Қордай асуы: балбалтас сырлары

463

Жамбыл облысына қарасты Қордай ауданының Қордай асуында бірнеше балбалар тастар табылған. «Қордай баба» зиратының шырақшысы Думан Тұрсынғалиұлының айтуынша, мұндай балбал тастар осы төңіректе жетеу болған деседі. Олардың қазір екеуі ғана белгілі болып отыр.

Қалғандары кезінде көктем мен күзгі жер жырту, жол салу кезінде жарылып, топырақ астында қалған. Шырақшының өзі екі балбал тасты асуды аралап жүріп тапқан екен. Ер мен әйел балбал тастарының сыртқы бейнесі анық көрінуі үшін, таң атқанда немесе түнгі ай жарығында көруге болады екен. Сондықтан суретте бейнені толық көрсете алмадық.

Әдетте, балбал тастар ғұрыптық тас қоршауларымен бірге орнатылады. Айтып өткеніміздей, қоршаудың сыртындағы шығыс іргеге өлген адамның бейнесін беретін тас мүсін қойылса, одан әрі шығысқа қарай ондаған, кейде жүздеген балбалдар тізбегі қойылады. Мысалы, Монғолия жеріндегі Білге қағанға орнатылған балбал тастар тізбегі 3 шақырымға созылады; тастардың ұзын саны шамамен 750-ге жуық. «Мұндай тас бағаналар қаза болған батырмен қоштасу рәсіміне, оған ас беру салтанатының елдердің таксономиялық — орналау жүйесі бойынша арнайы келіп қатысқан және бір-бірден балбал тас әкеліп қойған түрлі рулық топтар мен жекелеген адамдардың құрметін көрсететін семантикалық өрісі кең символдар болып табылады. Ә.Х.Марғұланның деректері бойынша, бұндай аса үлкен тізбектер өлген адамның қадір-қасиетінің, беделінің тым зор болғанын білдіреді, көбіне балбалдар тізбегі мұнан әлдеқайда аз болады».(Түркістан халықаралық энциклопедиясы, Алматы, 2000, 173-б.).

Тарихы тереңде жатқан киелі аймақтың бұдан басқа жұмбақ сырлары жетерлік. Ол туралы алдағы фотожазбаларымызда арнайы тоқталатын боламыз.

Суреттерді түсріген: Досжан БАЛАБЕКҰЛЫ

Қордай ауданы, Жамбыл облысы




ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Сіздің электронды пошта жарияланбайды. Қатарды міндетті түрде толтырыңыз *