Фотографтар өз құқықтарын білуі керек

2258

Алматыда Орталық мемлекеттік кино-фотоқұжаттар мен дыбыс жазбалар архивінде «Фотоөнер» қоғамдық бірлестігі және Қазақстан Республикасы Орталық мемлекеттік кино-фотоқұжаттар мен дыбыс жазбалар архивінің ұйымдастыруымен  «Фотографиядағы авторлық құқықтарды қорғау мәселелері » атты дөңгелек үстел өтті.

Фотографтар басқосуы фотографиядағы авторлық құқыққа қоғамның өркениетті қарым-қатынасын қалыптастыру және фотоөнім авторлары қауымдастықтарына Қазақстан Республикасы авторлық құқықты қорғау жөніндегі заңнамаларын түсіндіріп, ақпараттандыру мақсатында өтті.

Дөңгелек үстелге фотосуретшілер, фотожурналистер, осы салада жұмыс істейтін адвокаттар, заңгерлер, журналистер, ақпарат құралдары мен интернет қауымдастықтың өкілдері, Алматы қаласындағы жарнама және маркетингтік агенттіктердің өкілдері, мемлекеттік орган өкілдері қатысты.

Шарада заңгер Галина Толок ҚР Авторлық құқық және сабақтастық құқықтар туралы 1996 жылдың 10 маусымындағы заңының алтыншы, тоғызыншы,он төртінші,он алтышы, он тоғызыншы,жиырма үшінші, жиырма сегізінші, отыз бірінші және қырық тоғызыншы баптарына жекелей тоқталып, мысалдар келтірді. Шара модераторы Мәлік Кушумханов аталған заңдарды толық түсіну-фотографтардың өз құқықтарын біліп жүруіне жәрдемдеседі дейді.

Ал фотоөнерінде жүрген азаматтарға Орталық мемлекеттік кино-фотоқұжаттар мен дыбыс жазбалар архиві өз ұсыныстарын жеткізді. Өйткені, фотографияны архивке өткізу-ертеңгі ұрпақ үшін құнды жәдігер, мол мұра. Сондықтан, осы іске бірлесіп кіріскен абзал дейді аталмыш мекеме басшылығы. Әрине, бұл фотографияда жүрген авторлардың өз еркі, бірақ бұл іске қазірдің өзінде үлес қосамын деушілер де баршылық.

Максим Золотухин, кәсіби фотограф:

 -Мен өзімнің фотоларымды интернетте отырып, сайттардан байқап қалдым. Кез-келген фотоны пайдаланғанда, оған автордың аты — жөні немесе авторды анықтайтын белгілі бір сілтемелер болуы тиіс. Фотосуретімде ондай сілтемелер болмағаннан кейін, мен әрине сол инернет сайтқа хабарласып, осы олқылықты жөндеуін сұрадым. Дегенмен, бәрі бірден жөнделе қойған жоқ, қайта керісінше олар маған өзімдікі қате болғанын дәлелдегісі келіп, бұл жағдайды түземейтінін, басшылыққа жүгінуім керек екенін айтты. Олардың жауабынан кейін мен Бас директордың атына хат жаздым. Оның ішінде авторлық құқығымның бұзылғанын, белгіленген мөлшерде айыппұл талап ететінімді баяндап бердім. Бұл шағымды да келесі тарап жауапсыз қалдырғаннан кейін, заң жүзінде сот үкіміне сенуге тура келді. Соттың төрт отырысынан кейін, менің тарапымның шағымы құпталып, олар кінәсін мойындады. Артынша фотоларымды менен рұқсат алмай пайдаланғаны үшін «223 000 мың теңге көлемінде айыппұл төленуі керек»,- деген соттың үкімі шықты. Сөйтіп мен авторлық құқығымды қорғап шықтым.

Егер қандай да бір авторлық құқығыңыздың бұзылғанын байқасаңыз, интернет сайттың скриншотын жасап, өзіңізге дәлел болатындай етіп сақтап қойыңыз. Қазіргі уақытта авторлық құқық мәселесі өте сезімтал болып келеді. Өзіңіздің жасаған дүниенің дұрыс бағытта пайдаланып жатқандығын үнемі бақылап жүріңіз.

 

Оңғарбек АЛХАРОВ, кәсіби фотограф:

 -Біз түсірген фотосуретті заңсыз пайдаланған жағдайда құқығымызды біліп, соттасып, дәлдейтін болсақ- ұйымдар мен мекемелер, бұқаралық ақпарат құралдары мен  компаниялар сыйлайды деп ойлаймын. Фотосуретті автордың рұқсатынсыз пайдалану бір бөлек, екінші мәселе сол суреттің мағынасын өзгертіп жариялау.

Мысалы, менің түсірген бір суретіме қатысты оқиғаны айтайтын. Маған бір ағамыз маған хабарласып, өзінің келіні мен ұлының мен түсірген суретін «СПИД» тақырыбындағы жарнамадан көргендігін айтып, қатты ренішін білдірді. Өйткені, мен бұл суреттің жақсы шыққаның білемін, сондықтан тапсырыс берушінің суретін әлеуметтік парақшамда бөлісуге жазбаша рұқсат алған едім. Дегенмен, бұл мәселені дер кезінде шештік.

Осындай оқиға, Алматыдағы қалалық №19 поликлиникада қайталанды. Менің әлеуметтік желімде жарияланған үш жасар бөпенің суретін поликлиниканың дизайнері А3 форматына шығарып, оны мекеменің «Гинекология» және «Жұқпалы аурулар» бөлімдеріне «СПИД-тен сақ болыңыздар!»,-деген тақырыппен іліп қойыпты. Оны көрген сәбидің әкесі таңғы сағат бесте хабарласты. Ол кісі маған қатты әңгіме айтты. Сосын, жұмысыма бармастан бұрын, таңғы сегізде сол мекеге барып, аталған суретке көз жеткіздім. Расымен де, суреттер менікі және менің де, кейіпкерімнің де рұқсатынсыз мекемінің екі қабатына іліпті. Кейін, олардың қателігін бейнетаспаға түсіріп, сәбидің әкесіне ватсаппен жіберіп, мәселені шештік. Бірақ, бұл жағдайда соттасуға да болар еді. Өйткені, менің жеңіп шығу мүмкіндігім бар болатын. Бірақ, біз қоғамда шығармашылық адам болғандықтан ба, істі көбіне сотқа жеткізбей жабамыз.

Асылхан ӘБДІРАЙЫМ, «Фотоөнер» қоғамдық бірлестігінің президенті:

-Бүгінгі шара осымен тоқтап қалмайды. Болашақта осы отырыстың жалғасын Астана қаласында ұйымдастыру жоспарланып отыр. Өйткені, онда көптеген фотографтар мен бұқаралық ақпарат құралдарының басым көпшілігі шоғырланған.  Биыл фотографияға 180 жыл толып отыр. Сондықтан, фотографтардың өз құқығын біліп, фотоөнерін дамыту мәселелері мерейтойлық  шарамыздың аясында жалғасын таппақ.

Досжан БАЛАБЕКҰЛЫ

(суреттерді түсірген автор)




ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Сіздің электронды пошта жарияланбайды. Қатарды міндетті түрде толтырыңыз *