“Аңызға айналған Абыз”

1204

Алматыда  Әуезов ауданындағы Қазақстан жазушылар кітапханасында №72 жалпы білім беретін мектептің жоғары санатты мұғалімі Ақырыс Муханованың ұйымдастыруымен Әбіш Кекілбаевтың 80 жылдығына орай  “Аңызға айналған Абыз” атты әдеби-танымдық кеш өтті.

Әдеби-танымдық кеш  “Әсем сөзі құс боп шарлап жер-көкті”, “Ұлы сүрлеудің мұрагерлері” деген бөлімнен тұрды. Бірінші бөлімінде  оқушылар Әбіш Кекілбаевтың жастық шағына, өмірі мен шығармашылық жолына тоқталып өтті. Кеш барысында Әбіш Кекілбаевтың  “Әкеме”, “Анама”, “Біздің бала шағымыз” өлеңдері оқылды. Қатысқан әр оқушы Әбіш Кекілбаевтың нақыл сөздерін жатқа білетінін дәлелдеді. Оқушылар заңғар жазушы туралы айтқан зиялылардың ой-пікірлерін де жақсы жеткізе білді. “Ұлы сүрлеудің мұрагерлері” атты бөлімі ерекше ұйымдастырылған.

Ақырыс Сейілханқызының жетекшілігімен жазылған «Әбіш Кекілбаевтың «Шыңырау»повесінде кездесетін көнерген сөздер» тақырыбында жазылған ғылыми жоба жұмысын 9-сынып оқушысы Марал Төребек қорғады.  9-сынып оқушылары Ақниет Күнболатқызы “Әбіш атама”, Құрмашева Аяжан “Әбішке арнау” өлеңдерін оқыды.

Тағы бір ерекшелік Бірінші Республикалық Әбіш Кекілбаев оқуларының жеңімпазы 9-сынып оқушысы Айым Боданова Әбіш Кекілбаевтың шығармалары бойынша “Шыңырау”, “Тасбақаның шөбі” тақырыбында, Қыпшақбаева Дариға  “Аңыздың ақыры” романының желісі бойынша суреттер салған.

Әдеби-танымдық кешке №72 жалпы білім беретін мектептің директоры Гүлзира Сариева , мектеп ұстаздары мен оқушылары, жазушы, этнограф Байахмет Жұмабайұлы, ақын Болат Шарахымбай, Әлем халықтары жазушылар одағының  президенті Қайрат Дүйсенов, ғалым, жазушы Матыхан Молдағали, кинорежиссер Жаңабек Жетіруов, ақын Гүлнар Шәмшиевалар қатысып,  өз пікірлерін білдірді.

Кеш соңында  әдеби-кешті ұйымдастырушы Ақырыс Сейілханқызы отбасы атынан  Жұмабек Мұқановтың “Жүз күндік жалғыздық” кітабын Қазақстан жазушылары кітапхана меңгерушісі Елена Жамелқызына  табыс етті.

Әбіш Кекілбаевтың 80 жылдығына арналған әдеби-танымдық кеш  қатысқан барша оқырманға  ерекше әсер қалдырды.

“Аңызға айналған Абыз” атты әдеби-танымдық кешті ұйымдастырған  Ақырыс Сейілханқызына зор шығармашылық табыстар тілейміз.

 




ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Сіздің электронды пошта жарияланбайды. Қатарды міндетті түрде толтырыңыз *