«Қазақфильм» киностудиясының қызметкерлері Ш. Аймановтың ескерткішіне гүл шоғын қойды

667

15 ақпан күні қазақ киносының классигі, қазақтың сахна өнері мен кино өнерінің қалыптасуына, шыңдалуына айрықша ықпал еткен КСРО халық артисі, көрнекті театр және кино актері, белгілі кинорежиссер Шәкен Айманов 105 жасқа келіп отыр. Осыған орай Ш.Айманов атындағы «Қазақфильм» АҚ басшылығы, білгілі киногерлер — Сатыбалды Нарымбетов, Дамир Манабаев, Рустем Абдрашов, Ерболат Тогузаков — және киностудияның қызметкерлері қазақ киносының майталманының ескерткішіне гүл шоғын қойды. Бұл туралы Ш. Айманов атындағы «Қазақфильм» АҚ баспасөз қызметіне сілтеме жасап хабарлайды kazgazeta.kz.

Шәкен Айманов – қазақ өнерінің бағына жаралған жарық жұлдыз. Оның фильмдері ұлттық кинематографтың алтын қорына енді. Сомдаған рөлдері – актерлік шеберліктің нағыз шыңы. Қазақ кино өнерінің дамуына зор үлес қосқан ол Қазақстан кинематографистер одағына жеке ғимарат, сондай-ақ «Қазақфильм» киностудиясын тұрғызып берді. Өмірі парасат пен өнегеге өрілген Аймановтың шығармашылығын келер ұрпаққа жеткізу біздің міндетіміз. Шәкен ағамыздың аруағы қолдай берсін, — деді белгілі кинорежиссер Сатыбалды Нарымбетов.

Айта кетсек, бүгін ақпанның 15-нде сағат 21:20-да «Ел Арна» телеарнасында кино өнерінің саңлағы – Шәкен Аймановтың өмір жолы мен шығармашылығына арналған «Шәкен Айманов: аңыз адам» деректі фильмі көрсетіледі. Аталған фильмді Ш.Аймановтың 100-жылдығына орай белгілі режиссер Болат Нүсімбеков түсірген. Сондай-ақ, ертең, ақпанның 16-да сағат 19:25 «Ел Арна» телеарнасында Шәкен Аймановтың «Атамекен» фильміне арналған «Ашық көрсетілім» бағдарламасы көрсетілетін болады.

 




ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Сіздің электронды пошта жарияланбайды. Қатарды міндетті түрде толтырыңыз *