«THE PLANET OF ART-2019» халықаралық фестиваль- байқауы жаңа таланттар іздейді

795

Қазақстандық Ұлттық ЮНЕСКО Клубтары Федерациясы Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Қорымен бірге жобаның биылғы маусымына қатысуға өтініштерді қабылдай бастайды. Биылғы фестиваль-байқау Жастар жылы мен «Рухани жаңғыру» мемлекеттік бағдарламасы аясында жүзеге асырылады. Бұл туралы Алматы қаласы әкімдігінің Ақпараттық саясат және БАҚ мониторингі бөлімі хабарлайды. 

Жобаның негізгі мақсаты – жас орындаушыларды қол­дау, олардың шығармашылық әлеуетін нығайту, бала­лардың шығармашылығын паш ету арқылы қазақ­стандық мәдениетті халықаралық аренада насихаттау. Халықаралық деңгейде жүзеге асырылатындықтан, жоба аймақтағы елдердің талантты жастарының арасында мәдениетаралық байланыс пен достық қарым-қатынасты нығайтуға бағытталған.

1999 жылы «Балалар әлемді бейнелейді» атауымен бастау алған жобаны жыл сайын өткізу әдемі дәстүрге айналған. Жоба жүзеге асырылған 20 жылдың ішінде 35 000 қатысушыларды қамтыған.

«The Planet of ART–2019» Халықаралық фестиваль-байқауы Қазақстан, Қырғызстан, Ресей, Тәжікстан, Түркіменстан және Өзбекстан елдерінің талантты жас­тарына есігін қайта айқара ашады. 12–17 жас аралығын­дағы талантты өрендер вокал, аспаптық музыка және хореографиялық өнер аталымдары бойынша өзара бақ сынасады. Өнерімен өз ортасынан озып шыққан жеңім­паздарға тренингтер мен шеберлік сабақтары өткізіледі. 28 қыркүйекте гала-концерт ұйымдастырылады. Өнер бай­қауының жеңімпаздары Америка мен Еуропа елдеріндегі мәдени-оқыту бағдарламасына қатысуға мүмкіндік алады.

Ағымдағы жылдың 1 мамырына дейін өтініштер қабылданады. Халықаралық фестиваль-байқау туралы толық ақпаратты unescoclubs.kz. сайтынан білуге болады.




ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Сіздің электронды пошта жарияланбайды. Қатарды міндетті түрде толтырыңыз *