Астана әкімі «Халыққа көмек» елордадық партиялық жобасын іске қосуды ұсынды

426

Астана әкімі Бақыт Сұлтанов «Нұр Отан» партиясы қалалық филиалы активінің отырысында iKomek қалалық орталығы мен «Нұр Отан» партиясы филиалының қоғамдық қабылдау бөлімінде «Халыққа көмек» елордадық партиялық жобасын іске қосуды ұсынды, — деп хабарлайды Астана әкімдігінің ресми сайты.

Оның айтуынша, бұл iKomek-тің апробацияланған мүмкіндіктерін қолдануға жол ашады. «Мемлекет басшысы «Нұр Отан» партиясының XVIII съезінде халықтың әл-ауқатын арттыруға бағытталған жаңа әлеуметтік саясатты жариялады. Көпбалалы, толық емес және аз қамтылған отбасыларды, бюджеттік ұйымдардың қызметкерлерін қолдау, Денсаулық сақтау саласын дамыту, бизнесті және әлеуметтік инфрақұрылымды дамыту, жергілікті жолдар желісін жөндеу, салу және кеңейту әлеуметтік доктринаның негізі болып табылады. Енді біз қоғамдық бақылаудың жаңа пәрменді тетіктерін әзірлеуіміз керек», – деді қала әкімі. Ол Мемлекет басшысының «Халыққа көмек» жобасы арқылы халықпен кері байланыстың қуатты жүйесін қалыптастыруды тапсырғанын еске салды.

«Бүгін елорда қалалық iKomek қызметі арқылы шұғыл мәселелерді шешуде және халықпен кері байланыс орнатуда табысты тәжірибеге Қалалық IKomek орталығы мен партия филиалының қоғамдық қабылдау бөлімінің ықпалдастығы аясында астаналық «Халыққа көмек» партиялық жобасын іске қосуды ұсынамын. Бұл бізге iKomek-тің апробацияланған мүмкіндіктерін қолдануға жол ашады», – деп түсіндірді Б.Сұлтанов. Ол сондай-ақ, қалалық iKomek мониторинг және жедел әрекет ету орталығының басшысы Жаннат Дубирова мен партияның астаналық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Бақыт Сапаровқа партияның астаналық филиалының қоғамдық қабылдау бөлімі мен 109 қызметінің тетіктерін біріктіріп пысықтауды тапсырды.

Сонымен қатар, елорда әкімі тұрғындармен тікелей байланыс, «Сенім телефондары», өтініштермен жұмыс сияқты барлық байланыс арналарының маңызды екенін атап өтіп, интернеттің кеңейтілген мүмкіндіктерін белсенді іске қосу керектігін алға тартты. Бақыт Сұлтанов қоғамдық партия қабылдау бөлімдері күн сайын жұмыс істеуі тиіс екенін айтты. «Бұл – қала тұрғындарының жеке мәселелерін шешудегі көмек қана емес, сонымен қатар ол «сағаттарды салыстыру», партиялық бағдарламаның іске асырылуын бақылау»,  –  деді ол.




ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Сіздің электронды пошта жарияланбайды. Қатарды міндетті түрде толтырыңыз *