«Жұлдызды гид» шоу-бағдарламасы өтті

872

21 ақпан күні Қазақстан Республикасы Ұлттық музейінде Ұлттық музейдің 5 жылдығына және Дүниежүзілік экскурсия жүргізушілер күніне орай «Жұлдызды гид» шоу-бағдарламасы өтті, — деп хабарлайды kazgazeta.kz Қазақстан Республикасы Ұлттық музейінің Баспасөз бөліміне сілтеме жасап. 

Жобаның негізгі мақсаты – музей қонақтарына мыңжылдық тарихымыз бен мәдениетімізді насихаттау. Жұлдызды топтың мүшелері музей залдарын өзара бөлісіп алып, келушілерге халқымыздың көне тарихы мен бай мұрасы туралы мәлімет берді.

Ұлттық музейдің 5 жылдық мерейтойына орай ұйымдастырылған бұл жобаға Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткері Лейла Бекназар-Ханинга, танымал әнші Тамара Асар, «Astana opera» Мемлекеттік опера және балет театрының жетекші солисі Сүндет Байғожин және белгілі тележурналистер Майя Бекбаева мен Динара Сәтжан қатысты.

Шараның ашылу салтанатында сөз алған ҚР Ұлттық музейі директорының м.а. Абай Сатубалдин: «Бүгін – халықаралық экскурсия жүргізушілер күні. Қоғамның қасиетті қазынасы – мәдениет, ал мәдениеттің мәйегі – музей. Бүгін Ұлттық музей дәстүрлі қызмет көрсетумен шектелмей, мәдени-ағарту, ғылыми-әдістемелік жұмыстардың қайнаған ортасына айналды. «Жұлдызды гид» жобасы Экскурсия жүргізушілер күніне арналған. Бұл шара музей тарихындағы есте қаларлықтай маңызды жобалардың бірі. Біз үшін сан мыңдаған жылдардан таралатын тарихымызды саралап, өткенімізді құрметтеу үшін бұл жобаның орны бөлек», — деді.

Экскурсия жүргізушілердің еңбегі айналасына жылы эмоция мен жарқын қуаныш сыйлап, жас ұрпаққа мәдени-рухани тәрбие беруді қалыптастыруға ықпал жасайтын ағартушылық қызметтің ажырамас бөлігін құрайды. Ел экономикасын дамытудағы туризмнің рөлі өскен сайын музейлердің де маңызы арта түседі. Қазақстан туралы алғашқы көзқарастың дұрыс қалыптасуы көп жағдайда еліміздің дәстүрі мен фольклоры, мәдениеті мен тарихы туралы әңгімелейтін осы маман иелеріне байланысты екені анық.

Философия ғылымдарының докторы, психолог, әнші Тамара Асар: «Біздің атадан балаға тарих болып, мұра болып берілетін мұндай қазына орындары міндетті түрде әдемі мәртебеге ие болу керек. Ұлттық музейдің Астана жүрегінде орналасқанына 5 жыл толған тойы құтты болсын! Тәй-тәй басып, жігіт болып, үлкен ақсақал қарияға айналып, болашақ ұрпақтың асыл мұрасына айналсын! Ұлттық музейдің бір мерекесінің куәгері болу – мен үшін үлкен мәртебе. Құрметті ағайын, құрметті достар! Құлағыңызды түріп, жүрегіңізді ашып, өз ұлтымыздың қазына байлығын қабыл алуға дайын болыңыздар», — деп шараға жиналған көпшілікті жұлдыздар жүргізген экскурсияға шақырды.

Қазақстан Республикасы Ұлттық музейі халықаралық экскурсия жүргізушілер күні қала тұрғындары мен қонақтары үшін өз есігін айқара ашты. Ұлттық музейдің үздік жобасы – «Жұлдызды гид» шоу-бағдарламасын асыға күтіп жүрген ағайынды өнер жұлдыздары қарсы алып, музейдің түрлі залдарында экскурсия жүргізді. Төрт жыл бұрын қолға алынған бұл жоба көпшіліктен қолдау тауып, жыл сайын ұйымдастырылатын мерекелік шараға айналды.

Жобаның алғашқы шымылдығын – Қарақат Әбілдина, Маржан Арапбаева, Клара Төленбаева, Құрмаш Мақанов, Гүлнұр Оразымбетова, Досымжан Таңатаров және ақын Қалқаман Сарин секілді белгілі өнер қайраткерлері ашқан болатын




ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Сіздің электронды пошта жарияланбайды. Қатарды міндетті түрде толтырыңыз *