Ғайса ҚАЛЫМБЕТОВ: БАҒДАРЛАМАҒА БАСПАНА ҮШІН ҚАТЫСТЫМ…

579

Талай көрерменнің көзайымы мен білімділердің бақ сынайтын алаңына айналған «Миллион кімге бұйырады?» бағдарламасының қатысушыларына тек білім ғана емес, ерік-жігер, ішкі түйсік пен сабыр керек екені сөзсіз. Өткен аптада осындай қасиеттерін байқатып, бағдарламада қойылатын 15 сұрақтың 13-іне жауап берген, ары қарай ойынды өзі тоқтатқан алматылық Ғайса Қалымбетов көпшіліктің ықыласына бөленді. Айналасы жарты сағаттың ішінде миллионер атанып, ­2500000 теңге ұтыс алған қарапайым қазақ баласының кім екені көпшілікті қызықтыра түсті. Біз осы орайда Ғайса Қалымбетовты аз-кем әңгімеге тарттық. 

– Ғайса, сіздің «Миллион кімге бұйы­рады?» бағдарламасындағы ойыныңыз көпшілікті тәнті етті. Білімді, қарапайым жігіттің кім екені көпшілікке қызық. Өзіңіз туралы тарқата айтып берсеңіз?
–Мен 1992 жылы Алматы қаласында дүниеге келдім. №161 жаратылыстану бағытындағы мектеп-гиназиясының химия-математика сыныбын тәмамдағам. Осы мектептегі химия пәнінен беретін мұғалімім Әлия Темірболатқызы менің химияға, жаратылыстану ғылымына деген қызығушылығымды оятып, негіз салып берді. Мектеп бітірген соң Қ.Сәтбаев атындағы Қазақ ұлттық техникалық университетінің «Органикалық заттардың химиялық технологиясы» мамандығына оқуға түстім. Мамандығым мұнай өндіруге байланысты болғандықтан, негізінен мұнай-газ саласында жұмыс істеуім керек. 2014 жылы жоғарғы оқу орнын бітірген соң, өзім үшін бір жыл үзіліс алдым. Мамандықты дұрыс таңдадым ба, болашағыма қандай қадам жасауым керек, осы сауалдардың жауабын табу мақсатында бір жыл өндірісте жұмыс істедім. Сосын бір жылдан кейін өз салам бойынша магистратураға оқуға түсуге құжат жинай бастадым. Осы кезде Қ.Сәтбаев атындағы Қазақ ұлттық техникалық университетіндегі оқытушым Әлия Байқоңырова университеттің Мәскеу технологиялық университетімен келісімшарт жасасқанын, қазақ студенттеріне Мәскеуде оқуға мүмкіндік барын айтты. Бірден Мәскеуге аттанып, емтиханнан сүрінбей өттім. Аталған университетте екі жыл магистратураны оқып келдім. Былтырдан бері «Еуразия» бизнес мектебінде үйлестіруші болып қызмет атқарып келемін.
Ата-анам да қарапайым адамдар. Әкем Пернебек Қалымбетов – техника ғылымының кандидаты еді. Өкінішке қарай, 2008 жылы өмірден озды. Анам Қаламқас Жеткергенова – өмір бойы «Қазақфильм» киностудиясының монтаж бөлімінде жұмыс істеді. Бала кезімнен үйде сөре-сөре кітаптар болатын: әлем әдебиеті, қазақ классиктері, ғылыми әдебиеттер және т.б. Ғылымға деген қызығушылығым осы кезден басталған болуы керек (күліп).
– Қанжығаңызды майлап берген бағдарламаға қатысу туралы ой қайдан келді?
– Өзім атақ-дәрежеге қызықпайтын, керісінше одан қашатын адаммын. Мысалы, әлеуметтік желілерде көп отырмаймын, көп сурет салмаймын, пікір де жазбаймын. Бағдарламаға қатысарда өз біліміме сеніп, жақсы ұтыс болатынын білсем де, әлеуметтік желілерде мұншалықты қызу талқыға түсемін деп ойлаған жоқпын. Бір жыл бұрын өзіме жеке баспана алғым келіп, алдағы 1-2 жылда баспанаға қол жеткіземін деп мақсат қойдым. Тура сол кезде «7-20-25» бағдарламасы туралы шешім шығып, бұл маған берілген мүмкіндік деп ойладым. Ақша жинау керегін түсіндім. Ақша деген оңай келмейді ғой. Қалай қосымша табыстарды арттыруға болатынын қарастырып жүрдім. Сосын осы бағдарламаға неге қатысып көрмеске деген ой келді. Талаптарын орындап, қатысушы боп шыға келдім. Алғашқыда қобалжығаныммен, мүмкін бағым шығар деген ойдан арылмадым. Бағдарламаға қатысу үшін арнайы дайындалып та жатпадым. Қандай сұрақтар келетінін де білмейтіндіктен тек білім мен сабыр алып шығатынына сендім. Мәселен, ғарыш денелері туралы сұрақ келген кезде, астрофизика деген жауап нұсқасы болды. Көп адам осы нұсқа деп ойлады. Бірақ мен оған астрофизиканың қатысы жоқ екенін біліп тұрдым. Сосын космогонияны таңдадым. Және менің таңдауым дұрыс нұсқа болып шықты.
–Ойын барысында барлық саладан хабарыңыз барын байқаттыңыз. Физика-химия, астрономия, спорт, тарих, әдебиет салаларының бәрін қамтыған сұрақтарға дұрыс жауап беріп отырдыңыз.
– Адамның білімді болуы бала кезден бас­тау алады. Оның іргетасы мықты қалануы керек. Мен оқыған мектепте әр пәннен білімді, білікті ұстаздар сабақ берді. Әр мұғалім сабағын қызықты етіп, балаға оңай қабылданатындай әдістерін білетін еді. Мектептен солай қалыптастым. Ары қарай адам өзін-өзі дамытуы керек. Мысалы мен бос уақытымды ізденуге арнаймын. Ғылыми әдебиеттермен қатар, әлем әдебиетін, ғарыштық тақырыптарды қызығып оқимын. Онымен қоса, әрине, салалық кітаптарды оқып, өзін-өзі дамытып отыру әр маманның міндеті деп білемін.
– Бағдарлама соңында ұтысқа алған 2500000 теңге қаржыңызды үй салуға жұмсаймын дедіңіз. Ал жоғарыда «7-20-25» бағдарламасы туралы тілге тиек еттіңіз. Сонымен, нақты қандай шешімге келдіңіз? Яғни ұтысыңызды қайда жұмсайсыз?
– Қазір осы мәселені ойланып жүрмін. «7-20-25» бағдарламасы бойынша пәтер алуға қаржым жеткілікті болып тұр. Бірақ бір жағынан жеке үй салғым келеді. Бала кезден жер үйде туып-өскендіктен болар, жер үйдің пәтерге қарағанда көп артықшылықтары бар деп ойлаймын. Сондықтан тағы да кішкене ақша жинап, қалауымша үй салсам деймін.
– Биыл елімізде «Жастар жылы» деп жария­ланғаны белгілі. Бұл жылда жастарға қандай мүмкіндіктер берілу керек деп ойлайсыз?
– «Жастар жылында» біріншіден дауыс құқығын беру керек. Яғни жастарды ести білу керек. Қазіргі таңда өте талантты, мықты жастар өте көп. Бірақ олардың күш-қуаты қолданылмай жатыр. Біз сол жастарға мүмкіндік беріп, оларды тауып, жастардың арасында өзара бәсекелестік орнатып, оларды дамытуымыз керек. «Жастар жылы» жай атау­мен қалмауы керек. Құр дүркіретіп өткізбей, жастардың өзекті мәселелеріне көңіл аударуымыз және оны шешуге атсалысуымыз керек. Жастардың шетелге кету үрдісі артып отырғаны жасырын емес. Оларды жазғыра да алмаймыз. Мәселен, салыстырмалы түрде қарасақ, біз бірдей жұмыс істеп, бірдей уақыт жұмсағанымызбен, шетелдегі мамандар бізден 10-15 есе үлкен еңбекақы алады. Ал бізде бүкіл салада мемлекеттің қадағалауы өте көп. Әр салада мемлекеттік қолдау болғанымен, ол бизнестің ары қарай дамуына кедергі келтіреді. Жеке ашылған компаниялар мемлекеттік қолдауға ие болған ұлттық компанияларға бәсекелес бола алмайды, артта қалады. Себебі олардың дамитын күштері, жағдайлары жоқ. Олар дамымаған соң жастарға жұмыс орындары ашылмайды. Тек қана сол мемлекеттік компанияларға қатысты адамдарға ғана орын табылады. Қалғандары, өкінішке қарай, шетелге кетуге мәжбүр болады. Сол үшін бизнеске жол беріп, экономикалық бағытқа өзгерістер енгізу керек деп ойлаймын. Себебі елдегі экономикалық мәселелер шешілсе, ол бізге әлеуметтік мәселелердің шешілуіне жол көрсетеді. Ал биылғы «Жастар жылында» осындай мәселелер шешімін табуы үшін жастарға мүмкіндік берілуі керек.
– Әңгімеңізге рақмет!

Сұхбаттасқан
Ақбота МҰСАБЕКҚЫЗЫ




ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Сіздің электронды пошта жарияланбайды. Қатарды міндетті түрде толтырыңыз *