Аграрлық саладағы жас ғалымдардың Халықаралық форумы өтті

322

2019 жылдың 11 ақпанында Қазақ ұлттық аграрлық университетінде Елбасы Н.Ә.Назарбаев жариялаған «Жастар жылы» аясында «Жас ғалымдардың отандық агроөнеркәсіптік кешенінің индустриалды-инновациялық дамуына үлесі» атты I-ші Халықаралық Форумы өтті. Бұл туралы ҚазҰАУ баспасөз қызметі хабарлайды.

Форумның мақсаты – Қазақстан Республикасының аграрлық ғылымы мен агроөнеркәсіптік кешенінің маңызды міндеттерін шешуде жас ғалымдардың шығармашылық белсенділігін дамыту және интеллектуалды күштерін біріктіру.

Форумда агротуризм, өсімдік шаруашылығындағы агроинновация, табиғи ресурстарды басқару, жаңа технологиялар және агротехникалық құралдар, мал шаруашылығы өнімдерін өндіру технологиясы, ветеринария, жасыл экономика, су ресурстарын басқару бағыттары бойынша ғылыми-зерттеу және тәжірибелік-конструкторлық жұмыстар нәтижелері мен жастардың «start-up» жобалары таныстырылды.

Форум жұмысына ҚР Тұңғыш Президенті – Елбасы Қоры, ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігі, «Ұлттық аграрлық ғылыми-білім беру орталығы» КеАҚ, Ғылыми-зерттеу институттары мен «Даму» қорының өкілдері, аграрлық жоғары оқу орындарындағы Жас ғалымдар кеңесінің мүшелері, Қазақстанмен қатар Түркия, Польша, Сербия, Болонья, Ресей, Украина, Тәжікстан, Әзірбайжан, Қырғызстан, Өзбекстан және т.б. елдердің білікті мамандары мен жас ғалымдары қатысты.

Форумда жас ғалымдардың кәсіби құзіреттілігін қалыптастыруға мүмкіндік беретін тәжірибе алмасулар, мастер-класстар ұйымдастырылды. Форум форматы білікті мамандар мен жас ғалымдардың бір-бірімен пікір алмасып, ғылыми-шығармашылық байланыстарын дамытуға бағытталды.

Бұл форум Қазақ ұлттық аграрлық университетінде бастау алған «Халықаралық қысқы мектеп-2019» (11-23 ақпан аралығы) шарасымен қатар өтті.

Тілектес ЕСПОЛОВ,

Қазақ ұлттық аграрлық университетінің ректоры, ҚР ҰҒА академигі:

Биылғы жылды Ел Президенті Жастар жылы деп жариялады.

«Жас Отан» жастар қанатының IV съезінде жастар — ел болашағы және олар айқындалған мақсаттарын жүзеге асырулары керектігіне тоқталды. Сонымен қатар жастар инновациялық ғылымды игеріп, шетел тілдерін меңгеріп, спортпен, өнермен айналысып, отандық және әлемдік әдебиет мұраларын терең біліп, ең бастысы өз салаларында озат маман болуға шақырды. Қазақ ұлттық аграрлық университеті еліміздегі ауыл шаруашылығы мамандарын дайындайтын жетекші жоғары оқу орны. Университет барлық уақытта жастардың лайықты білім алуына, жұмысқа орналасуына жағдай жасап, оларды кішіпейілдікке, ұстамдылыққа және төзімділікке тәрбиелеу саясатын жүргізіп келеді. Бүгінгі күні университет озық білімді таратуда және қолдануда белсенді жұмыстар атқарып келеді. Университетте мамандарды дайындау негізінен ғылым арқылы жүзеге асып отыр. Бүгінгі күні университетте 10 мыңға жуық білім алушы бар. Профессор-оқытушылар құрамының 35 % — жас ғалымдар мен зерттеушілер. Магистратурада 1387, докторантурада 238 адам білім жетілдіруде, Өткен жылдың қорытындысы бойынша университет жастары қалалық және ресупбликалық қоғамдық ортада айтарлықтай нәтижелерге қол жеткізді. Өткен жылдың қорытындысы бойынша біздің жас ғалымдарымыз республика бойынша «Жас ғалымдардың үздік кеңесі» байқауында бірінші орын иеленді. 2018 жылдың қазанында «Жасыл ел» жастар еңбек жасақтарының XIV ресупбликалық слетінде біздің университет еліміздің «Үздік жоғары оқу орны» атанды. Университеттің жас ғалымдары ресубликалық және халықаралық деңгейде өткізілетін стартап-жобалар байқауларына тұрақты түрде қатысып келеді. Соңғы 3 жылды алатын болсақ, біздің жас зерттеушілеріміз 100 мыңнан 500 мыңға дейінгі ақшалай сыйақылармен ондаған жүлделі орындарды иеленіп келеді. Біздің студенттеріміз ғылыми жобалардың «Саинс Слэм – Алматы» республикалық конкурсында бірінші орынды иеленді.

Форумда ҚР АШМ, БжҒМ ғылыми-зерттеу институттарының жас зерттеушілері, магистранттар, PhD докторанттар, Астана, Алматы және басқа аймақтардағы жоғары оқу орындарының жас оқытушылары өздерінің ғылыми жоба, стартап-жобаларын білікті мамандар назарына ұсынды.

Бүгінде университетіміздің жанында Халықаралық агроинновациялық Агрохаб орталығы нәтижелі жұмыстар атқарып келеді. Бұл орталықтың негізігі миссиясы: агробизнеске жаңа инновациялық идеяны, озық технологияны, жаңа білім әдістерін тарту.

Жас ғалымдардың тәжірибе алмасу алаңына айналған бұл форумда Агробизнес-инкубатордың 80-нен астам старт-ап жобаларының нәтижелері таныстырылды. Бүл бағыттағы жұмыстар университетте жүйелі жолға қойылған.

Барлық мамандықтар бойынша 2-курстан бастап агробизнесті ұйымдастыру мақсатында бизнес-жоспарлар жасалынады.

Оқу бітірген түлектеріміз тек диплом иесі болып қана қоймай, өзінің бизнес-жобасын өндіріске ұсынады.

Форум барысында жас ғалымдар университеттегі Агротехнологиялық хаб қызметімен, Қазақ-Жапон инновациялық орталығының, Қазақстан-Беларусь агроинженерлік орталығының, Су орталығының, Қазақ-Корей

инновациялық орталығының, Тұрақты егін шаруашылығы орталығының, сондай-ақ мемлекеттік индустриалды инновациялық даму бағдарламасы аясында мамандарды даярлауға арналған ғылыми-зерттеу зертханаларының, Ситуациялық орталықтың, «Аграрлық ғылым, білім және өндіріс интеграция» көрмесі жұмыстарымен танысып, «Назарбаев білім-ғылым орталығында» болды.

Форумның алдында университетте «Халықаралық қысқы мектеп-2019» шарасы өз жұмысын бастады. Қысқы мектеп сабақтары ағымдағы жылдың 11-23 ақпан аралығында 12 бағыт бойынша өтеді. Қысқы мектеп жұмысына әлемнің 10 мемлекеті мен Қазақстанның 14 аймақтық жоғары оқу орындарынан 300 тыңдаушы қатысуда. Қысқы мектепке қатысушы жас ғалымдар старт-ап жобалар байқауына қатыса алады. Білікті мамандардың таңдауынан өткен үздік жоба иелері қаржылай сыйақыға ие болады.

Фото: Мамыржан Ботабеков




ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Сіздің электронды пошта жарияланбайды. Қатарды міндетті түрде толтырыңыз *