Индердегі өзекті мәселелер шешілуі тиіс

395

Атырау облысында жұмыс бабындағы сапармен жүрген Парламент Сенатының депутаттары Сәрсенбай Еңсегенов пен Ғұмар Дүйсембаев Индер ауданындағы Индербор кентінде жұртшылықпен кездесті, деп хабарлады  Парламент Сенатының Баспасөз қызметі.

Жұртшылық өкілдері, облыстық және аудандық мәслихат депутаттары, білім беру және денсаулық сақтау мекемелерінің қызметкерлері, қоғамдық ұйымдар мен бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері қатысқан жүздесуде сенаторлар «Нұр Отан» партиясының XVIII съезінде Мемлекет басшысы Н.Назарбаевтың әлеуметтік маңызды бастамаларын жан-жақты түсіндірді. Биылғы жылдың Жастар жылы болып жариялануына орай қолға алынған маңызды шаралар туралы да айтылды. Сенаторлар сондай-ақ көпбалалы табысы аз отбасыларды қолдау, күнкөрістің төменгі деңгейінің шегін көтеру жөніндегі әлеуметтік бастамаларға да тоқталды.

Жиынға қатысқан жергілікті тұрғындар депутаттарға аудандағы өзекті мәселелер мен өздерін толғандырған сауалдарды қойды. Кездесуге облыстық мәслихаттың хатшысы Өмірзақ Зинуллин, аудан әкімі Мейірім Қалауи қатысты.

Депутаттар сапар аясында Бөдене ауылындағы «Теңізшевройл» компаниясының қаржысына салынып жатқан мәдениет үйінің құрылысымен танысты. 2017 жылы пайдалуға берілуі тиіс ғимарат құрылысы баяулап, тоқтауға айналған. Нысанды қарайтын азаматтар өткен жылғы қараша айынан бері еңбекақыларын алмаған.

Сенаторлар қойылған сауалдарға жауап беріп, өзекті мәселелерді назарда ұстайтындарын жеткізді.

 




ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Сіздің электронды пошта жарияланбайды. Қатарды міндетті түрде толтырыңыз *