Түркістан: халық әл-ауқатын арттыру жолында

381

Түркістан облысының әкімі Жансейіт Түймебаев 2018 жылы атқарылған жұмыстар бойынша халық алдында қорытынды есеп берді. Бұл туралы Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі хабарлады.

Түркістан қаласындағы Қ.А.Ясауи атындағы Қазақ-Түрік Университетінің мәжіліс залында өткен жиынға ҚР Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы, облыстық мәслихат депутаттары мен зиялы қауым өкілдері және көкейдегі сауалдарын қоюға келген облыс тұрғындары қатысты. Мұнан бөлек, әкімнің жылдық есебін 5 мыңнан астам адам селекторлық режимде және әлеуметтік желілерде тікелей эфирде тыңдады.

Баяндамасында Жансейіт Қансейітұлы «Түркістан облысы халқының әл-ауқатын арттыратын экономикалық жүйеміздің даму бағыты қандай болмақ? Әл-ауқатты арттыру тұрғындарға қызмет жасайтын инфрақұрылымды қалай дамытамыз? Өркениет заманында Түркістан облысында адам капиталын заманауи үлгіде қалай  қалыптастырамыз?» деген сұрақтар төңірегінде ой қозғады. Өткен жылы тарихи шешім қабылданып, Түркістан облысы құрылғанын, бұл басқосудың облыстың жаңа орталығы – Түркістан қаласында тұңғыш рет өтіп жатқанын атап өтті. Сонымен бірге,  Сарыағаш және Мақтаарал аудандарының бөлініп, Келес пен Жетісай аудандарының құрылуы ел әлеуетін көтеру үшін маңызды болғанын жеткізді.

Өңір басшысы Түркістан облысы экономикасының негізгі сүйреуші салалары өнеркәсіп, кәсіпкерлік, ауыл шаруашылығы және туризм екеніне тоқталып, осы бағытта ауқымды жұмыстар жүргізілетінін мәлімдеді.

Баяндамадан кейінгі жарыссөзге шыққан азаматтар Түркістанда мектептерді көбейту, жас мамандарға пәтер беру, Түркістанның жасыл белдеуін молайту жөніндегі ұсыныстарын айта келе,  әкім есебін оң бағалады.

Мәжіліс барысында залдан сұрақ қоюшы азаматтарға да кезек берілді. Тұрғындардың дені коммуналды шаруашылық, транспорт, тұрғын үй алу, жұмыспен қамту, жол салу және өзге де мәселелер төңірегінде сұрақтарын қойды. Әрбір сұрақты мұқият тыңдап, жауап берген Ж.Түймебаев тұрғындардың ұсыныстары мен шағымдары назарға алынатынын айтты.

«Елбасымыздың Түркістан өңіріне деген қолдауын жақсы білесіздер. Қазір ауқымды жұмыстар жүріп жатыр. «Не шықса да Оңтүстіктен шығады» деген тәмсілге ұқсас сөз бар. Өңіріміздің шынайы өмірімен етене таныс адам ол сөзді облыс халқының еңбекқорлығы мен тапқырлығына деген ризашылықпен, сүйіспеншілікпен айтады. Осы жасампаздық қуатты дұрыс арнаға бұра білсек, Түркістан облысын бірге түлететін боламыз», – деді әкім.

Елбасы Н.Назарбаев  23 қаңтарда 2019 жылды «Жастар жылы» деп жариялап, жастарға қолдау білдіруді және отбасы институтын күшейтуді тапсырған болатын. Президент жастарды Түркістан қаласының құрылысына тартуды арнайы атады. Бүгінгі таңда «Түркістан жастарының құрылыс жасағы» ұйымын құрылып, 3000-нан астам азаматтың тізімін жасақталды. Ақпанның ішінде мердігер құрылыс компанияларымен меморандумға отырып, наурыздан бастап жастарды құрылыс жұмыстарына жіберіледі. Тұрақты жалақы көлемі 70 мың мен 100 мың теңге арасында болмақ. Оған қоса, «Жасыл ел» бағдарламасы арқылы 1300-дей жас жұмыспен қамтылады. Бұл туралы өңір басшысы Жансейіт Түймебаев халық алдындағы кезекті жылдық есеп беру жиынында мәлімдеді.

«Облыста жастардың саны 500 мыңнан астам адам немесе жалпы халық санының 25 пайызы. Түркістан облысында биыл «Жастарды тұрғын үймен қамту» жобасы аясында 260 жасты баспанамен қамту көзделуде. Өңірде жастармен тікелей жұмыс жүргізетін «Жастар ресурстық орталықтарының» жүйесі қалыптасқан. Орталықта «Бір терезе» қағидасы бойынша 8 бағытта «Жастарға қызмет көрсету секторы» жұмыс атқаруда. Жастарға психологиялық кеңес беру мақсатында 13-03 санды Саll-орталығы жұмыс атқарады. «Жас кәсіпкер» жобасы аясында, 2 млн. теңге көлемінде кепілсіз «ОҢТҮСТІК» аймақтық инвестициялық орталығы арқылы 8 жоба қаржыландырылды. Биылғы жылдан бастап жас кәсіпкер кепілсіз 2 млн. теңгеге дейінгі жеңілдетілген несиені жылдық 4 пайызбен алатын болады. Ал, ауылшаруашылығын қолдау қоры арқылы ауыл аймақтағы 200-ден астам жас кәсіпкерге төмен пайызбен (6 %) 1,5 млрд. теңге несие беруді көзделуде», – деді Жансейіт Қансейітұлы.

Сондай-ақ, 1200 жұмыссыз азамат кәсіпкерлік негіздері курстарынан өткізіп, олардың кемінде 80 пайызына төмендетілген пайызбен несие берілетін болады

«Серпін – 2050» жобасы бойынша облысымыздан өткен жылы 1589 жас, сондай-ақ, биыл қосымша 137 жас грантқа ие болды. Бұдан өзге, «Жастар практикасы» бағдарламасы аясында 5500-ге жуық жасқа қолдау білдіру үшін 2 млрд. теңге бөлінеді.

Түркістан облысында жалпы өңірлік өнім көлемі 1 трлн. 103,9 млрд. теңгені құрап, 2017 жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда өсім 103,9 % құрады. Көптеген кәсіпорындардың қуатын арттырып, технологиялық процесті модернизациялаудың арқасында өнеркәсіп секторының орнықты дамуына қол жеткізділді. Бұл жөнінде облыс басшысы Жансейіт Түймебаев халық алдындағы кезекті жылдық есеп беру жиынында мәлімдеді.

«2018 жылы өнеркәсіп өнімінің көлемі 453,8 млрд. теңгені құрап, 43,1 млрд. теңгеге өскен. Өңдеу өнеркәсібі де дамып келеді. Мұнда 236,9 млрд. теңгенің өнімі өндіріліп, 13,7 млрд теңгеге артты. Индустрияландыру картасы аясында 2018 жылы 10 жоба іске асырылып, 800-ден аса жұмыс орны ашылды. Биыл индустрияландыру картасы аясында инвестициялық құны 11,9 млрд.теңгені құрайтын 15 жобаны іске асыруды жоспарлап отырмыз», — деді Жансейіт Қансейітұлы.

Былтыр облыстың инвестициялық климатын жақсарту үшін Елбасы Жарлығымен Түркістан қаласында 1338 гектарда «TURKISTAN» арнайы экономикалық аймағы құрылды. Жұмыс істеп тұрған шағын және орта кәсіпкерлік субъектілерінің саны – 130 804. Бұл көрсеткіш бойынша облыс республикада екінші орында.

Кәсіпкерлікті қолдау мақсатында «Оңтүстік» аймақтық инвестициялық орталығы 2018 жылы 6 млрд. теңгеге 1 292 жоба қаржыландырып, 1 403 жұмыс орны ашылған болатын. Бұдан бөлек, «Бизнестің жол картасы 2020» бағдарламасы аясында 4,5 млрд. теңге бөлініп, 456 жоба қолдау тапты. Былтыр облысқа 288,1 млрд. теңге инвестиция тартылды. Инвесторларға «бір терезе» қағидатымен қызмет көрсететін «TURKISTAN INVEST» компаниясы құрылып,  қазір 1 млрд. 147 млн. АҚШ долларын құрайтын, 14 000-нан астам жұмыс орындарымен қамтамасыз ететін 24 ірі инвестициялық жоба қолдау табуда. Сондай-ақ, Түркістанда алғашқы рет «Көне Түркістан – жаңа мүмкіндіктер» атты халықаралық инвестициялық және туристік Форум өтті. Атқарылған шаралардың нәтижесінде жеке инвестиция көлемі 166 млрд. теңгеге жетіп, өсім 114,2% құрады.

Бұдан өзге, Түркістан облысы ауыл шаруашылығы өнімін өндіруде өзге облыстармен салыстырғанда көш ілгері. Өткен жылы 542,8 млрд теңгенің өнімі ауыл шаруашылығы саласында өндіріліп, өсім 105,3 пайызды құраған. Экспорттың көлемі 180,9 млн. АҚШ долларға жетіп, 20,2 млн. долларға артты.  Оның ішінде, былтыр Қазақстандағы ет экспортының 54 пайыздық үлесі Түркістан облысына тиесілі болып, республикада 1-орынға шықты.

Түркістан облысындағы денсаулық сақтау саласында үш маңызды мәселе 100 пайыз шешімін тауып отыр. Оның біріншісі халық саны 800-ге дейінгі адамды құрайтын 62 елді мекенге модульдік медициналық пункт орнатылып, медпунктерге қажеттілік мәселесі толық шешілді. Екінші облыс тұрғындарының түгелімен электрондық денсаулық паспорты жасалды. Үшінші медициналық ұйымдарды компьютермен қамтамасыз ету 100 пайызға жетті. Бұл туралы бүгін 2018 жылдың қорытындысы бойынша халық алдында есеп берген облыс әкімі Жансейіт Түймебаев мәлімдеді.

Аймақ басшысы жалпы өңірдегі денсаулық сақтау саласында материалдық-техникалық базаны жарақтау, мамандардың кәсіби біліктілігін арттыру және цифрландыру бағытында атқарылған бірқатар жұмыстарға да тоқталды. Атап айтқанда, Кентау, Сайрам, Сарыағаш аудандарында 3 инсульт орталығы ашылып, облыстық жедел жәрдем қызметі 37 санитарлық автокөлікпен жабдықталды.

Сондай-ақ, облыс басшысы Жастар жылында Елбасы отбасы институты мен құндылықтарын дамытуға ерекше назар аударғанын атап өтті. Осы орайда, биыл өңірдегі жалғыз балалар үйі “Отбасы үйі” форматына көшіп, жетімдер үйі толығымен жабылатыны белгілі болды.

«Дәстүрлі отбасы құндылықтары сақталған Түркістан облысындағы көпбалалы отбасылар ұлттық демографияға айтулы үлес қосып келеді. Қазір облыста 130 мыңнан астам көпбалалы отбасы бар. Олардың ішінде 16 500 отбасыға 27 немесе 100 мың адамға атаулы әлеуметтік көмек көрсетіледі. Биыл көпбалалы отбасыларындағы жұмыссыз ата-аналардың жұмыс табуына, балаларға еңбек нарығында бәсекеге қабілетті болуы үшін қажетті техникалық және кәсіби білім беру мақсатында арнаулы көмек көрсетуді көздейтін “Қолғабыс” жобалар кешенін жүзеге асырамыз. Атап айтқанда, 2019 жылы облыста “Еңбек және нәтижелі жұмыспен қамту” бағдарламасы шеңберінде 3,3 млрд теңгеге 3700-ден астам балаға техникалық және кәсіби білім гранты беріледі. Оның ішінде көпбалалы отбасыдан шыққан балаларға басымдық беріледі», – деді Жансейіт Қансейітұлы.

Облыстағы азаматтарды әлеуметтік тұрғыда демеу үшін атқарылған жұмыстар мұнымен шектелмейді. Мәселен, «Еңбек» Нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы» аясында өткен жылы 69 682 адам қамтылып, жылдық жоспар 10,1 пайызға артығымен орындалған. Атап айтқанда, 1 160 адам 6,2 млрд. теңгеге жеңілдетілген пайызбен шағын несие алса, 44 097 азамат жұмысқа орналасты. Қысқа мерзімді кәсіби оқуға 5 440 адам жолданып, 4 117 адам тұрақты жұмыспен қамтылды. Әлеуметтік жұмыс орындарына 4 529 адам жолданып, оның 2 818-і тұрақты жұмысқа орналастырылды. Жастар практикасына 4305 адам жолданды. Ауылдық жерлерде бірінші кезекте қажет мамандықтарды оқыту мақсатында «Әр ауылға өз шебері» жобасы іске асырылуда. 2558 азамат 24 біліктілік негізінде оқуға жолданды. Жалпы жыл басынан 31 000 жаңа жұмыс орны ашылды.

Дайындаған: Д. Балабекұлы

 




ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Сіздің электронды пошта жарияланбайды. Қатарды міндетті түрде толтырыңыз *