші,

Біз оларды бақылаймыз, аспаннан!»

Ақын Бейбіт Сарыбай бес періштені ашылса алақан, жұмылса жұдырық болатын бес саусаққа теңеп, жоқтау арнаған.

«Басбармақ-ай, басбармақ,

Қарабауыр қасқалдақ…

Жұртың сені жоқтауда,

Жанарынан жас парлап.

Титтәй баланүйрегім,

Жалын, отқа күйгенім.

Қалай жерге қияды ел,

Сүйінгенін, сүйгенін.

Ойбой, ортантерегім,

Келте болды-ау дерегің.

Мемлекетің менсінбей,

Болды Аллаға керегің.

Шылдыр, шылдыр шүмегім,

Ата-анаңның күні едің.

Тәтті-ақ еді тілегің,

Әппақ еді жүрегің.

Ей, кішкентай бөбегім,

Ей, қайғылы өлеңім.

Талбесіктен суырып,

Жер бесікке бөледім…

Кеттік рас кердеңдеп,

Тұрмын міне шер меңдеп.

Қош деуге де шара жоқ,

Шолақ қолың ербеңдеп…» -деп жазған ол.




ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Сіздің электронды пошта жарияланбайды. Қатарды міндетті түрде толтырыңыз *