«Нұрлы жер» бағдарламасы бойынша баспана алудың шарттары жеңілдетілді

373

Жеңілдетілген шарттарға сәйкес, баспаналы болу үшін Тұрғын үй құрылыс жинақ банкінің салымшысы болу міндетті емес.

2019 жылдан бастап «7-20-25» бағдарламасы арқылы арзандатылған  бағаға баспана алу мүмкіндігі қарастырылды. Ол үшін пәтерді таңдап, банкке бастапқы жарнаны төлеу қажет.

«7-20-25» бағдарламасының қатысушылары «Нұрлы жер» тұрғын үй құрылысының мемлекеттік бағдарламасы арқылы салынған пәтер сатып алатын мүмкіндікке ие болды, деп хабарлады «Баспана» ипотекалық ұйымының сыртқы коммнукациядар департаменті.

Баспана сатып алу шарттарына енгізілген  өзгерістер ағымдағы жылдың басында күшіне енді.

Бұған дейін «Нұрлы жер» бағдарламасы бойынша берілетін тұрғын үйлер әкімдіктерде кезекте тұрған адамдар мен Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі салымшылары арасында үлестірілетін болған.

Мемлекеттік тұрғын үйдің басты артықшылығы төмен баға мен үйлердің аймақтарда салынуы болып табылады. Тұрғын үйдің 1 шаршы метрінің құны Астана, Алматы (қала маңындағы аймақтарды қосқанда), Атырау және Ақтау қалаларында 180 мың теңгені құрайды. Қалған өңірлердегі баға – 140 мың теңге. Мысалы, Астана қаласында аумағы 60 м2 болатын екі бөлмелі пәтерді 10,8 млн теңгеге сатып алу мүмкіндігі бар. Ең ұзақ мерзімді несиелеу бойынша, бұл пәтер үшін айына 61 мың теңге төленеді.

«7-20-25» «Нұрлы жер» бағдарламасы арқылы  тұрғын үйге қол жеткізуді айтарлықтай жеңілдетеді. Себебі ол үшін әкімдікке кезекке тіркелудің немесе ай сайын депозитке ақша жинаудың қажеті жоқ.  Тек пәтерді таңдап, «7-20-25» бағдарламасының қатысушы болып табылатын банкке пәтердің бастапқы құнының 20%-ын төлеу жеткілікті.

2019 жылы «Нұрлы жер» бағдарламасы бойынша 20 мыңға жуық пәтер өткізу жоспарлануда. Алдағы уақытта пәтерлердің басым бөлігі  (3170) Алматы қаласында,  Шымкентте (1981), Астанада (1873)  және Қостанай облысында (1794) пайдалануға берілмек.

 




ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Сіздің электронды пошта жарияланбайды. Қатарды міндетті түрде толтырыңыз *