Бақыт Сұлтанов азық-түлік бағасын бақылауды тапсырды

673

Қала әкімі кей азық-түлік өнімдерінің жоғары бағаларына экономикалық талдау және айқын негіздеуді қамтамасыз етуді және олардың бағасын төмендетуге қатысты нақты ұсыныстар енгізуді тапсырды, деп хабарлайды Астана қаласы әкімдігінің ресми сайтына сілтеме жасап kazgazeta.kz.

Бақыт Сұлтановтың төрағалығымен Астана әкімдігінде кезекті отырыс өтті. Күн тәртібіндегі негізгі мәселе – әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағалары. «Біздің тарапымыздан бағаның өсуіне жол берілмейтін бекітілген азық-түлік  тізімінде тек 19 позиция бар. Оның ішінде көкөністерден тек қана картоп, қырыққабат, сәбіз және пияз бар. Халық үшін қажетті жемістер, қызанақ, қияр және басқа да көкөністер жоқ. Жалпы айтқанда, бұл тауарлардың бағасын ешкім реттемейді», – деді  Астана әкімі. Ол 1 келі қызанақ немесе қияр бағасының 800-ден 1000 теңгеге дейін немесе одан да жоғары тұратынын тілге тиек етті.    «Аз қамтылған отбасылардың ешқайсысы оны сатып ала алмайды», – деді Бақыт Сұлтанов осы орайда7

Қала әкімінің орынбасары Малика Бектұрованың айтуынша, ақпан айында Астанада инфляция қаңтар айының деңгейінде қалған. Ол 100,8% (республика бойынша 7 орын), ал әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарлар индексі өткен аптада 101,2% (республика бойынша – 0,6%) құрады.

«Нұр Отан» партиясының съезінде Мемлекет басшысы халықтың әлеуметтік осал топтарының кірістерін арттыру бойынша тапсырма берген. Осыған байланысты Бақыт Сұлтанов өз орынбасары М. Бектұрова мен Астана қаласының инвестициялар және кәсіпкерлікті дамыту басқармасының басшысы Әлішер Әбдіқадыровқа әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарлары бағасының өсуіне жол бермеуге, тұрақты бақылауды қамтамасыз етуді және олардың маусымдық өсіміне жол бермеу, әсіресе мереке күндері бағаның көтерілуін болдырмауды тапсырды. «Әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының тізіміне кірмейтін азық-түлік өнімдерінің жоғары бағаларына экономикалық талдау және айқын негіздеуді қамтамасыз етіңіз және олардың бағасын төмендетуге қатысты нақты ұсыныстар енгізіңіз», – деді Б. Сұлтанов.




ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Сіздің электронды пошта жарияланбайды. Қатарды міндетті түрде толтырыңыз *