МОНОЛОГ (Ақын рухымен сырласу)

385

Батық Мәжитұлы, Халықаралық 
«Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты

Ассалаумағалейкум, Мұқағали аға!
Өткен күнде тоқтау жоқ. 
Егер тірі болсаңыз, сақал-шашы ағарған көсегелі қарияны көрер ме едік? Осылай деп, көзіме елестетуге тырысқанмен, түк қисыны келмейді. Менің ойымдағы бейнеңіз баяғы қалыпта. Бусанып, буырқанып, шалқып та толқып, иыққа түскен қылаусыз қара шашыңызды артқа қарай бір сілкіп, ақыл дарыған ай маңдайыңызды жарқыратып, қыран жанарыңызбен дүние болмыстың құпиясын сүзіп, өмір-өзеннің ағысына қарсы қайсарлана жүзіп және ол сіздің табиғатыңызға ғана жарасып, Алматының көшесінде кетіп бара жатқандайсыз.

Алты Алаш сізге бекер тәнті болған жоқ. Жырларыңызбен біте қайнасты. Мәселен, мынау өлеңдердің иесі сіз болғанмен, ондағы ой мен сезім біздікі. Сондықтан жатырқамадық. Өз-өзінен жатталып, көкейімізге орнықты.
Себебін айтып көрейін. Таланты­ның аз-кемдігіне қарамай, адам­ның толқыныс күйі бірдей ғой. Бірақ қаншалық қуансақ та, қаншама мұңай­сақ та, сағынып-сарғайсақ та, қалтырап тоңып немесе күйіп жансақ та – сезім дірілінің ырғағын сіз секілді баяндап жеткізе алмаймыз. Сондықтан шерткен жырыңызды бәріміз кәдеге жаратып пайдаландық.
«Рақмет саған, айналайын, ақын! Керегімді өлеңдеріңнен таптым. «Тілсіз тілді» сөйлеттің. Менің жүрек сыр­ларымның үні ғой мынау. Оған өзім де сендім, өзгені де сендірдім» деп қуандық.
Шынайы ақындық қуаттың тылсым күші өзгеше. Бойды баурады, ойды жаулады. Жалпақ жұрт соны қапысыз аңғарды. Ондай шығармаларға лайықты бағасын берудің өзі бақыт. «Жақсының жақсы­лығын айт, нұры тасысын». Десек те, соның сәті тірі кезіңізде түспей-ақ қойғаны. Өзіңіз туралы ақи­қаттың айтылғанын өзіңіз естіп үлгерген жоқсыз. Оның алғаш рет қаза­нама сөйлемдерінде баяндалғаны қандай өкінішті!
Аға! Сіз өмірден озған сол бір азалы сәт ерекше есте қалды. Сүйікті ақынын соңғы сапарға шығарып салуға келген жұрттың санында шек жоқ. Қала студенттері бір күн сабақтарына бармады. Қаралы көшке ілесіп, Кеңсайға қарай беттеген, сізді жоқтаған мыңдаған оқыр­мандарыңызды көріп таңырқадық.
Қызғаныштың қызыл итін мың жерден ырылдатса да, оны итеріп ешқашан төменге құлдилата алмайды. Сондықтан ғой сіздің: «Өмір сахнасына алған заңды билетім бар, Заңды орныма таласамын» дегеніңіз.
Талантты – талант таниды. Тірі ке­зіңізде адалынан баға беріп, өрелі пікір айтқан Әбіш Кекілбаев болды. Алдымен 1969 жылы «Лениншіл жасқа» «Жүректен жүрекке» деген әдемі мақаласын жариялады. Содан кейін 1971 жылы «Жұлдыз» журналында «Өлеңнің көкжиегі» атты зерттеу очеркін жазды. Сонда төрт ақынды даралап, бөлек атады. Олар – Мұқағали Мақатаев, Жұмекен Нәжімеденов, Төлеген ­Айбергенов, Қадыр Мырзалиев. ­Автор сіздің «Қарлығашым, келдің бе?» атты жыр жинағыңызға ерекше сүйінді. Абыздай толғанып, саралады. Ішінде жақсы шығармалары көп жинақтар, әрине, бар, арасында бірде-бір жаман шумақ кірмеген кітап та болады екен. «Осындай сиректің біреуі» деп Әбекең «Қарлығашым, келдің бе?» кітабын атады. Осыдан кейін назар аударып, сыншылар дүрілдететін шығар деп күттік. Бірақ «көрмес түйені де көрместің» керін келтіргендей, әдеби әлем жұмған аузын ашқан жоқ. Мән бермегендей, елемегендей сыңай танытып, өзінің дағдылы жұмыстарын жалғастыра берді.
Аға! «…Алайда өлтіре алмас өлеңді ешкім» дегеніңіз риясыз шындық. Нағыз жыр қайта туғандай түлейді екен. Сіз қалдырған әр шумақ ән сұрап тұрғандай. Өзім қатысқан думан-тойдың сізсіз өткенін көрген жоқпын.
Таңғалатыным: Қазақстанның қай түкпіріне барсақ та, сізді білмейтін Алаштың баласын көрмедім. Және туған күніңіз 9-ақпанды баспасөз ешқашан елеусіз қалдырмайды. Жыл сайын мектептерде «Мұқағали күніне арнап» әдеби кештер өтеді. Бұл жайында жарлық шығарып, шешім қабылдап, нұсқау беріп жатқан ешкім жоқ. Бәрі де оқырманның өз еркімен ұйымдастырылатын шара. Сізге деген халықтың суымас махаббаты.

Ғаламат даңқын сыйлаған тағдыр, екінші жағынан сараңдық та жасады. 45-ақ жыл ғұмыр кештіңіз! Сұмдық қой… Жақында бір туысқан менің жасымды сұрады. «Мұқағалидың ағасымын» дедім. Әрине, жас жағынан мөлшерлеп айтып отырғаным. Ал, не тындырдық деген сауалға жауап іздесек, сіздің шенейіңізге келу қайда?! Бірақ пенденің аты – пенде. «Мұқағалидан қай жерім кем?» дейтіндер де табылады. Сіздің кітаптарыңыз бен өзінің кітаптарының санын салыстырып соған-ақ көңілі тоғаяды. Ақиқат таразысына өлшегенде, салмағының қандай болатынында шаруасы жоқ. Атақтар мен марапаттарды аямай-ақ түгендеп, деңгейлесу жайын тек содан іздеп жүргендер де бар. Алайда өзгеріп кеткен ештеңе жоқ. Оқырман өзі сүйетін кітаптарды ғана сатып алып жатыр…
Аға! Сіз бойдағы Құдай дарытқан киелі талантты тынымсыз еңбектің терімен суардыңыз. Осы арқылы өлеңге қызмет жасаудың ғұмырлық мақсатын дәлелдедіңіз. «Жырдан басқа халқыма не беремін, жырдан басқа халқыма не керегім?!» деп өнер сарайының керегесіне қаланар өз орныңызды дәл таптыңыз.
Қарасазда туған, қатарласып жүріп бірге өлең жазған Еркін Ібітанов деген ініңіз бар. Сол кісі маған бір әңгіме айтты. «Мұқаң онда Қарасазда мұғалім. Ауылдың қарапайым ғана тұрғыны. Бірақ әдебиетке қызығуында тоят жоқ. Ұлттық мұраларды түгелге жуық зерттеп бітті. Бұдан кейін, орыс классикасына ауысты. Әлемдік дәрежедегі ұлы қаламгерлердің шығармаларын іздеп жүріп оқыды. Кітап сатып алудан қаржысын аяған емес» деді. Бұл – үлгі алатын нағыз ұлағат. Шалғай ауданның шалғай ауылында отырып-ақ күллі дүниемен тілдестіңіз. Және шығармаларды жай ғана қызықтап оқыған жоқсыз. Өрнектерін үйреніп, ой санасына тоқыдыңыз. Мына сипатыңыз кейде Абай атаңызға ұқсас. Мәселен, жазушы Марат Қабанбай «Ана тілі» газетіне жариялаған бір естелігінде, сіздің оқымысты ғалым қариямен әңгімелескеніңізді келтірген. Сонда әлгі кісі: «Түһ! Өзіңмен биіктігі бірдей көзқарастағы адаммен сырласқан да ғанибет қой!» деп жадыраған екен.
Орыс тілін ана тіліндей меңгердіңіз. Зиялы адамға тән сауаттылықпен көп тіл білуді де армандадыңыз. Осы жайында Қазақстанға еңбек сіңірген мұғалім Жүнісхан Құлмұханбетовтың қозғаған бір сөзі бар. «Елуінші жылдары. Орта мектепті бітірген соң Мұқағали екеуміз студент болсақ деп Алматыға аттандық. Мамандыққа байланысты шешімді Мұқаң айтты: «Жүнісхан, еліміздің бүгінінен ертеңі биік. Мәдениетті адамдар солай етеді. Бір шет тілін білуге міндеттіміз. Екеуміз неміс тілінің факультетіне барайық» деді. Дұрыс таңдауға қалай уәж айтасың. Келістік. Мұқаң емтихандардан сүрінбей өтіп шықты. Балым жетпей қалған маған: «Француз тілі факультетіне барасың» деді. Мен сонда кеттім» дейді.
Аға! Кез келгеннің еншісіне бұйыр­майтын осыншалық біліммен, аялы таныммен орынтаққа ұмтылсаңыз, ең кемінде бір ауданды басқарып, оның руханиятын да, экономикасын да өркендетіп жіберер едіңіз-ау деп ойлаймын… Айтпақшы сіз, ауылдық кеңесте хатшы, институтта комсомол ұйымының жетекшісі де болдыңыз. Аз дегенмен, биліктегі қызметтің дәмін осылай ептеп татып көргеніңіз бар. Бірақ бәрібір сізді өлең патшалығы өзіне тартты да тұрды. «Мен өмірді жырлау үшін келгенмін!» деп кесіп айттыңыз. Соның нәтижесіндей, әдеби ортаға «қартайып» қосылған жас ақын айналасы он-он бес жылдың ішінде ұлы дәуірмен иықтасып шыға келді. Таңдауыңыздың құнын сонда түсіндік.
«Өз жүрегінің сағынышына қарыздар» (Т.Айбергенов) болған ақындық парызды өтеу жолында Абай атаңызбен үндестіңіз. «Мен өлеңді жазбаймын ермек үшін» деп ұлы ақын айтса, сіз «Өлең жазу біреуге ермек шығар, Ақын болу не деген қиын еді» дедіңіз. Абай: «Жүрегімнің түбіне терең бойла» десе, сіз: «Менің нәзік жанымды кім түсінер» дедіңіз. Мұндай ұқсастық кездейсоқ туа бермейді. Менің ойымша, сіз де Абай көрген биікті байқаған сияқтысыз. Сондықтан ғой: «Қалам тартқан қазақтың бәрі де ақын, Абай бірақ қайтадан тіріле ме?!» немесе «Біз де өлеңді жазбаймыз ермек үшін, Жаздық үлгі жастарға бермек үшін, Абай жаққан бір сәуле сөнбеу үшін» дегеніңіз.
«Өмірде ақындардың бәрі жалғыз». Абайды құлазытқан жалғыздық айналып келіп сізді де тапты. Тұсауға көнбеген асаудай бұлқындыңыз. «Туады, туады әлі нағыз ақын!» деп келешек көкжиегіне зарығып тұрып көз салдыңыз. «Сол ақын бәлкім, Мұқағалидың өзі шығар» деп Сағат Әшімбаев болжам жасаған. Айтқаны айдай келді.
Әлі есімде, 1975 жылдың күзі. Алматы филармониясының залында композитор Нұрғиса Тілендиевтің есепті концерті болды. Онда негізінен сіздің өлеңдерге жазылған әндер орындалды. Бибігүл Төлегенова «Кел еркем Алатауыма», Нұрғали Нүсіпжанов «Сарыжайлау», Бақыт Әшімова «Сөнбейді әже, шырағың» әндерін айтты. Екі үлкен дарынның шығармашылық бірліктегі ғажайып жеңісіне куә болдық. Толқымаған адам қалмады. Жүйе-жүйе босап жанарлардан жас тамғанын сездік.
Өлең мен әуеннің рухы бірігіп кеткен. Кейін естідік, Нұрағаң екеуіңіз бір ай бойы ешнәрсеге алаңдамастан тынымсыз еңбек етіпсіздер. Ол нәзік сезімдер мен терең ойлардың қауышқан нұрлы сәті екен. Шабытты шабыт биіктетіп, жеті қат көкке көтерілгендей әсерге бөленгенсіздер. «Өнер – тағдыр» деген осы. Отызыншы күні «Сарыжайлаудың» мәтінін жылап тұрып жазғансыз. Үйден қалай шыққаныңызды сазгер байқаған жоқ. Бұл – жыр-ғұмыр мен ән-ғұмырдың мәңгілікке ұласуы еді. Сізді халық өмірі көзінен таса еткен жоқ. Көргісі келетін, білгісі келетін. Айналаңыздан шықпайтын. Ресми емес кездесулерде толас жоқ еді. Мұндай ілтипаттарды тоқтату мүмкін бе? Кафеде отырып-ақ өлеңдеріңізбен құлақтардың құрышын қандырдыңыз. Бүгінгі Несіпбек Айтовтар сізден бата алғанына әлі күнге дейін қуанады. Өлең боп өткен сол дүбірлі сәттерді қазір қанша іздесем де көре алмаймын. Ұқсатып, қайталап көреміз десек жараспайды. Өлең әлеміне көзсіз ену сіздермен келіп, сіздермен бірге аяқталған сияқты ма, қалай?
Өлең жазғанның бәріне ақын деп айдар тағып жатамыз. Белгілі көрсеткіші жоқ осы құбылысты қалай нақты бағалауға болады? Алтыны қайсы, мысы қайсы? Оған көңіл күйге байланысты айтылатын сан алуан сәттік пікірді қосыңыз. «Абайдың өлеңін қазір аудандық газет те баспайды» дейтіндерді көрдік. «Құдайдан қорықпағаннан – қорық». Мынандай дүмбілез сөзден шынында қорқасың. Нағыз ақын деген ұғымға анықтама таба алмай аңырып тұрғанда, сіз былай дедіңіз: «Дейсіңдер-ау, Қасымның несі Қасым?! Ақынмын деп қопаңдап жүргендердің, Әммасынан Қасымның десі басым». Енді түсінбейтін не қалды?
Аға! Сіз ұлы қаламгерлердің әрқай­сысына құрметпен қараудан танған емессіз. Бұл ықылас – «көп айтса көнді, жұрт айтса болдыдан» мүлде бөлек. Жүрек парасатымен, ақындық түйсікпен оларды дара таныдыңыз. «Қарадым сенің қола мүсініңе, Қоланы да болады түсінуге», – деп Пушкинмен сырластыңыз. «Әй, Сергей, Сергей! Сергей! Сергей! Сергей! Түстім-ау, сергелдеңге мен де сендей» деп Есенинмен мұңдастыңыз. Өйткені солар естіген дыбысты сіз де естідіңіз.
Біреулер: «Немене, біз сонда, кереңбіз бе?!» деп дау айтар. Бауырым-ау, сені саңырау деп отырған ешкім жоқ. Сабыр сақта. Құбылыс құпиясын әліміз жеткенше саралап көрейік. Кейде тыңдаған әннің өзін нәшіне келтіре алмай, әтуерін кетіретініміз бар. Осындай қылықпен: «Құр айқай бақырған кұлаққа ән бе екен?!» деп Абайды да күйіндірдік. Сөйтсек, мә­се­ленің бастысы, жан дауысын тыңдауда екен.
Сондықтан сіз әлемдік классиканы қанып ішумен қатар, ұлттық ерекшелікті сақтап, оны жаңа заманға сай әрлеп, түлетуге қатты көңіл бөлдіңіз. «Қасиетіңнен қара өлең айналайын» деуіңіз әншейінгі тебіреніс емес. «Ақынмын деп қалайша айта аламын, Халқымның өзі айтқанын қайталадым» деп кішіріп сөйледіңіз. Егер ізденіс, білім, пәленбай үйрену – ұлтына қызмет етпесе, оның құны қара бақыр. «Күпі киген қазақтың қара өлеңін, Шекпен жауып өзіне қайтарамын» деуіңіз өте орынды түйін.
Мықтылардың ұғым, түсінігі де мықты ғой. Абай, Мұхтар, Мағжандар орыс тілін үйренгенде, орыс болайық деп үйренген жоқ. Өзінде жоқты басқадан ала отырып, қазақтың әдебиетін классикалық биікке шығаруды мақсат тұтты. Егер қара сөзге, қара өлеңге осқырынса, қазақ мінезін бүлдіріп алатынын білді. Сол шаруаны сіздің де жан салып жалғастырғаныңызға тәнтіміз. «Қалқам, мен Лермонтов, ­Пушкин де емен, Есенинмін демедім ешкімге мен. Қазақтың қара өлеңі құдіретім. Онда бір сұмдық сыр бар естілмеген» деп едіңіз, ұлылар сізге түк ренжіген жоқ. Қайта мақұлдап, бас изеп жымиды. Өзімен тең дәрежеде сөйлесе алатын біртуар өрелі талант оларға да керек.
Сіздің сүйіспеншілігіңізде шекара жоқ. Туған жеріңіз Қарасаз болса да, тұрған жеріңіз – Қазақстан. Алатау, Алтай, Атыраудың бірде-бір пұшпағын қалдырмай жырладыңыз. «Барлығы да менікі, Қарт Оралдың қойнауы, Қарқараның жайлауы» деп кең тыныстадыңыз. «Мекен-жайым жер менің, Жерде жүрген ақын деген пендемін» деп өзге әлемге үн қатқандай, арқаңызды алып планетаға тіредіңіз. Бұдан кейін сіздің артыңыздан шөп ертіп, ұсақ-түйекті бықсытуға әй, ешкімнің де дәті бара қоймас…
Ата көрген елдің баласындай, қазақ әдебиеті алыптарын қадірлеп, қасиеттеудің парқына жеттіңіз. Олардың өздеріне лайық теңеуін тауып мәртебеледіңіз. «Сізді көрсем, жомарт бір күзді көрем» деп Ғабитке қарадыңыз. «Абай-далам, көңілің жабықпасын, Мұхтар болып даңқыңды анықтасын» деп Семейге ғашық көзбен назар салдыңыз. «Тізгінін тежемеген Ілияс-жыр» деп поэзия Құлагеріне таңдан­дыңыз. «Өзің бе?.. Өзің ғажапсың! От кешкен алғаш азатсың» деп Сәкен ағаңызға қызықтыңыз. «Қазақтың Бальзагі» деп Сәбитті атадыңыз. Айта берсе теңеу көп.
Сіздің Мағжанды айрықша қадір тұт­қаныңызды білеміз. Соның дәлелі ре­тінде, курстас досым Серікқали Баймен­шенің бір әңгімесін есіме түсірейін. «Қайынағаммен Мұқағали аға қатты сыйласты. Екеуін табыстырған Мағжанның мұрасы. Біреуі арап қарпіне еркін. Екіншісі орталық кітапхананың сирек қолжазбалар қорынан қисынын тауып, Мағжан өлеңдерін алдырады. Қайынағам оқиды, Мұқаң тыңдайды. Одан кейін көздерінен алты тарам жас ағып, егіліп, өксіп үйлеріне қайтады… Кейін қайынағам сұмдық жал­ғыз­сырады. Оның Мұқағали әлеміне бір­жола сүңгіп кеткенін аңғардық» деді маған.
Мен Төлеген Айбергенов жайлы жазылған өлеңдердің талайын оқыдым. Оны ұнатқандар әр қырынан келіп, ықылас ниетін аңғартып жатады. Бірақ сіздің «Төлегенге» деген жырыңыздың жөні бөлек. Маған ол ақындық тағдыр туралы еңіреп тұрып орындалған кішкентай дас­тан сияқты көрінеді. «Бармаңдар ақынды жұрт жерлегенге» деп өлмейтін дүниеге топырақ салуға тартынғандай, тежеулі бір сыңай байқатып, соған шыдамай періште жүрек сыңар аққудай сыңсып, бебеулейтін сияқты. Жылағаныңыз – сүйгеніңіз.
«Жақсы-жақсыны, бақсы-бақсыны көре алмайды» деген бар. Осының мысалын кейбіреулер жазушылар арасынан іздейтін. Сондай ойы болды ма, бір студент сізге көлденең сұрақ қойды. Ол: «Мұқа, Қадыр Мырзалиевке көзқарасыңыз қалай?» деді. Күткен жауабының не екенін аңғардық. Сіз оған: «Шырағым, халық мойындаған адам тегін болмайды» деп сөзді келте қайырдыңыз. Бір-біріңізді керемет құрметтейді екенсіздер. Сіз ­туралы жоқтау айтқанда, Қадыр ақын да егілді. Жараланса да жығылмай, шабуылдан танбаған ержүрек жауынгерге теңеді сізді. Бұл – «қазақтың өлген соң жаманы жоқтықтан» емес, сыңарын жоғалтып алғанын білген тұлғалық өксу.
Аға! Тірі болсаңыз көрер едіңіз, қазіргі қазақтың көбі өкпелегіш боп барады. Баяғыда ағайынға назданса мықтағанда Іленің арғы жағына көшетін. Енді қызметінен түскендер шетелге кететінді шығарды. Басқа мемлекетке барып шер тарқататындар да шығып жүр. Солардың көкейін тескені – орынтақ. Әйтпесе, қысылып, қымтырылған түгі жоқ. Тұрмыс жайы ханның дәрежесіндей. Ал сіз ше?
Мен сіздің қазаққа, Қазақстанға шек келтірген бір жол сөзіңізді жолықтырған емеспін. Отанның оттай ыстық екенін жырыңызды оқыған сайын сезініп отырдық. «Мен оның күнін сүйем, түнін сүйем», «Пай! Пай, Пай! Киелі неткен жер!», «Туған өлке тәтті екен ғой, тәтті екен!», «Ең бірінші байлығым – халқым менің» дегендей, елдің амандығын, жұрттың ырыс-бағын тіледіңіз. Қазақтың өзегін жарып шыққан ұрпағы болғандығыңызға мақтандыңыз. Еліңіздің ешкімнен кем еместігіне шек келтірмедіңіз. «Оңай сөз ғой Отанды сүйем деген…» деп баршаны ойландырдыңыз. Бәрі ниеттің ақтығы, пейілдің кеңдігі.
Егер, соны жеке бастың қол жеткен нәпақасымен өлшеп, тұрмыстық жағдайдың дәрежесімен таразыласа, қуанып тақияны аспанға атпауға да болатын еді. Неге? Ескі пәтерде өмір сүргеніңізді көрдік. Кітаптарыңыз шығып тұрғанмен, оның таралымы сол кездегі орта көрсеткішке жете бермейтін. 1973 жылдан кейін құзырыңызға тиянақты қызмет те тимеді. Тіршіліктегі жалғыз жүлдеңіз – «Лениншіл жас» газетінің «Менің атым – жиырма бес!» атты өлеңдерге жариялаған бәйгесіндегі алған екінші орын екен.
Ал радио мен теледидардың алтын қорында сізге байланысты мұра жоқтың қасы. 1981 жылы 50 жылдығыңызда алашапқын боп жатып, «Большевиктер» поэмасын оқыған дауысыңызды әрең таптық. Баяғыда Талдықорғанда жас ақындардың кеңесі өтіпті. Сондағы көптің арасындағы бір бейнеңізді жылт еткізген кадрды экраннан байқап шүкіршілік жасадық. Сіз секілді бір елдің үлкен ақыны жайында жинақтағанымыз осындай. Не күлерімізді, не жыларымызды білмейміз.
Марқұм Әнуарбек Байжанбаев ағамыз: «Егер, Мұқағали диктор болып жүре бергенде, менің атақ, даңқым, осыншалық шығанға шықпайтын еді» деп өнеріңізге асыра баға бергенін талай естідік.
Қандай жағдайда да сіз елге, халыққа өкпелеген емессіз. Ол жайындағы ұғым, түсінігіңіз тұнық та мөлдір. «Ақын жүрегіне кек тұрмайды, кек тұрса – қақ тұрғаны. Ондай асылдан сыңғырлаған үн шықпайды» деген Ғабит Мүсірепов сипаттамасы сізге арналғандай.
Ақын мінезі – батыр мінезі. Біз осының қадіріне жеттік пе? Әй, білмеймін! Егер жетсек, «Мұқаңның өзінде де бар, тыныш жүрсе ғой, қанжығасы олжадан босамайтын еді» деген дағдылы қарабайыр қалыбымызға салып тақылдап, біржақты ғана күстәналауға жол бермейтін едік. Мәселен, ұлы Пушкиннің де тәртібін «бес» деуге болмайды. Ол кісі кезінде кімдерді жекпе-жекке шақырмады. Ерегеске ерегеспен жауап қайтарып отырса, артына бүгінгі ұлы мұраларын қалдырып үлгермес те еді. Бұл жерде орыс қауымы өзінің даралығын танытқанын мойындамасқа лажымыз жоқ.
Ұзақ жыл қой баққан Мұхамеджан Іліпбаев қария сіздің малды ауылға келетін сапарларыңызды әлі ұмытпайды. «Өз басым Мұқаштың бөтен мінезін білмеймін. Тоқаш досын қасынан тастамайтын. Кешке қарай екі ақынның сөзін тыңдау үшін айналадағы малшылар түгел біздің киіз үйге жиналады. Суыртпақтап отырып олар бәрімізді сөзге жетелейді. Бір кезде қалай ақтарылғаныңды байқамай қаласың. Оларды біздің де жібергіміз келмейді. Таласып жүріп қонақ жасаймыз.
Жұмыс жағдайымен малшылар ерте тұрады. Десек те, Мұқағали бәрібір бізден бұрын оянады. Өзімен-өзі болып, та­биғат­пен сырласып толғанғанын талай байқадым.
Біз отырған жайлаудың төрінен аудан аймағы алақанға салғандай тұтас көрінеді. Кейін білдік, «Атамекен» дастаны осы сапарда туыпты» деді.
Аға! Сіз қалдырған жыр мұрасына қарап отырып, мынандай сырды аңғарамын. Шығармаларыңыз мықты болып басталған, мықты күйде аяқталған. Жас ақын қайсысын жазды, кемел ақын қайсысын жазды – ажырата алмайсың. Оқырманыңызды әуреге түсірмепсіз. Өзіңізге өзіңіз сыншы болып, аяусыз сүзгіден өткеніңіз көрінеді де тұрады. Киелі әдебиет есігін мол дайындықтан кейін, нық сеніммен ашқансыз.
Сол кезде аудандық газетте редактор болып істеген Әлнұр Мейірбеков айтқан әңгіме еді. «Алпысыншы жылдың басы. Әлдебір шаруамен редакцияға ерте келдім. Есіктің алдында Мұқағали тұр. Таң атқанша ұйықтамағаны анық.
– Аға. Дастан жаздым. Нүкте қойып келіп тұрғаным осы. Аты – «Аппасионата». Осы шығарма ақындық жолымды ашатын шығар деген үміттемін. Болмаса, өзімді де, оқырмандарды да мазаламаспын, – деді.
Жігіттер де шығармаға өте жоғары баға берді. Қасымызда жүрген Мұқағалидың мүлде биіктеп кеткенін де аңғардық. Өлең дереу Әбділда Тәжібаевтың атына жолданды. Он күннен соң қаладан телефон соғылды. Әбекеңнің: «Мұқағали, Алматыға кел, сен ұлы ақын боласың» деген дауысы әлі құлағымнан кетпейді» деді.
Неге «Ильичті», неге «Большевик­терді», неге «Маврды» жырлады деу жараспас. Ол – заманыңызға лайықталған сенім. Бүкіл бір дәуірді қамтыған тарихты жоққа шығару – күпірлік. Сол саяси тақырыптардың өзін лиризммен құлпырт­тыңыз. Ақын тақырыпқа емес, қайта тақырып ақынға бағынатынын білдік.
Қоғамдағы тоқырау белгілерін лақ еткізіп ақтару мүмкін бе? Азуы алты қарыс цензура ондайды қазық етіп қағып жіберер. Жаңағыдай тақырыптармен алдарқатып отырып, талай дүниені меңзеп үлгердіңіз.
Кейде көзқарасыңызды аудармаға сіңіріп жіберіп, шер тарқатқан секіл­дісіз. Осыған байланысты Оралбек Шамырхановтың естелігін айтайын.
«Мұқаң екеуміз түскі шайды мейрамханадан іштік. Кенет, ол биліктегі шенеуніктердің кемшілігін сынайтын өлеңді дауыстап тұрып оқығаны. Айылын жияр емес. Зәрем ұшқан мен байғұс жалтаңдап жан-жағыма қарай беремін. Бізге таяу жылмағай шал отырған. Сол құлағын түретін сияқты.
Бір кезде қасымызға кезекші милиционер келіп тұр. Мен шырылдап қоя бердім. Мұқаң сасатын емес. Бөлімшеге кіргенде манағы жылмағай шал бізді қасқыр ұстағандай бас салды. «Сондай өлең оқығаныңыз рас па?» деді капитан. Сонда Мұқаң қалтасынан суырып алып, өзі аударған Уолт Уитменнің жұқа кітапшасын көрсетіп: «Мықты болсаңдар, мына ақынды көрден суырып алып соттаңдар!» деді. Екеуі үнсіз отырып қалды. Біз шығып жүре бердік» дейді. Мұндай парадокстар басыңыздан аз өтпеген шығар.
Абай атамыздың музыкаға тәнті болған дағдысы сізге де тән. Тау мен даланың ғажайып сазын былай қойғанда, Бетховен мен Моцарт симфонияларының рухын бүкіл азаматтық санамен қабылдадыңыз. «Осының бәрі Мұқаңның еуропалық білімге, еуропалық танымға өресінің биіктігі» дейді жазушы Ахат Жақсыбаев.

Таңғалатыным: Қазақстанның қай түкпіріне барсақ та, сізді білмейтін алаштың баласын көрмедім. Және туған күніңіз 9-ақпанды баспасөз ешқашан елеусіз қалдырмайды. Жыл сайын мектептерде «Мұқағали күніне арнап» әдеби кештер өтеді. Бұл жайында жарлық шығарып, шешім қабылдап, нұсқау беріп жатқан ешкім жоқ. Бәрі де оқырманның өз еркімен ұйымдастырылатын шара. Сізге деген халықтың суымас махаббаты.

«Құдіретті комедияны» аударып Дантені қазақша сөйлету оңай емес. Дегенмен, ол қанша қиын болса да – өлең. Ал Моцарттың «Реквиемін» жыр тіліне келтіріп, оны қағазға түсіру меніңше сізден басқа ешкімнің қолынан келмес еді. Сөйтіп, қазақ поэзиясында бұрын болмаған құбылыс жасадыңыз.
«Реквием» – «Жан азасы» – Ә.Тәжібаев айтқандай «оптимистік трагедия». Ол – әруақтың дауысы. Жалғанды жалпағынан басып жүрген қаперсіз пендеге мұң арқылы өмір сырын айтады. Бұл шығарманы оқы­ған соң түйсіксіз жанның өзіне тың сезім­дер пайда болатын шығар деп ойлаймын.
Алтынның, ақшаның нарқын біл­мейтін кім бар? Алайда жарық дү­ниенің қадірін сондайлық білеміз бе? Бұл – осы сауалдарға жауап беретін шы­ғарма. Өлімнің қаралы күйін ғана айтып күңіренбейді. Жерде жүр­ген­дердің ар алдындағы, құдай алдын­дағы жауапкершілігін сезіндіреді. «Өмір дегенің бір күндік сәуле екен ғой» дейді. Адамның адамдығы – жылтырақ дүниені қомағайлықпен жинай беруде емес, мына жарқыраған сәуленің жүзіне кірбің түсірмеуде. Осыны санамызға құйдыңыз.
Адам және табиғат. Оның тұтастығын сұңғыла философтарға тән түйсікпен ұғындыңыз. Белгілі суреттерден белгісіз сырларды аңғардыңыз. Жануарға жаны бар деп қарадыңыз. Мәселен, «Тау өзені» деген өлеңіңізде бала шопаннан таяқ жеген серке ата шопанның артынан қарап маңырайды. Ол бекер маңырап тұрған жоқ. Адам мен табиғаттың арасы алшақтанып барады. Алшақтаудың соңы дүлейлік психологияға ұрындыруы мүмкін. Содан қорықтыңыз. Сондықтан да қайыңдарға «Өмір сүрейік алмасып» деп өтіндіңіз. Бәлкім, сол қайыңдар шынында да адам шығар. Сізді оқығаннан кейін аялап, ағаштардың жапырағын сипалағымыз келеді…
Жүректің дірілі, жүректің қасіреті, жүректің сыры – сіздің шығармаңыздың өн бойында өріліп отырады. Жүрек сөйлесе – сағыныш сазы шалқиды. Жүрек сөзі – әділет, ақиқаттың толғамы. «Әрбір жыры ақынның соңғы жыры, Соңғы жырды жазуға жүрек керек».
Сондықтан соғыстың қасіретін айту үшін жүректі тыңдадыңыз. «Дариға – жүрек» дедіңіз. Жауыздық салған жара әлі сыздап тұр. «Сағынып жүрсің бе әлде қадірлім-ай, Сонау бір жастығыңды майданда өлген?!». Сырты – бүтін, іші – түтін. Өмірлік өксік.
Дариға-жүрек! «Жылайтын еді бірдемде, Күлетін еді бірдемде». Баладай сенгіш, сәбидей таза. Қу соғыс соны да лайлады. Егер, қос аққу өмір айдынында қатар жүзсе, пенделік жаратылыстың табиғаты адамды ондай ғаріп халге түсірмейтін еді-ау! Әніңнің сұлулығы – жаныңның сұлулығы.
Сен мәңгілік сұлусың, Дариға-жүрек! Бірақ әлденеден секемденген, бір сәт әдеміліктен жиіркенген бала жүрек: «Ән емес, осы екен ғой аңсағаны» дегенде оқырман біздің де жанымыз қан жылап, шырылдап кетті ғой.
Соғыс есеңгіреткен Дариға-жүрек арын арашалаудың жалғыз жолын таңдады. Ол – «өлімнен ұят күшті» екенін дәлелдеу. Солай етті де. «Өте алмай қалдым, жете алмай қалдым ар жаққа, Дариға-жүрек ұшты да кетті аулаққа» деп, сауға сұраған бала жүректің дауысы бүкіл дүниені жаңғыртып жібергендей. Ақыры құмарлық пен ерліктің айқасында өзінің ару жанын құрбандық ету арқылы, Дариға-жүрек пенделікті жеңіп шықты. Жалған дүниенің тағы бір құпиясын осылай ашты. «Дүниенің мынау, қабағын бағып тұратын, Дариға-жүрек, өмірге берді бір ақын». Соғыс жайындағы күллі өлеңдеріңіз бір төбе, осы дастаныңыз өзінше бір төбе.
Сіз ақындық түйсікпен бәрін алдын ала болжадыңыз. Мәселен, таңдамалы «Өмірдастан» жинағыңызға қолтаңба қалдырғанда оның аяғына «1976 жыл 27 март» деп жазғаныңызды газеттен оқыдым. Өмірден қайтар күніңізді алдын ала қалай білдіңіз екен. «Сәл ғана мызғып ап, қайтадан тұрармын» дегеніңіз де сол қалпында келді. «Жазылар естеліктер мен туралы» дедіңіз, ол да әне жазылып жатыр. «Өшеді өлең немесе көшеді өлең» дедіңіз. Ақиқаты осы, орташа өлең, орташа ақын деген болмайды екен.
Сол сияқты, бір кезде еліңіздің тәуелсіздік алатынын сездіңіз-ау деймін. Әрине, сездіңіз. Хандардың, батырлардың, билердің, шешендердің – халқы өз орнына отырғызған тұғырға қайта көтерілетініне сендіңіз. Кең тынысты «Райымбек! ­Райымбек!» дастанын бекерге жазған жоқсыз. Және оны болашақтың еншісіне қалдырдыңыз.
Мен сізбен өмірімде бір рет әрі соңғы рет емен-жарқын әңгімелестім. Қоярда-қоймай үйіңізге ертіп апардыңыз. Лашын жеңгем де жадырай қарсы алды. Сонда жоғарыда аталған дастанның қолжазбасын көрсетіп, оны диктор болған ініңіз Бақытжан Атагелдиев нәшіне келтіріп оқыды. Разы күйде балқып, суып-ысып отырып тыңдадым.
«Бұл – мен өлген соң шығатын поэма. Солай бауырым, артында мұра қалмаған ақын – ақын емес» дедіңіз. Сол сөзді айт­қанда, 45-те ғана, тіпті жап-жас екенсіз ғой.
«Райымбек! Райымбек!» – 1981 жылы 26 қарашада «Лениншіл жас» газетінің үш-төрт санына түгел жарияланды. ­Шы­­ғар­маны жариялауға Сейдахмет Бердіқұлов ағам күш салыпты. Тарих ғы­лым­ы­ның докторлары Х.Арғымбаев пен К.Нұрпейісовке дәлелдеме жаздырып, қиыннан бұрып әкеліп қисынын әрең келтірген жұмыс.
Аға! Мен сыншы да, ғалым да емеспін. Мына жазғандарым оқырманыңыз ретінде жадымда қалыптасқан пікір. Барлық қайшылықтарына қарамастан, «Құрметтеңдер, жиырмасыншы ғасырды!» деп едіңіз. Әрине, құрметтейміз. Алашқа сіз секілді ақын ұл берген дәуірді қалай қасиеттемейміз. Сіз – жыр перзентісіз.




ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Сіздің электронды пошта жарияланбайды. Қатарды міндетті түрде толтырыңыз *