Сара Бекер Мәдениет министрлігінің әлеуметтік жобасына оң баға берді

421

Танымал ағылшын актрисасы және Ұлыбританияның Корольдік театр режиссері Сара Бергер АРДИ (мүмкіндігі шектеулі балалардың ата-аналарының қауымдастығы) студиясы түсірген «Быть или не быть?» фильмінің арнайы көрсетілімінің құрметті қонағы ретінде Астана қаласына келді. Мәдениет және спорт министрлігінің қолдауымен бұл кинотуынды 2015 жылдың күзінде Лондонда өткен Open Central Asia Festival кинофестиваліне қатысқан болатын, — деп хабарлайды ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің баспасөз қызметі.

Сара Бергердің Астана қаласына сапары барысында Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлымен кездесті. Кездесу барысында отандық және әлемдік театр, кино өнерінің заманауи даму бағыттары, киноиндустриядағы әлеуметтік әріптестік жайында сөз қозғалды.

«Сіз танымал актриса және режиссер ғана емес, «SO AND SO» арт-клубының негізін қалаушы ретінде өз еліңізде және шетелде өнер қайраткерлерін әлеуметтік қолдау бойынша үлкен істерді жүзеге асырудасыз. Жақында Мәдениет және спорт министрлігінің қолдауымен «Қыз бен теңіз» фильмінің тұсаукесері өтті. Бұл біздің кино саласындағы алғашқы әлеуметтік жобамыз, бұрын бұл бағытта кино түсірілмеген еді. Фильм екі жыл түсірілді. Әрине өз қиыншылықтары болды, алайда әртістер бұл қиыншылықтарды жеңе алды, көрермендерге жақсы фильм мен тамаша актерлік ойын ұсынылды. Бұл сөзсіз сәтті жоба» — деп атап өтті министр.

Сара Бергер өз кезегінде, Мәдениет және спорт министрлігінің басты рөлдерде мүмкіндігі шектеулі актерлер ойнаған «Қыз бен теңіз» әлеуметтік жобасын қолдаудағы жаңашылдығына оң бағасын берді.

«Сіздердің «Быть или не быть?», «Қыз бен теңіз» сияқты бірегей жобаларды қолдауларыңыз Қазақстан үшін ғана емес, әлемдік қауымдастық үшін де зор маңызы бар. Біз Сіздердің елдеріңізде ерекше адамдар үшін мәдениет пен өнер саласында қандай бастамалар жүргізіліп жатқандығын әлемге таныту үшін Азиз Заиров пен Мұхамед Мамырбеков сынды қазақстандық жас режиссерлерге бірлескен әлеуметтік жобаларыңызды танытуға көмектесуге, оларды шақыруға да әзірміз. Сондай-ақ, әлеуметтік жобалармен жұмыс істейтін танымал режиссерлер мен жетекші әлемдік кинокомпаниялармен ынтымақтастық мүмкіндігін ұсынуға дайынбыз. Бұл тамаша әріптестік болатындығына сенімдімін» — деп атап өтті Сара Бергер.

Өз кезегінде, ведомства басшысы осы бағыттағы ынтымақтастыққа дайындығын білдірді. Ол Сара Бергерге мәдениет саласындағы жоғарғы оқу орындарының студенттері үшін актерлік шеберлік бойынша мастер-класстар өткізуді ұсынды. Фейсбук әлеуметтік желісіндегі парақшасында Сара Бергер SarahBerger Қазақстанға барған сапарынан алған оң әсерімен бөлісіп, «Астана Опера» театрын ерекше атап өтті. Театрдағы экскурсия барысында ол жас талантты опера әншісі Мария Мудряктың дайындығында болды.

Естеріңізге салсақ, Астанада демалыс күндері «Быть или не быть?» әлеуметтік драмасының көрсетілімі өтті. Іс-шараның құрметті қонағы ағылшын актрисасы, режиссер және продюсер Сара Бергер болды. Сондай-ақ астанада алғаш рет көзі көрмейтін және көру қабілеті нашар азаматтар үшін тифлоаудармасы бар «Быть или не быть?» фильмінің арнайы көрсетілімі өтті.




ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Сіздің электронды пошта жарияланбайды. Қатарды міндетті түрде толтырыңыз *