Сенаторлар Аңқаты ауылы тұрғындарымен кездесті

658

Парламент Сенатының депутаттары Ерболат Мұқаев пен Нариман Төреғалиев Батыс Қазақстан облысындағы жұмыс сапары аясында Теректі ауданында болды. Бұл туралы Парламент Сенатының баспасөз қызметі хабарлады.

Депутаттар Аңқаты ауылдық округінде ауыл белсенділерімен кездесу барысында Елбасының «Нұр Отан» партиясының XVIII съезінде айқындаған саясатымыздың басты бағыттары туралы айтып берді және 2018 жылы Сенатта қаралған заң жобалары жайында хабардар етті.

Аңқаты ауылының тұрғындары жергілікті автожолдарды күрделі жөндеу қажеттігін, «Мұғалім мәртебесі туралы» заң жобасы бойынша ұсыныстарды, оның ішінде ауылдық мұғалімдердің жалақысын көтеру және Аңқаты орта мектебін күрделі жөндеу қажеттігі туралы ойларын ортаға салды.

Сенаторлар сондай-ақ Теректі ауданының Шаған ауылында да болды. Ауыл тұрғындары Новая жизнь ауылында Мәдениет үйін салу туралы ұсыныс айтты. 1998 жылға дейін құрметті демалысқа шыққандардың зейнетақы көлемін қайта қарау жөнінде өтініш білдірді. Депутаттар ауыл тұрғындарының өтініштері бойынша көпбалалы отбасыларға көрсетілетін көмек туралы түсіндірді.

Сенаторлар кездесуде айтылған барлық өткір мәселелер назарда болатынын хабардар етті.

 




ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Сіздің электронды пошта жарияланбайды. Қатарды міндетті түрде толтырыңыз *