Әзіл әлеміне қанат қаққандар

350

Қара шаңырағымыз әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті, Ө.Жолдасбеков атындағы студенттер сарайында  «Сұңқар» студенттер мен магистранттар кәсіподағының  ҚБ ұйымдастыруымен биылғы Жастар жылы және ҚазҰУ ректоры Ғалым Мұтанұлының «Айналаңды нұрландыр»  жобасы аясында «Сұңқар кубогы SSP» чемпионатының жартылай финалдық кезеңі өтті.

Әзіл әлеміне қанат қаққан ҚазҰУ қарлығаштары Smart student’s project чемпионатының жартылай финалдық кезеңінде өзекті тақырыптар, жаhандық жаңалықтар, ҚазҰУ атмосферасы турасында шынайы шартарапқа ұмтылған қағытпа қалжың, орынды оспақ, әлді әзілмен көрермен қауымның санасын өрнектеді. Жартылай финалдық кезең қатысушылары «Ақпен бірге»,  «Әлем», «Эверест», «Физтех», «Мамасының балалары», «Мехмат», «Брэнд», «Музыканттың қойын дәптері», «Элита» командалары болды. Жобаның маусымашар кезеңінен іріктелген осы 9 команда өнер сүйер көпшілікке өз деңгейінде керемет ойын үлгісін көрсетіп, 2 кезең бойынша сынға түсті.

Сәлемдесу кезеңі PreFace негізінде командалар реттілік нөмірлері бойынша кештің көркін қыздырса, екінші кезең «Музыкалық үй тапсырмасы» арқылы жобаның мақсатына сай командалар тек әзілмен емес, өздерінің білімділіктерімен, логикалық ойлау қабілеттерімен көрермен қауымды өзіндік тың жаңалықтарымен тәнті етті. Командаларға өзінің әділ бағасын беріп, төрелік еткен әділқазылар қатарында «Bugin Group» компаниясының директоры Айбек Қуатбаев, тележүргізуші, белгілі журналист Гүлназ Ауданбаева, Қазақстан КВН одағы РЖҚБ, «Алматы КВН» филиалының директоры Оңдасын Дінмұханбетұлы, актер, белгілі шоумен, «Жайдарман» ойындарының чемпионы  Нұрсұлтан Жақсыген, әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың әлеуметтік тәрбие жұмысы жөніндегі басқарма басшысы Талғат Болатұлы, «Сұңқар» студенттер мен магистранттар кәсіподағының ҚБ төрағасы Шұғыла Мейрамбекқызы болды.

Мега жобаның шымылдығын ашқан «Сұңқар» студенттер мен магистранттар кәсіподағы мүшелерінің арнайы флэшмобынан бастап, кеш жүргізушісі Дәмір Мырзахметұлының көңілді жүзі мен сөзі, дайындықтарынан-ақ байқауға болатын  чемпион болуға ұмтылған жобаға қатысушы командалардың өзіндік мақсаттары, образдары  көрермен қауымның ықыласына бөлене, ұйымдастырушылардың жоба барысына асқан жауапкершілік танытқандарын айқындай түсті. Жартылай финалдық кезең нәтижесі бойынша, «Ең үздік креативті шақыру» номинациясын ақпаратық технологиялар және механика-математика факультеттерінің «Мамасының балалары» командасы еншіледі. Ал «Ең үздік жанкүйер» номинациясы ақпараттық технологиялар факультетіне бұйырды. Жартылай финалдық кезеңде жалпы балл көрсеткіштері бойынша озық нәтиже көрсеткен  «Ақпен бірге», «Эверест», «Физтех», «Брэнд», «Музыканттың қойын дәптері» командалары «Smart student’s project» чемпионатының гранд финалына жолдама алды. Жартылай финалда белсенділік танытқан «Әлем», «Мамасының балалары», «Мехмат, «Элита» командаларына демеушілердің, оның ішінде: «Жас сахна» театрының, «Дәм әуені» кондитерлік үйінің, «Крапива» боулинг орталығының арнайы сертификаттары және «Сұңқар» СмМ кәсіподағының алғыс хаттары табыс етілді. Жалпы, «Сұңқар» студенттер мен магистранттар кәсіподағының мега жобаларына «Bugin Group» компаниясы, «Dostyk Travel»  компаниясы, «Step-by-step» тіл білімі орталығы, Алматы қалалық «Парасат» ксіподағы тұрақты демеушілігін көрсетеді.
Сонымен қатар, «Сұңқар кубогы» Smart student’s project чемпионатының жартылай финалдық кезеңінде әл-Фараби атындағы ҚазҰУ телерадио кешені түсірілім жұмыстарын жүргізіп, ақпараттық қолдау  көрсетті. Креатив пен қызыққа, бәсекелі тартысқа толы болған жобаның жартылай финалдық кезеңіне келген көрермен қауым, арнайы қонақтар, ҚазҰУ оқытушы-профессорлар құрамы жоғары баға беріп, «Сұңқар» студенттер мен магистранттар кәсіподағының алдағы ағымдық жұмыстарына сәттілік тіледі.

 Нұрсәуле Идаят,

ҚазҰУ-дың биология және биотехнология факультетінің 3 курс студенті




ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Сіздің электронды пошта жарияланбайды. Қатарды міндетті түрде толтырыңыз *