Астанада наурыз мерекесін тойлау басталды

617

Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы Наурыз мейрамын жаңа үлгіде атап өтуді ұсынған болатын,  деп хабарлайды kazgazeta.kz ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап. 

«Заман талабына сай Наурыздың форматын түбегейлі өзгерту қажет. Наурыздың айрықша тәлім-тәрбие, қадір-қасиет беретін түрлері өте ерекше. Сондықтан, Наурыз мейрамына жаңа реңк беру үшін, адамның ұлтына, діни бағыныштылығына қарамастан, адамгершілік құндылықтарға мән бере отырып, Қазақстан халқы түгел қамтылатындай мазмұнын жасау керек» — деп атап өтті.

Министр бұл мерекені балалардың көз қуанышына айналдырып, оқушылардың үшінші тоқсандық демалысын наурыз мерекесіне үйлестіру, Наурыздың атрибуттық белгісі, эмблемасы һәм символикасын бекіту, осы мейрам аясында тал егу, көрісу, т.б құндылықтарды дәріптеу, мерекені заманауи ұлттық киімдермен қарсы алу керектігін алға тартты.

Осыған орай, ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің ұйымдастыруымен «Qazaqconcert» мемлекеттік концерттік ұйымы наурыз мейрамын атап өтудің жаңа форматын ұсынады. 13 наурыз күні сағат 17:00-де «Ұлыстың ұлы күні» іс-шарасы өтеді. «Ұлыстың ұлы күні» жобасы «Хабар» агенттігімен бірлесіп өтеді.

Өнердің озық үлгілерінің халыққа қолжетімдігін қамтамасыз ету мақсатында «Қазақконцерт» мемлекеттік концерттік ұйымы «Ұлыстың ұлы күні» концертінің 400 билетін қайырымдылық мақсатта әлеуметтік деңгейі төмен көпбалалы отбасылар мен мүмкіндігі шектеулі жандарға, сондай-ақ балалар үйінің тәрбиеленушілеріне тарту етпек.

«Ұлыстың ұлы күні» іс-шарасы теңдессіз жоба болғалы тұр. Жоба шеңберінде көрермендер ұлттық салт-дәстүрлер мен спорттық ойындардың, ақындар айтысын, халық әуендеріне құрылған ән шашу мен күй тартыс сынды ұлттық мәдениетіміздің озық үлгілерін тамашалай алады. Бұл күні «Қазақстан» концерт залының үлкен сахнасы мен фойесінің декорациялары ерекше сән-салтанатпен безендірілген киіз үй үлгісінде ұсынылады. Көрермендер Ер Төстік, Алдар көсе, Шықбермес Шығайбай, Тазша бала сынды қазақтың аңыз-ертегілеріндегі кейіпкерлердің жаңа образдары ұсынылатын театрландырылған көріністі көре алады. Сахна төрінде қазақ эстрадасының белгілі әншілері мен топтары өнер көрсетпек. Бұған қоса, концертте «Астана мюзикл» мемлекеттік театры үздік мюзиклдердің үзінділерін ұсынады. «Ұлыстың ұлы күні» концертінде көрермен сүйіп тыңдайтын халық әндері, заманауи сазды әуендер жанды дауыста «Астана сазы» және «Saz&soul» ұжымдарының сүйемелдеуімен орындалмақ. Көрермендерді отандық эстрада жұлдыздарының жаңа образдары, таптырмас шоу және күтпеген дуэттер күтуде.




ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Сіздің электронды пошта жарияланбайды. Қатарды міндетті түрде толтырыңыз *