Бүгін — Әлихан Бөкейханның туған күні

421

Бүгін мемлекет жә­не қоғам қайраткері, ұлт-азаттық және «Алаш»қозғалысының жетекшісі, «Алашорда» автономиялы үкіметінің төрағасы, публицист, ғалым, аудармашы Әлихан Нұрмұхаммедұлы Бөкейханның туған күні.

Ол аудармашы, публицист, ғалым ретінде өз кезінде де белгілі болды. Ол 1866 жылы Семей облысы Қарқаралы уезі Тоқырауын болысының Қызыларай мекенінде (қазіргі Қарағанды облысы Ақтоғай ауданы) дүниеге келген. Оның әкесі Нұрмұхаммед Шыңғыс тұқымы Бөкейден тараған, ал Бөкей қазақ даласындағы атақты сұлтан Көкжал Барақтың ұрпағы. Бөкей Орта жүздің ресми түрде сайланған соңғы ханы. Бөкейден – Батыр – Мырзатай – Нұрмұхаммед – Әлихан. Нұрмұхаммед дала тұр­ғындары арасында беделді де өте білімді адам еді. Ол барлық қаржы-қаражатын балаларын оқытуға жұмсады. Етікшілік кәсі­бі­мен шұғылданды, диірмені мен малы, орташа дәулеті болды. Аңшы­лықпен айналысты, қыран құстар мен алғыр тазы ұстады. Әлиханның анасы Бегім ханым тобықты руының атақты батыры Мамайдың қызы еді. Өте сауатты анасы өңірдегі бүкіл жетім балаларға тегін сабақ беріп, сауатын ашқан. Қолөнер ісінің шебері, ісмер адам болатын. Нұрмұхаммедтің отбасы Құнанбай қажыға туыс саналатын. Әлихан отбасындағы алты баланың тұңғышы еді. Ол қайратты, батыл да жігерлі болатын. Өз құрдастарынан ақылымен, қызықты әңгімелер айта білуімен, тапқырлығымен және өткірлігімен ерек­шеленетін.

Оқуды Қарқаралы медресесінен бастайды, кейін қаладағы төрт сыныптық бастауыш орыс-қазақ мектебіне ауысады. 1886–1890 жыл­дары Сібір теміржолына мамандар дайындайтын Омбыдағы тех­ни­калық училищеде оқыды. Осы училище директорының кеңесімен 1890 жылы Санкт-Петербургтегі Орман институтына түседі. Инсти­тутпен қатар Әлихан Санкт-Петербург уни­вер­ситетіне өз бетінше емтихан тапсырып, заң факультетін бітіріп шығады. 1894 жылы екі – орманшы-ғалым және заңгер дипломын алады. Оқуды бітіргеннен кейін Тобыл губерниясына қоныс аударушы шаруа­лардың шаруашылығын зерттейтін «Тобыл экспедициясы» құрамында еңбек етті. 1895 жылы қыркүйекте Ақмола облысы Омбы орман шаруашылығы басшысының көмекшісі болып тағайындалады. Сонымен қатар Омбы орман мектебінің оқытушысы болып орналасады. 1897 жылы Қазақстанның бірқатар дала­лық уездерін зерттейтін Ф. Щербина экспедициясы жұмысына қа­тысады. Экспедиция барысында ол өз жерлестерінің жер көлемін мүм­кіндігінше ұлғайтуға тырысты. Алайда кейін патша үкіметі тарапынан қазақ халқына тиесілі жер көлемі қысқартылды. Қазақ жері қоныс аударушы шаруаларға беріле бастады. Әлихан Бөкейхан Сібір темiржолы аймағындағы мал шаруа-шылығын статистикалық-экономикалық тұрғыда зерттеумен айналыса­тын С. П. Швецовтің экспедициясында да еңбек етті. 1904 жылы қоныс аударту басқармасына шенеуніктік қызметке тұрады. Әлихан қоғамдық-саяси қызметпен белсенді түрде айналысты. Оның отаршыл патша үкіметінің саясатына көзқарасы өзгерді. Сонымен қатар ол дәстүрлі қазақ қоғамындағы: пайдакүнемдік, болыс лауазымы үшін талас-тартыс сияқты жағымсыз көріністерді де сынға алды. Өз халқының жарқын болашағын алдын ала болжады: «Қазақ даласы… табиғатынан ақылды және қабілетті қазақ халқы болашақта, өркениет жолында іргелі жетістіктерге жетеді», – деген пікір білдірді.
Ұлт көсемі Ресей секілді үлкен империяны қарулы көтеріліспен жеңу мүмкін емес екенін жақсы білді. «Бұл жолды халықтың жаппай қолдауы да неғайбыл, Кенесары көтерілісінің жеңіліске ұшырауы — соның бір көрінісі» деуі де сондықтан. Алаштың көшбасшысы халықты езгіге салған империяны саяси тұрғыда реформалап, федеративтік демократиялы мемлекетке айналдыруды көздеді. Осылайша, қазақтың әуелі өзін-өзі билеп, кейін толық тәуелсіздікке қол жеткізуіне болады деп есептеді. «Қазақ үшін Алаш идеясынан, оның бес ұлы нысанынан артық мүдде болуы тиіс емес. Ол идея бүгін де өзінің мүдделі мақсатын жойған жоқ. Қайта тәуелсіздіктің тамыры тереңге кеткен сайын, алдымызға сұрақ болып шығып отыр», — дейді белгілі алаштанушы ғалым Тұрсын Жұртбай.Әлихан Бөкейхан мен оның сенімді серіктерінің бастамасымен «Қазақ» газеті ашылды, «Алаш» партиясы, кейін Алаш Үкіметі құрылды. Автономия ретінде күш-қуатын бекіте түскен ел зиялылары Алаш әскері жасақталды. Әлихан Бөкейхан миллиондаған қазақты «Алаш» идеясының төңірегіне топтастыра білген тұлға. ХХ ғасырдың басынан бастап Алашорда үкіметі тарағанға дейін ол ұлт мүддесі жолындағы күрестің бел ортасында жүрді. 1937 жылы 27 қыркүйекте Әлихан Бөкейхан тұтқындалып, бір айдан кейін жалған жаламен 71 жасында Мәскеуде ату жазасына кесіледі.

Әлихан Бөкейханның қанатты сөздері:

Мақаланы қалам өзі тілегенде жазса, сөз кестелі болады.

Жер десе дірілдемей болмайды: жер мәселесі – өмір сүру мәселесінің зоры.

Мансапқұмар елі – кемелдікке жетпеген ел.

Заң адам пайдасына жазылады, адам заң үшін тумайды ғой.

Еуропа мәдениеттімін деп мақтанғанымен, мәдениеті өнерінде ғана, ал мінезі хайуандық сапарынан қайтқан жоқ.

Адам баласы – нәпсінің құлы: маңдайы тасқа тимей тоқтамайды.
Ұлтына, жұртына қызмет ету – білімнен емес, мінезден.

Көзі соқырдан, көңілі соқыр жаман.

Елдің тұрмысын, тілін, мінезін білмеген кісі көш басын да алып жүре алмайды.

Тіршілік – бәйге: жүйрік алар, шабан қалар.

Еріншек пен езге жол, бәйге, сыбаға, мүше жоқ.

Өз күшіне сенбеген халық та,адам да ешқашан өмір бәйгесін ала алмайды.

Талас-тартыс жоқ болса, өмір абақтыға айналар еді.

Ақылға саңыраулық та – айып.   Жұрт әділ болмай, жұрт ісі оңға баспайды.

Бостандыққа апаратын жалғыз жол – ұлттық ынтымақ қана.

Дереккөз: e-history.kz, inform.kz, massaget.kz




ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Сіздің электронды пошта жарияланбайды. Қатарды міндетті түрде толтырыңыз *