МАҚТААРАЛДА ЕҢ ТӨМЕНГІ ЖАЛАҚЫНЫ КӨТЕРУ БОЙЫНША МӘЖІЛІС ӨТТІ

424

Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә.Назарбаевтың 2018 жылғы 5 қазандағы «Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын жақсарту» атты Жолдауын орындау мақсатында Мақтаарал ауданында ең төменгі жалақыны көтеру жөніндегі мәжіліс өтті, деп хабарлады Мақтаарал ауданы әкімінің баспасөз қызметі.

Аудан әкімінің орынбасары Б.Төребеков төрағалық еткен жиынға Еңбек инспекциясы басшысының орынбасары Бегман Жаманқұлов, жеке кәсіпкерлер мен жекеменшік балабақшалардың меңгерушілері қатысты.

Күн тәртібіндегі мәселе бойынша баяндама жасаған Б.Жаманқұлов қазақстандықтардың әл-ауқатының артуы негізгі басымдыққа айналуы тиістігін атап өтті. Ол үшін Мемлекет басшысы осал топ өкілдерін қолдау, ең төменгі жалақы мөлшерін 1,5 пайызға арттыру және бюджеттік мекемелердегі 275 мың қызметкердің де еңбекақысын өсіруді Үкіметке тапсырғанын баяндады.

«Электрондық еңбек биржасы» жөнінде Түркістан облысының мемлекеттік еңбек инспекторы Р.Дурменовқа сөз берілді. Р.Дурменов өз баяндамасында 15 қаңтардағы мәлімет бойынша Мақтаарал ауданының аумағында орналасқан 16 кәсіпорындағы 1151 жұмыскердің жалақы қоры 2019 жылдың басынан 32206 млн теңгеден 39345 млн теңгеге өскенін мәлімдеді. Сондай-ақ, ол электронды еңбек биржасы туралы мәлімет берді.

«Азаматтарды жұмысқа орналастыру процесі электрондық форматқа көшіріліп, жұмыс іздеушілер мен вакансиялардың ірі базасы қалыптасты. Біріншіден, кәсіптік бағдарлау сервисі ашылып, онда жұмысқа орналасу бойынша ұсыныстар беріледі. Екіншіден, электронды биржа өнімді жұмыспен қамту бағдарламасы аясында қысқа мерзімді оқыту алаңына айналады. Үшіншіден Android базасында Биржаның мобильді нұсқасы әзірленеді, ал алдағы уақытта оның IOS платформасындағы нұсқасы әзірленетін болады» — деді Р.Дурменов.

Жиынды қорытындылаған Б.Төребеков алдағы уақытта электронды биржаға кәсіпкерлердің тіркелуін және ең төменгі жалақыны көтеру жұмыстарын орындау бойынша аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі басшысының орынбасары М.Мусаға және аудандық халықты жұмыспен қамту орталығы директорының орынбасары Ж.Токбергеновке тапсырма беріп, іс-жоспар жасау керектігін еске салды.

 




ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Сіздің электронды пошта жарияланбайды. Қатарды міндетті түрде толтырыңыз *