«САМҰРЫҚ-ҚАЗЫНА» ҰӘҚ» АҚ ӘЛЕУМЕТТІК БАҒДАРЛАМАЛАРДЫҢ КӨЛЕМІН ҰЛҒАЙТАДЫ

381

«Самұрық-Қазына» ҰӘҚ» АҚ-да Мемлекет басшысы «Нұр Отан» партиясының XVIII съезінде белгіленген тапсырмаларын орындау барысы талқыланды. Бұл туралы «Самұрық-Қазына» АҚ Қоғаммен байланыс және маркетингтік коммуникациялар департаменті хабарлайды.

Қордың Басқарма төрағасы Ахметжан Есімовтің айтуынша, Қор Елбасы айқындаған әлеуметтік бастамалардың барлық бағытын жүзеге асыруға  белсенді атсалысады.

«Өткен жыл Қор үшін жемісті болды. Қордың табысын 33%-ға арттырдық, мемлекеттік бюджетке аударым көлемі 1 триллион теңгені құрады немесе 2017 жылмен салыстырғанда 200 млрд теңгеге ұлғайды. Оң қаржылық нәтижелер әлеуметтік бағдарламаларды іске асыруды жалғастырумен қатар Президент белгілеген тапсырмалар аясында оларды айтарлықтай кеңейтуге мүмкіндік береді»,- деп тілге тиек етті Ахметжан Есімов.

2018 жылы  Қор денсаулық сақтау аясында үш оңалту орталығының негізін қалауға қолдау көрсетті. Онда әлеуметтік жағдайы төмен отбасылардан шыққан 1627 балаға тегін оңалту курстарынан өтті. Сонымен қатар Қор ауылдық жерлерде спорттық инфрақұрылымды қалыптастыруға және шалғайдағы тұрғындарға жоғары білікті медициналық көмек көрсететін медициналық пойыздарды ұйымдастыруға қол ұшын созды.

Салауатты өмір салтын қалыптастыру шеңберінде Қор балалар мен жасөспірімдер лагерьлерінде әлеуметтік әлжуаз отбасылардан шыққан 1830 баланың білім алуына және демалуына жағдай жасалды. Сонымен қатар білім беруге және кәсіби бағдарға бағытталған бірқатар шара  қаржыландырылып, оған 23 мыңнан астам бала тартылды.

Биылғы жылы Қор денсаулық сақтау, салауатты өмір салты, медицина, білім беру, жалақы және қайырымдылық бойынша қолға алынған жобаларды жүзеге асыруды жалғастырады. 2019 жылы Қордың компаниялар тобында ең төменгі жалақының деңгейін 42,5 мың теңгеге дейін ұлғайту жоспарланып отыр.

Сонымен қатар, Жастар жылының шеңберінде «Самұрық-Қазына» АҚ Басқарма төрағасы Ахметжан Есімов Қордың қоржындық компания басшыларына жастарды қолдауға бағытталған іс-шараларды әзірлеуді және іске асыруды тапсырды. Атап айтқанда, компаниялардың бірінші басшылары «Жас Өркен» бағдарламасына және «Цифрлық жаз» жобасының дамуына қолдау көрсетуі қажет. Оның арқасында астаналық және өңірлік ЖОО дарынды түлектеріне Қор тобының компанияларында жұмысқа орналасуға мүмкіндік беріледі.

Жиын барысында, Ахметжан Есімов  Қордың қоржындық компаниялар тобының басшыларына әлеуметтік бастамалардың барлық бағыттары бойынша нақты іс-шараларды әзірлеп, мақсатты нәтижелерді айқындауды және оларды іске асыруды қамтамасыз етуді тапсырды.




ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Сіздің электронды пошта жарияланбайды. Қатарды міндетті түрде толтырыңыз *