Елбасы кітапханасында Жастар жылына арналған іс-шаралар басталды

343

Елбасы кітапханасында Жастар жылына арналған «Ұлы дала жастары» атты мәдени-көрмелік іс-шаралар топтамаларының салтанатты ашылуы өтті-деп хабарлайды кiтапхананың баспасөз қызметі.

Бұл жиынға белгілі отандық суретшілер, мүсіншілер, музыканттар, Қазақстандағы шет мемлекеттерінің елшілері мен дипломатиялық өкілдіктердің қызметкерлері, елордалық университеттердің жетекшілері, оқытушылары мен студенттері және т.б. қатысты.
Қазақстанның бейнелеу өнерінің заманауи үрдістерімен танысуға мүмкіндік беретін мәдени шараны Елбасы кітапханасы директорының бірінші орынбасары Әмірхан Рахымжанов ашып, қатысушыларға сәттілік тіледі:
–Елбасы кітапханасы Жастар жылына арналған ауқымды іс-шаралар топтамасын бастайды. Солардың қатарында «Жастар – ел тірегі» кешенді тақырыптық көрмемізді, заманауи суретшілеріміздің, мүсіншілеріміздің, сәндік-қолданбалы өнер шеберлеріміздің, өнертанушыларымыздың шығармашылығын насихаттауға, қолдауға бағытталған байқауымызды жариялаймыз. Жас ұрпақтың тәрбиесі – адамзаттың мәңгілік тақырыбы. Ендеше, бүгінгі көрмеміз де, алдағы уақыттағы өнер туындылары жайлы іс- шараларымыз да, әсіресе жастардың еңбекқорлығына, талап-тiлегiне, арман-мұратына байланысты. Олар ата-бабаларымыздан мұра болып келе жатқан құндылықтарымызды, тарихи дәстүрлерiмiздi жаңғыртып қана қоймай, ел экономикасы мен ғылымын дамытуға да күш салу керек. Олай болса, құрметті байқауға қатысушы жастар! Өнер сүйер қауым! Сіздерді бүгін бастау алған байқау жұмысына белсене қатысуға шақырамын. Шығармашылық табыстар тілеймін.
Сондай-ақ мәдени шарада «Астана қаласының суретшілер одағы» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Жанұзақ Мүсәпір де сөз сөйледі:
– Елбасы кітапханасы мен Астана қаласының Суретшілер одағы үлкен жобаны қолға алып отыр. Бұл бастаманың басы деп ойлаймын. Өйткені бұл біздің Мәңгілік еліміздің болашағын болжайтын жастардың алға қойған мақсаттарын, өнер саласындағы ойларын дамытудың бір тетігі. Біздің алға қойған мақсатымыз – жастарды өнерге баулу, олардың шығармашылықтарын халыққа жеткізіп одан әрі әлемге таныту. Оның бірден-бір жолы – осы. Бұл жобаның берері мол. Болашақта басқа да ауқымды шараларды бірлесе жүзеге асырамыз деп ойлаймын.
«Жастар – ел тірегі» кешенді тақырыптық көрмеде Қазақстанның жастар әлеуетін іске асыратын білім, ғылым, қоғамдық қызмет, мәдениет пен спорт сынды негізгі салалар қамтылды. Елбасы кітапханасының архивтік, музейлік және кітап қорынан ұсынылған материалдар арасынан «Болашақ» президенттік бағдарламасының 25 жылдығына арналған бөлім көрменің көркін ашты.
– Мен сурет өнерімен 21 жылдан бері айналысып келемін. Былтыр өзімнің жеке көрмемнің ашылуы өтті. Жастар жылына орай ұйымдастырылған бүгінгі көрмеге «Тіршілік қамы» деген туындымды ұсындым. Мұндай көрмелер мен сияқты жас суретшілерге таптырмас тәжірибе дер едім. Өйткені осындай мәдени шараларға қатысу арқылы көп нәрсені үйреніп, шабытымызды шарықтата түсеміз, — деп ой бөлісті жас суретші Рүстем Беркінбаев.
Айта кететін жәйт, Елбасы кітапханасы Астана қаласының Суретшілер одағымен қолдауымен жас суретшілер, мүсіншілер, сәндік-қолданбалы өнер шеберлері мен өнертанушылар арасындағы ең үздік көркем шығармалар байқауын жариялады. Бұл сайыста 18 пен 35 жас аралығындағы қатысушылар «Ұлы дала тұлғалары», ал 35-тен жоғары жастағылар «Қазіргі Қазақстан жастары суретшілер көзімен» тақырыптары бойынша бақ сынасатын болады. Байқау екі кезеңмен қорытындыланады: бірінші бөлімі – маусымда, екінші бөлімі – желтоқсан айында. Байқаудың нәтижелері бойынша үздік шығармалардың көрмесі ұйымдастырылады, лауреаттарды марапаттау салтанаты өткізіледі және байқау жұмыстарының каталогы басып шығарылатын болады.




ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Сіздің электронды пошта жарияланбайды. Қатарды міндетті түрде толтырыңыз *